Жуырда Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил Бангкок қаласында өткен Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің жыл сайынғы күзгі кездесулеріне қатысып қайтты. Вице-министр халықаралық қаржы институттарының басшыларымен, жетекші әлемдік рейтингтік агенттіктердің және ірі инвестициялық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Оның барысында Қазақстанның қаржы-экономикалық дамуы, инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жолдары және халықаралық қаржы нарығындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Айталық, Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен болған кездесуде Дәурен Маратұлы ұйымның еліміздегі экономикалық реформаларды қолдап, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен орнықты дамуға бағытталған қолдауы маңызды екенін жеткізді. Тараптар Қазақстанға техникалық көмек көрсетуден бөлек, тұтастай екіжақты әріптестікті нығайтудың перспективасын пысықтап өтті. Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен өткен кездесуде 2026-2030 жылдарға арналған жаңа Елдік әріптестік стратегиясы аясында Қазақстан Үкіметінің алдағы бес жылға арналған басымдықтары жөнінде, бірлескен перспективалы жобаларды іске асыру барысы, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасу саласында ынтымақтастықты арттыру жайлы айтылды. Ал Euroclear компаниясының басшылығымен қаржы саласындағы байланысты тереңдету, оның ішінде еліміздің қаржы құралдарын халықаралық нарыққа интеграциялау және мемлекеттік бағалы қағаздарды клирингтеу үдерісіне қатысты мәселелер қаралды. Сонымен қатар ірі халықаралық инвестициялық қорлар мен қаржы институттары өкілдерінің қатысуымен өткен Citi's Investment Roundtable инвестициялық дөңгелек үстелі аясында Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктері жөнінде тарқатылды. Өз кезегінде Қаржы министрінің орынбасары еліміздің халықаралық қаржы институттарымен және инвесторлармен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты. Бұл орайда инвестициялық қатынасты күшейту мен ұлттық экономикалық басымдықтарды ілгерілету жөніндегі жұмыс жалғастырылатынын айта кетейік.
ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың төрағалығымен кәсіби аудиторлар қауымдастық өкілдерімен кездесу өтті. Аталған басқосуға ҚР Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева қатысты.
Оның барысында министрлікке қарасты «Қаржылық есеп депозитарийі» ақпарат жүйесіндегі аудиторлық есептерді қалыптастыру мәселелері қаралды. Биыл 12 шілдеден бастап «Аудиторлық қызмет туралы» Заңда (2026 жылғы 9 қаңтардағы № 256-VIII Заңға сәйкес енгізілген) қарастырылған өзгерістер күшіне енген болатын. Аудиторларға Қаржылық есепт депозитарийінде электронды аудиторлық есепті қалыптастыруға және тіркеуге мүмкіндік берілді. Ал жазбаша түрде жасалған есеп дайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде депозитарийде тіркелуге тиіс.
Бұл ретте тиісті есеп тікелей Қаржылық есеп депозитарийінде қалыптастырылған кезде оның қағаз түріндегі данасы кейіннен сканерлеп, электронды есеп ретінде жеке тіркеуге талап етілмейтінін атап өткен жөн. Осы арқылы құжатты рәсімдеу мен ұсыну кезіндегі операциялардың саны азаяды. Десе де есепті жазбаша түрде жасау мүмкіндігі сақталады.
Цифрландыру аудиторлық есептердің дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз етуге, деректерді жүйелеуге және сенімсіз мәліметтерді ұсынуға байланысты, оның ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысу кезіндегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Бұдан бөлек кездесуде ҚЕД жұмыс істеу мен ақпарат құпиялығын қамтамасыз етудің практикалық мәселелері қаралды. Тараптар пікір алысып, одан әрі пысықтауды талап ететін мәселелерді анықтады.
Ведомство кәсіби ортамен бірлесіп, аудиторлық қызметті реттеу мен цифрландыруды жетілдіруге бағытталған жұмысты жалғастыратын болады.
ҚР Құрылтайының жалпы отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды. Аталған құжат 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізінде дайындалып, онда бюджеттік және макроэкономикалық сын-қатер ескерілген.
«Басты мақсат – экономикалық өсімді ынталандыру, қаржы жүйесіндегі тәртіп пен мемлекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемені күмәнсіз орындау арасындағы балансты сақтау. Бұл бюджеттің басты назарында адам және адамға бағдарланған инвестиция», деді Мәди Төкешұлы.
