Құрметті брифингке қатысушылар!
Бүгін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі 2019 жылы жүргізілген көктемгі дала жұмыстары туралы мынадай хабарлама жасайды.
Кәзіргі кезде барлық өңірлер егіс науқанын аяқтады.
Жалпы көктемгі егіс алқабы 19,0 млн. га құрады, оның ішінде дәнді дақылдар 14,5 млн. га, майлы дақылдар – 2,7 млн. га, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 458,3 мың га, мал азықтық дақылдар – 1,2 млн. га, техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) – 144,0 мың га.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары құрылымын әртараптандыру аясында өткен жылмен салыстырғанда жемдік дәнді дақылдар (арпа, сұлы, дәндік жүгері, бұршақ және ноқат), көкөніс-бақша дақылдары, картоп және мал азықтық дақылдар алқаптарының ұлғаюы күтілуде.
2019 жылғы егіс науқанын ойдағыдай өткізу мақсатында Министрлік өңірлермен бірлесе отырып жете дайындық жұмыстарын жүргізді.
Ағымдағы жылғы өнімге егіс науқанын жүргізу үшін 2,5 млн. тоннаға жуық тұқым дайындалды, бұл қажеттіліктің 100%-на сай. Тұқыммен қамтамасыз етуде проблемалар жоқ.
Анықтама ретінде: Тұқым жоспарға 100% көлемінде дайындалған, оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар тұқымы – 1958,1 мың тонна (жоспарға 102%), майлы дақылдар – 71,4 мың тонна (жоспарға 101%), мал азықтық дақылдар – 36,1 мың тонна (жоспарға 97%), картоп – 454 мың тонна (жоспарға 100%).
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы барлығы 471,4 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарлануда, бұл 2018 жылдың деңгейінде. Жыл сайын қолданылатын тыңайтқыштардың көлемі арта түсуде, мысалы егер 2016 жылы енгізілген көлем қажеттіліктің 10%-ын құраған болса, ағымдағы жылы 18% болады.
Анықтама ретінде: 2018 жылы 463,2 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды, оның ішінде отандық – 330,6 мың тонна (немесе 71%), импорттық – 132,6 мың тонна (немесе 29%).
Қазіргі кезде 293,2 мың тоннасы немесе өтінім берілген көлемнің 62%-ы тиеп жөнелтілді.
Анықтама ретінде: ҚҚС қосқанда аммиак селитрасының бағасы тоннасына 78,4 мың теңгені, аммофос – тоннасына 140 мың теңгені құрайды.
Тыңайтқыштардың қалған бөлігі сүрі жерге және күзде сүдігер дайындағанда енгізіледі.
Ағымдағы жылғы егіс науқанына 147 мың трактор, 4 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешені, 79,5 мың бірлік тұқым сепкіш, 249 мың топырақ өңдейтін құралдар қатысты, бұл өткен жылғы ауыл шаруашылығы техникасы паркінен 4 мың бірлік тракторға және 300 себу кешеніне көп.
Техниканың паркін көбейтуде инвестициялық субсидиялау және техниканың лизингі бойынша өтемақы мөлшерлемесін субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдау шаралары елеулі рөл атқарды.
Анықтама ретінде: 2018 жылы 142,6 мың трактор, 3,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешені, 82,5 мың бірлік тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдейтін құралдар қатысты.
Жұмыстың ұзақ уақытқа тұрып қалуына жол бермеу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жөндеу бригадаларын құрды. Сервистік компаниялармен көшпелі сервисті күшейту, сондай-ақ қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толтыру жөнінде тиісті жұмыстар жүргізілді.
Анықтама ретінде: Қабылданған шаралар арқасында (ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға инвестициялық субсидия 25%, ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша төлемақы мөлшерлемесі 10%) республиканың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 2018 жылы 9,5 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды (оның ішінде 2,4 мың трактор, 1,1 мың егін жинайтын комбайн), бұл ретте жаңарту деңгейі 3,5%-ды құрады (2017 жылы – 2%).
Наурыз-маусым кезеңіне егіс жұмыстарын жүргізуге 380,0 мың тонна дизель отыны бөлінді (2018 жылы – 375,0 мың тонна). Кәзіргі уақытта өңірлерге 334,5 мың тонна (88%) тиеп жөнелтілді.
Анықтама ретінде: Энергетика министрлігі мұнай өңдеу зауыттарынан бағаны литріне 160 теңгеден (тоннасына 193,0 мың теңге) бекітті, операторлардың жеткізу шығынын ескергенде өңірлерде орташа 1 литрдің бағасы 176 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 10%-ға арзан (ЖҚБ – литріне195 теңге).
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ағымдағы жылы 60 млрд. теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінген болатын.
Бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жұмысының қорытындысы бойынша 1909 АШТӨ 54,9 млрд. теңге сомасына қаржыландырылды.
Бұдан бетер, ҚазАгро Холдингі тартқан қаражат есебінен 269 АШТӨ 10,1 млрд. теңге сомасына несиелендірілді.
Осының бәрі егіс науқаны толықтай оңтайлы мерзімде өткізуге мүмкіндік берді, осылайша өзге де факторлармен бірге жақсы өнім алу үшін жақсы негіз қаланды.
Ауа райы да қолайлы болды, егіс мерзімдерін созатын жауын-шашын болған жоқ. Енді жауын-шашын керекті мерзімде болады деп үміттенеміз.
Проблемалық мәселелерді Министрлік басшылығы жедел шешіп отырды.
Елбасының өндірісті әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын одан әрі орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесе отырып «Солтүстік соя» бағдарламасын әзірледі.
Бағдарлама ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге солтүстік өңірлерді сояны өндіруге көмек көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған. Қаржылық, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету, білім тарату іс-шаралары және т.б. көзделген.
Ағымдағы жылғы егіс науқаны аясында Солтүстік Қазақстан облысында 14 мың га соя себілді. Шетел селекциясының ерте пісетін суперэлиталық және элиталық тұқымдары пайдаланылды. Өсірілген өнім тұқымдық материал ретінде 150 мың га алқапта пайдаланылатын болады. «Хорш» компаниясының 12 заманауи жоғары дәлдіктегі егіс кешені сатып алынды.
Жалпы «Солтүстік соя» бағдарламасын іске асыру 5 жыл ішінде сояның егістік алқабын 1,5 млн гектарға дейін жеткізуге, түсімділігін гектарына 30 ц дейін көтеруге, жалпы жиынды 3,2 млн. тоннаға дейін жеткізуге, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемелігін қамтамсыз етуге, экспортты ұлғайтуға ықпал жасауға, жұмыс орындары санын арттыруға және тиісінше еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Проблемалық агрохолдингтер жерлерінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізу жөніндегі Үкімет тапсырмаларының орындалуына жеке тоқталып өткім келеді.
Тиісті жұмыстар жүргізілді. Агрохолдингтердің себуге жоспарланған барлық 1,6 млн. га алқабы толық себілді. Жалақы қарыздары бойынша мәселелер шешілді. Адамдар жұмыс істеп жатыр.
Назарларыңызға рахмет, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынмын.