ҚР Үкіметінің отырысына Қаржы министрі Е.К.Жамаубаевтың баяндамасы

ҚР Үкіметінің отырысына  Қаржы министрі Е.К.Жамаубаевтың баяндамасы

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Құрметті әріптестер!

 

Қаржы министрлігі реттелетін мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамтуды дамыту бойынша кешенді шаралар қабылдауда.

 

Бірінші. Мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес, Үкімет ұлттық режимнен оның ішінде отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін алып қоюларды белгілей алады.

Ішкі нарықты қорғау мақсатында жергілікті қамтуды дамыту саласындағы уәкілетті орган автомобильдерге, трансформаторларға және кабель өнімдеріне алып қою белгіледі

Екінші. Техникалық ерекшеліктерді әзірлеу кезінде тапсырыс берушілер сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің ұлттық стандарттарын, ал олар болмаған жағдайда мемлекетаралық стандарттарын көрсетуге міндетті.

Үшінші. Жиһаз өнімдерін және жеңіл өнеркәсіп тауарларын мемлекеттік сатып алу біліктілік алдындағы іріктеу арқылы отандық тауар өндірушілер арасында ғана жүргізіледі, мұнда өнім берушіні таңдаудың негізгі өлшемшарты Индустриялық сертификаттың болуы болып табылады.

 

Төртінші. Құрылыс және жобалаудағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгі шарттарға сәйкес өнім беруші Қазақстанда өндірілген құрылыс материалдарын пайдалануға міндетті.

Мемлекеттік сатып алудағы ең көп үлесті, шамамен 80%-ті құрылыс саласы құрайтынын ескере отырып, көрсетілген шараны сапалы іске асыру осы саладағы жергілікті қамтуды дамытуда айтарлықтай әсер береді.

Бесінші. Жиһаз бен жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алу кезінде өнім берушілерде индустриялық сертификаттың болуы және жергілікті құрылыс материалдарын пайдалануы бойынша осындай шаралар квазимемлекеттік секторлардың сатып алуында қабылданды.

 

Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібіне қатысты.

Арнайы тәртіп арқылы қазақстандық тауар өндірушіге айтарлықтай қолдау көрсетілді.

Осылайша, арнайы тәртіпті енгізумен тауарларды мемлекеттік сатып алу бірінші кезеңде жеңілдетілген түрде және отандық тауар өндірушілер арасында ғана жүзеге асырылады.

Өтінімдер болмаған жағдайда ғана мұндай тауарларды сатып алу қалған өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.

Қазақстандық өндірушілер мен олар өндіретін тауарлардың тізбесі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтері негізінде Мемлекеттік сатып алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда айқындалады.

Бүгінгі таңда Арнайы тәртіп арқылы отандық тауар өндірушілерден 62 млрд. теңгеден астам сомаға тауарлар сатып алынды.

 

Арнайы тәртіп коронавирусқа қарсы күрес шеңберінде
117 млрд. теңгеге жедел сатып алуды жүргізуге мүмкіндік берді Сондай-ақ, Арнайы тәртіп шеңберінде дағдарысқа қарсы шаралар қабылданды, жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 955 млрд. теңгеге жұмыстар, сондай-ақ маусымдық жұмыстар жедел сатып алынды.

Арнайы тәртіптің тиімділігін ескере отырып, оның қолданылуы 2020 жылғы 1 қазанға дейін ұзартылады

Бұдан кейінгі шаралар бойынша.

Мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде жергілікті қамтуды дамытуға ықпал ететін нормалар ұсынылады.

Осылайша, негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл өнім берушіні таңдаудың орташа ұзақтығы 1,5 ай болғанда, оны 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Негіздемелік келісімдердің ұзақ мерзімділігін ескере отырып, бұл тәсіл жиі сатып алынатын тауарлардың импортын алмастыруды жүзеге асыруға және қазақстандық тауар өндірушілерге өнімдерінің кепілді сатылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Электрондық дүкен» арқылы сатып алудың тағы бір жаңа тәсілі енгізіледі. Ол маңыздылығы төмен тауарларды сатып алу кезінде бір көзден алудың орнына  пайдаланылатын болады.

Осылайша, бәсекелестік орта кеңейеді, бұл қазақстандық бизнестің, оның ішінде отандық өндірушілердің дамуына әсер етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заң жобасы мемлекеттік сатып алуға саяси қызметшілердің қатысуын болдырмайды.

Ол үшін қазірдің өзінде мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.

Жаппай орталықтандыруды енгізумен ұйымдастырушылардың саны айтарлықтай төмендейді Әкімшілендіру жеңіл болады. Бұл мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамтуды тиімді реттеуге мүмкіндік береді.