2027 жылы республикалық бюджеттің кірісі 25,4 трлн теңге мөлшерінде, ал шығыстар 30,2 трлн теңге межесінде болжанып отыр. Тапшылық – 4,6 трлн теңге немесе ІЖӨ шаққанда 2,3% болмақ. 2029 жылға қарай меншікті кірісті 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған.
Келесі жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы көлемінің 35% бөлу қарастырылған. Оның 6,9 трлн теңгесі әлеуметтік көмек пен қамсыздандыруға, 2,5 трлн теңгесі денсаулық сақтау саласына жұмсалады. Бұл қаржыландыру аясында тегін кепілдендірілген медициналық көмектің көлемі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық сақтандыру қамтылып отыр.
Білім беру мен ғылым саласында 18 мың баланы сауықтыру және оңалту, 76 мың педагогтың біліктілігін арттыру, «Келешек мектептері» жобасына сәйкес 217 мектепте білім беру әдіснамасын жетілдіру, сондай-ақ студенттер, магистранттар мен докторанттарды 25 мыңға жуық жатақхана орнымен қамту көзделген. Ғылыми жобалардың жаңа пулына 60,4 млрд теңге қарастырылған.
Өңірлерді қолдауға жыл сайын 7,4 трлн теңге немесе бюджеттің 24,8% бағыттау жоспарланып отыр. Жалпы сипаттағы трансферттер 12 базалық бағыт бойынша Өңірлік стандарттар жүйесімен байланыстырылған. Мұндай тәсіл халыққа қажетті әлеуметтік және коммуналды инфрақұрылымға қаражат бөлуді көздеп, жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді шешуге байланысты өңірлердің қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
2027 жылы нақты секторды дамытуға 3,7 трлн теңге бағытталады. Бұл 2026 жылғы арналған жоспардан 600 млрд теңгеге көп. Аталған сома көлік инфрақұрылымына, агроөнеркәсіптік кешенге, өнеркәсіп пен құрылысқа, сондай-ақ кәсіпкерлік пен цифрлы дамуға жұмсалады.
Экономиканың дамуын ынталандыратын шығыстардың жалпы көлемі – 7,5 трлн теңге. Ұлттық қор есебінен үшжылдық кезеңде көлік және логистика, әлеуметтік инфрақұрылым, энергетика және су ресурстары салаларында 347 стратегиялық жоба іске асырылатын болады. Бұл шамамен 31 мың жұмыс орнын ашып, 13 млн адамға инфрақұрылымдық игіліктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Заң жобасы Құрылтайдың жұмыс топтары мен комитеттерінің отырыстарында талқыланып жатыр.
ҚР ҚМ Апелляция департаменті мен Мемлекеттік кірістер комитеті салық саласындағы тексеру жұмыстарының сапасына байланысты бірлескен кеңес өткізді. Онлайн форматта өткен талқылауға МКК-нің аумақтық департаменттер қатысты.
Алқалы басқосу Жәнібек Нұржанов пен Сейілжан Ахметовтің төрағалығымен өтті. Апелляциядепартаментінің директоры Серік Айсин шекті межеден асып кеткен ҚҚС қайтаруға байланысты салық тексерісі кезіндегі негізгі бұзушылықтар жөнінде айтып берді.Бұған қоса сенімсіз қызмет ұсынушылармен (жеткізушілермен) болатын өзара есеп айырысуға қатысты тексеру сапасына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ апелляциялық комиссия отырыстарының қорытындысына сәйкес салық тексерістерінің нәтижелері жойылатыны жөнінде де айтылды. Бұған «Пирамида» тәсілі бойынша жасалған сапасыз есеп пен қайтарылуы тиіс ҚҚС сомасының есебіндегі кемшіліктер, қарсы тексерулерді жүргізуге байланысты сұраныстың дер кезінде жіберілмегені, сондай-ақ экспорт операцияларын растайтын құжаттардың еленбей қалғаны, тауарларды қадағалау тізбегіне жасалған сапасыз талдау мен жұмыстар немесе қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылмағаны әсер еткен.
Бұдан бөлек биылғы 9 айдағы салық және кеден дауларын қарауға қатысты апелляциялық комиссия жұмысының нәтижелері айтылып, соған сәйкес салық төлеушілер мен СЭҚ қатысушыларынан келіп түскен 323 шағымының 194-і қаралған
Шағымдарды қарау қорытындысы бойынша бизнестің пайдасына 57 тексерістің нәтижелері толықтайнемесе ішінара жойылды.
