
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті әріптестер!
Сіздердің қарауларыңызға «2021 - 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ұсынылып отыр.
Заң жобасы экономикалық өсудің баяулауы және әлемдік тауар нарықтарында қолайсыз конъюнктура жағдайларында ел экономикасының 2025 жылға дейінгі даму болжамы негізінде әзірленді.
Бюджет жобасын қалыптастыру кезінде басым міндеттер:
- мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету;
- мемлекеттік инвестициялардың қолайлы деңгейін сақтау болып табылады.
2021 жылға арналған түсімдер 11,4 трлн. теңге деңгейінде болжанып отыр.
Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) 2021 жылы 6,9 трлн. теңгені, 2022 жылы – 8,6 трлн. теңгені, 2023 жылы – 9,2 трлн. теңгені құрайды.
Ұлғаю негізінен корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша күтілуде.
Бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4%-інен 2023 жылы кезең-кезеңмен жалпы ішкі өнімнің 2,1%-іне дейін төмендеуімен жоспарланған.
Шығыстар 2021 жылы 14 трлн. теңгені құрайды.
Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 13,1 трлн. теңге деңгейінде анықталды
Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 900 млрд. теңге сомасында жоспарланып отыр
Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50,4%-ті құрайды.
Осылай, әлеуметтік салаға 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 454 млрд. теңгеге өсіммен 7 трлн. теңге жоспарланды.
Жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша
265 млрд. теңге көзделді.
Сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көтеру жолымен олардың мәртебесін арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық іс-шаралар жоспарланған.
Экономика нақты секторының дамуын қолдауға
2021 жылға 1,7 трлн. теңге көзделді.
Осы қаражат шеңберінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, индустриялық-инновациялық даму мен «Бизнестің жол картасы – 2025» және тағы басқа бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады.
2021 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн. теңге бөлінетін болады, бұл жалпы бюджет шығыстарының шамамен 27%-ін құрайды.
Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттері - 1,4 трлн. теңге, даму трансферттері түрінде 405 млрд. теңге көзделді.
Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесе отырып, Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге дайындалатын болады.