
ҚР Қаржы министрлігінің өкілдері PEMPAL (Мемлекеттік қаржыны басқаруда өзара зерттеу және тәжірибе алмасу бойынша қауымдастық) пленарлық отырысына қатысты. ҚР ҚМ делегациясын ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаев басқарды.
PEMPAL-дың халықаралық оқыту бағдарламасы Орталық Азия және Еуропа елдерінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ оқу семинарларын өткізу және өңірлердің Мемлекеттік қаржыны басқару жүйелеріне салыстырмалы талдау жүргізу арқылы жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Отырыс мемлекеттік қаржыны басқарудың (МҚБ) келешегі тақырыбына арналды және оның барысында жаңа тенденциялар мен құралдар жинағы зерделенді.
Іс-шара аясында ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаев "Қазақстанның қазынашылық жүйесін дамытудың рөлі мен эволюциясы" тақырыбна баяндама жасады. Ол елдің қазынашылық жүйесінің қалыптасуының негізгі кезеңдерін, қол жеткізілген нәтижелерді, сондай-ақ оны одан әрі жетілдіру жоспарларын егжей-тегжейлі атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі көптеген PEMPAL тәжірибелерін енгізуде. Бұл бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттырады, нәтижесінде елдегі өмір стандарттарына әсер етеді және ҚР ұзақ мерзімді экономикалық дамуы мен өркендеуін қамтамасыз етеді.
Пленарлық отырыс бағдарламасының тағы бір тармағы - іс-шара барысында PEMPAL-дың 2026-2030 жылдарға арналған стратегиясының жобасы ұсынылды және PEMPAL-ға кіретін үш (бюджеттік қоғамдастық, ішкі аудит қауымдастығы және қазынашылық қоғамдастық) қауымдастықтың мүшелері арасында бейресми қарым-қатынас жасау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Қазақстанның осындай кездесулерге қатысуы мемлекеттік қаржы жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға ықпал етеді.
Анықтама: "Мемлекеттік қаржыны басқарудағы өзара оқыту және тәжірибе алмасу" (PEMPAL) желісі Еуропа мен Орталық Азия өңірінің 21 елінен мемлекеттік қаржыға жауапты лауазымды тұлғалардың өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын қамтамасыз етеді. Бастапқыда 2006 жылы Дүниежүзілік банк пен Ұлыбританияның халықаралық даму департаменті құрған бастама мемлекеттерге бюджеттік ресурстарды тиімді және ашық жұмсауға көмектеседі. Осыған байланысты іс-шараға қатысушылардың шығындарын PEMPAL хатшылығы қаржыландырады.