Бұл орайда салық және кеден саласындағы тексеру жұмыстарының сапасы министрліктің тұрақты бақылауында екенін айта кетейік
Биылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес (трансферттерді есепке алмағанда) мемлекеттік бюджеттің кірістері 20,2 трлн теңгеге немесе жоспар бойынша 98,5% жетті. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда табыс 16,3% немесе 2,8 трлн теңгеге артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев айтып берді.
«Есепті кезеңде мемлекет тарапынан әлеуметтік міндеттемелердің қаржыландырылуы орындалды. Республикалық бюджеттің кірісі жоспарланған көрсеткіштерге жетеғабыл», деді Мәди Төкешұлы.
Айталық, республикалық бюджеттің кірісі 2,7 трлн теңгеге немесе 26% артты. Бұл өсім экспорт тауарларының әлемдік бағасымен, сауда айналымдарының ұлғаюымен және салық мөлшерлемелерінің өзгеруімен байланысты. Жыл соңына дейін салық базасын кеңейтіп, басқару сапасын арттыруға баса мән беріледі.
Мемлекеттік бюджет шығыстары 98% орындалып, қаржыландыру көлемі 26,2 трлн теңгеге жетті. Республикалық бюджеттің шығыстары 99,6% орындалғанын ескерсек, оның көлемі 19,6 трлн теңге болды. Зейнетақы мен жәрдемақыға 5,3 трлн теңге бөлініп, өңірлерді қолдауға 4,4 трлн теңге және нақты секторды қолдауға 2 трлн теңге бағытталды.
Жергілікті бюджеттердің кірісі 6,9 трлн теңгеге немесе жоспарға сәйкес 96,1% ұлғайды. Түспеген соманың мөлшері – 278,3 млрд теңге. Жоспар 9 өңірде орындалған жоқ: Атырау, Павлодар және Маңғыстау облыстары қалыс қалған. Жергілікті бюджеттің шығыстары 96,3% атқарылып, 458,4 млрд теңге орындалмаған. Министр жыл соңына дейін бюджеттің уақтылы және сапалы атқарылуы үшін тиісті шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
Есепті кезеңде бизнеске 811,5 млрд теңге ҚҚС қайтарылды. Кедендік төлемдер 3,9 трлн теңгеге артып, 706 млрд теңгеге ұлғайды. Шекаралық инфрақұрылымды дамыту және кеден қызметіндегі рәсімдерді жеңілдету бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Арнаулы мемлекеттік қор есебінен жалпы құны 617,7 млрд теңгеге 501 жоба іске асырлып келеді. 351 нысан аяқталды. Инфрақұрылымдық даму қоры есебінен жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 жобаға (оның ішінде денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және көлік салаларына арналған) тиісті қаражат бөлінді. Ведомство басшысы құрылысты аяқтап, аталған нысандарды іске қосуға дайындау қажет екенін жеткізді.
Әлеуметтік саланы цифрландыру орынсыз төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мониторинг пен антифрод-бақылаудың арқасында 9 айда 23,4 млрд теңгеге қаржылық шығындардың алдын алды. Qalqan платформасында медициналық қызметтердің 57 түріне байланысты төлем жасау функционалы жолға қойылды. Білім беру ісін қаржыландырудың цифрлы жүйесіне 6 634 мектеп қосылды. Көшірме мәліметтер мен жалған есепті анықтауға бағытталған контингентті салыстыру жұмысы 34 млрд теңге үнемдеуге септесті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілгеннен кейінгі бірінші кезектегі міндеті қаржылық шығындарға жол бермеу мен қаражаттың мақсатты пайдалануын қамтамасыз ету болды. Азаматтарды емдеуге жұмсалатын қаражат медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің негізділігі мен нақты көрсетілуіне сәйкес жетуі тиіс.
Жүргізілген жұмыстың 9 айдағы нәтижесі бойынша қаражаттың жылыстауына әкеп соғатын арналар анықталып, жолы кесілді, 23,4 млрд теңге көлемінде қаржылық шығынның алды алынды. Қозғалған қылмыстық істер аясында өнім берушілерге заңсыз төленген 7,9 млрд теңгеден астам қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жасанды интеллект негізіндегі антифрод жүйесін қоса алғанда, жаңа құралдарды қолдану заңбұзушылық белгілерін ақша аударылғанға дейін анықтауға және негізсіз төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Үнемделген және қайтарылған қаражат медициналық көмекті төлеуге бағытталды. Қаржы министрлігі үшін бақылау нәтижесінің клиникалардың жұмысындағы нақты өзгерістерден және емделудің қолжетімділігінен көрініс табуы маңызды.
Алғашқы өзгерістер қазірдің өзінде байқалып, медициналық ұйымдарға бағытталатын қаржы ағыны ұлғайды.
Атап айтқанда, медициналық ұйымдарды қаржыландыру лимиттері ұлғайып, ауруханаларға медициналық көмек нақты көрсетілгеннен кейін медициналық қызметтерге ақы төлеу мүмкіндігі берілді. Медициналық ұйымдарға көмек көлемін сызықтық шкаланы қолдану арқылы шектеу тәжірибесінен кезең-кезеңімен бас тарту жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл халыққа жоспарлы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтіп, ауруханалардың кредиторлық берешегін азайтуға ықпал етеді.
Қор берешектің жалпы сомасын тіркеуден әрбір проблемалық клиника бойынша оның туындау себептерін талдауға көшті.
Жалпы, ел бойынша мерзімі өткен кредиторлық берешегі бар 68 медициналық ұйым анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қаржылық сауықтырудың нақты жоспарлары әзірленді.
Осылайша, кіріс бөлігін ұлғайту және қанағаттандырылмаған қажеттілік расталған жағдайларда оның көлемін түзету есебінен 2026 жылдың соңына қарай мерзімі өткен кредиторлық берешек көлемін 17 млрд теңгеден 10 млрд теңгеге дейін төмендету болжанып отыр.
Бұл нәтижелер тұрақтанған сайын пациенттер оның нақты әсерін медициналық көмек алу кезегінің қысқаруы және қажетті емді уақтылы алу мүмкіндігінің артуы арқылы сезінуі тиіс.
Жалпы, Мемлекет басшысы қойған бірінші кезеңнің міндеттері орындалды. Қаражаттың жұмсалуына бақылау күшейтіліп, анықталған қаражаттың жылыстау арналарының жолы кесілді, босатылған қаржы мақсатты бағытқа жұмсалды. Заңбұзушылықтардың алдын алу және қаражатты қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Келесі кезеңде қаржыландыру тәсілдерін өзгерту көзделіп отыр. Ол үшін сақтандыру тетіктерін жүйелі түрде енгізу қажет. Атап айтқанда, емдеу мен міндеттемелердің құнын болжау мен бағалау, осы міндеттемелердің қаржылық қамтылуын жоспарлау, резерв қалыптастыру, сондай-ақ жағдайдың күрделілігі мен емдеу нәтижесін ескеретін ақы төлеу тәсілдерін қолдану қажет. Мұндай тәсіл қолда бар ресурстарды дәлірек бөлуге және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Медициналық көмекті ұйымдастыру және оған ақы төлеу пациенттің мүддесіне бағдарлануы тиіс: уақтылы диагностикадан бастап емдеу, оңалту және кейінгі бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамту қажет. Қаржыландыру осы жолдың толық өтуін қамтамасыз етуі, ал ақы төлеу тетіктері медициналық ұйымдар арасындағы сабақтастықты, уақтылы емдеуді және асқынулардың алдын алуды қолдауы тиіс.
Қаржы министрлігінің келесі кезеңдегі міндеті – пациент қажеттілігі, сақтандыру міндеттемелері мен олардың қаржылық қамтамасыз етілуі арасындағы осы байланысты нығайту. Алдағы өзгерістердің нәтижесі қажетті медициналық көмектің қолжетімділігі мен оны қаржыландырудың тұрақтылығы бойынша бағаланатын болады.
ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің кеңейтілген отырысында биылғы 9 айдағы жұмыс қорытындысы шығарылып, қаржы саласындағы тәртіпті нығайту жөніндегі басым міндеттер айқындалды.
Алқалы отырыс ҚР Қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил мен ІМАК төрағасы Ержан Мыңжасаровтың төрағалығымен өтті. Жиынға құрылымдық бөлімшелер мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты.
Есепті кезеңде 829 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, олардың нәтижесінде 612,9 млрд теңге сомасына қаржылық кемшілік анықталды. Тиісінше 466,2 млрд теңге өтеліп, қалпына келтірілді.
Сондай-ақ аумақтық департаменттердің жұмыс нәтижелері мен бюджет қаражатының тиімді пайдалану мүмкіндігін арттыру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы жүйесінде қатаң тәртіпті сақтап, тиімсіз мемлекеттік шығыстарды қысқарту үшін бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізу қажеттігін атап өткен еді.
Өз кезегінде Даурен Маратұлы бюджет қаражатына бақылауды күшейтіп, аудиторлық тексеру жұмыстарының сапасын арттырып, анықталған сын-қатерге уақтылы әрекет етуді тапсырды.
Алдағы жұмыстың басым бағыттары ретінде мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру, бұзушылықтардың алдын алуды күшейту және тәуекелі жоғары салаларда бюджет қаражатының пайдаланылуын қадағалау айқындалды.
Қаржы министрлігі кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, мемлекеттік қаржы жүйесінің ашықтығын нығайтып келеді.
ҚР Қаржы министрлігі бизнестің жұмысын жеңілдету, бюджеттің ашықтығын арттыру және жүйелік кемшіліктердің алдын алу үшін цифрлы құралдарды енгізуді мықтап қолға алды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов айтып берді. Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ) ескірген жеті жүйені алмастырып, жаңа Салық кодексіне бейімделді. Айталық, декларацияларды алдын ала толтыру енгізілді және ҚҚС бойынша айналымды есептеу автоматтандырылды. Жыл басынан бері 7,9 млн салық есебі қабылданып, мемлекеттік органдармен және банктермен 75 интеграция жасалды. Ал Smart Data Finance 80 көзден алынған деректерді біріктірді. Камералды бақылау қорытындысы бойынша 322 млрд теңге салық жинақталды. Бұған қоса ЖИ тексерулер жүргізілмес бұрын тәуекелдерді анықтауға көмектесіп келеді. Оларды цифрлы сервистердің көмегімен анықтау кәсіпкерлерге бұзушылықтарды алдын ала жоюға мүмкіндік береді.
Тауарлардың ұлттық каталогында шамамен 33,5 млн тауар позициясы қамтылған. Оның негізінде құрылған Баға деректер базасы бюджеттік жоспарлауда қолданылып жүр. Тиісті бағалау бойынша 2024 жылғы деректер негізінде болжамды үнемдеу жылына - 200 млрд теңге.
Бұдан бөлек KEDEN жүйесі электронды кедендік декларациялауды және «бір терезе» қағидатына сәйкес құжаттарды тапсыруды қамтамасыз етсе, Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті министрліктің сервистеріне қолжетімділікті, хабарламалар мен техникалық қолдауды біріктіреді. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін цифрлы теңгені енгізу қолға алынды.
Мәселен, айналымға шамамен 339 млрд цифрлы теңге шығарылып, 20-дан астам қанатқақты жоба жолға қойылды. Digital Qazyna порталы арқылы мемлекеттік ұйымдар арасында құны 433 млрд теңгеден асатын 56 мыңнан астам нысан берілді. Бұл мемлекеттік органдардың қажеттіліктерін қолда бар мүлік есебінен қамтамасыз етуге жол ашты.
Сонымен қатар бұзушылықтардың алдын алу үшін Smart Audit Qazaqstan платформасы құрылып жатыр. Жыл соңына дейін оның іргесін қалыптастырып, тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу жоспарланған. Биыл бюджеттік жалақы төлемдерінің онлайн-мониторингін қамту 140% ұлғайды. «Бұл деректер негізінде мемлекеттік қаржыны басқарып, превентивті бақылауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және бюджеттің әр теңгесінен түсетін кірісті арттыруға көшуді айғақтайды», деді Әсет Нұрланұлы.
ҚР Қаржы министрлігі кірісті қалыптастыру, бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу және қазынашылық орындау процестерін бірыңғай цифрлы контурға біріктіруді көздейтін мемлекеттік қаржы жүйесінің цифрлы трансформациясын жалғастырып келеді.
Қазір цифрландырудың нәтижесінде айтарлықтай экономикалық серпін байқалып отыр. Мәселен, бюджетке қосымша 410 млрд теңге түсіп, сондай-ақ бюджетті жоспарлау кезінде фискалды деректерді қолдану жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал 2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде шамамен 1,5 трлн теңгеге дейін орынсыз шығыстардың алдын алынды.
Бұған қоса платформалық жұмыспен қамтуды дамыту жалғасып жатыр. Арнайы салық режіміне 38 цифрлы платформа қосылып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 804,8 мың адамға жетті. 600 мыңнан астам азамат ресми экономикалық айналымға жұмылдырылды.
Сонымен бірге салық есебі мен есептеулерді автоматтандыруды көздейтін «сервис түріндегі салық» қағидасы іске асырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – «батырманы бір-ақ басу» негізіндегі есеп форматына көшу.
ЖИ қолданыс аясын кеңейтуге ерекше мән берілген. Айталық, қосымша 672 тәуекел айқындалып, бұл бақылаудың дәлдігін арттырып, кәсібін адал түрде жүргізетін жандарға әкімшілік жүктемені азайтуға жол ашады.
2029 жылға қарай ШОБ салық міндеттемелерінің кемінде 80% ЖИ көмегімен алдын ала толтыруды жолға қойып, салықты уақтылы әрі адал төлейтін азаматтарды тексеруді 50% азайту жоспарланған.
Бұл ретте цифрлы трансформация мемлекеттік қаржы саласын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін нығайтып, әкімшілік жүктемені азайтуға, сондай-ақ бизнес пен азаматтарға арналған озық сервистерді дамытуға бағытталғанын айта кетейік.
Мемлекеттік саясат кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін жайлы жағдайлар жасауға, әкімшілік жүктемені азайтуға және бизнесті жүргізудің түсінікті ережелерін бірізді түрде қалыптастыруға бағытталған.
Салық заңнамасын жетілдіру бұл бағытта қолға алынған жұмыстардың бірі. Биыл қаңтар бастап жаңа Салық кодексі күшіне еніп, бұған сәйкес арнайы салық режімдері оңтайландырылған болатын. Оның ішінде жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режімі ең сұранысқа ие тетіктердің біріне айналды. Айталық, бұл тәртіпті қолданудың алғашқы нәтижелері кәсіпкерлердің қызметіндегі оң динамиканы байқатып отыр.
Атап айтсақ, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына сәйкес осы режімді қолданған бизнестің табысы 9,4 трлн теңгеге ұлғайған. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 18,9%, яғни 7,9 трлн теңгеге артып отыр.
Осы режімге сәйкес қызмет ететін кәсіпкерлердің жұмыспен қамту көрсеткіштері де оң серпінді көрсетіп отыр. Жалдамалы қызметкерлер саны 14,2%, яғни 445 мыңнан 509 мың адамға дейін өскен. Сәйкесінше еңбекақы қоры да 7,2% ұлғайған.
Жалдамалы жұмыскерлері жоқ бизнес субъектілері 30,5% азайған. Декларацияларда табысын нөлден бес млн теңгеге дейін көрсеткен кәсіпкерлердің үлесі үштен бірге төмендеді. Бұл деректер жаңартылған режім шеңберіндегі алғашқы есептіліктің қорытындысы бойынша алынды. Тамыз айында кәсіпкерлер алғаш рет биылғы бірінші жартыжылдыққа арналған декларацияны тапсырды.
Осы ретте жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режімін жылдық табысы 600 мың АЕК болатын Салық кодексінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қолдана алатынын айта кетейік.
Жеке немесе корпоративті табыс салығының мөлшерлемесі – 4%. Бұл орайда жергілікті өкілді органдар оның мөлшерін заңнамада белгіленген шекті деңгейде азайтуға немесе ұлғайтуға құқылы. Салық және есепті кезең жартыжылдық болып саналады.
Осы режімді қолданатын кәсіпкерлер (импортталатын тауарларға арналған ҚҚС және бейрезиденттерге байланысты ҚҚС есепке алмағанда) әлеуметтік салық пен ҚҚС төлеушілері болып саналмайды.
Алғашқы нәтижелер бизнес пен жұмыспен қамтудың декларацияланатын кірістердің өсімін көрсетіп отыр. Сонымен бірге жалдамалы жұмыскерлері жоқ кәсіпкерлер мен ең төменгі кірісті декларациялайтын субъектілер азайған.
Алынған мәліметтер АСР-дегі өзгерістің алғашқы оң нәтижелері туралы айтуға толық мүмкіндік беріп отыр. Олардың әрмен қарай нәтижелері кейінгі есепті кезеңдердегі деректердің жинақталуына қарай бағаланатын болады.