
Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
2019 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы қалыпты экономикалық өсу жағдайында жүзеге асырылды.
Жалпы Ішкі Өнімнің өсу қарқыны 4,5%-ті құрады.
Негізгі салаларда өндірістің ұлғаюы, ішкі сұраныстың кеңеюі және қызмет көрсету секторларының дамуы, Жалпы Ішкі Өнімдегі шағын және орта бизнес үлесінің ұлғаюы, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру экономиканың өсуінің негізгі факторлары болды.
2019 жылы негізгі капиталға инвестициялардың көлемі 8,5%-ке өсті.
Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі ауыл шаруашылығында – 41,1%, өнеркәсіпте - 15%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 14,7%-ке байқалды.
Үкімет жұмысының басымдықтары болып жұмыспен қамтамасыз ету, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау жөніндегі шараларды кеңейту және күшейту табылды.
Бұдан басқа, есепті жылы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау барысында халықтың әлеуметтік-осал топтарының екінші деңгейлі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы 716 мың кепілсіз тұтыну қарыздары өтелді.
Негізгі борышты төлеу шартымен өсімақылар мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылықты 56 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі мен 750 мыңнан астам жеке тұлға пайдаланды.
Осындай экономикалық ахуалда республикалық бюджеттің атқарылуы келесі көрсеткіштермен сипатталады.
Республикалық бюджетке түсетін түсімдер 100,4% атқарыла отырып, 10,6 трлн. теңгені құрады.
Шығыстар 99,9%-ке игеріліп, 12 трлн. теңгені құрады.
Әлеуметтік шығыстар 2018 жылмен салыстырғанда
22%-ке ұлғайып, 5,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 43%.
Бюджет тапшылығы 1,3 трлн. теңге болып, жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 1,9% құрады.
Қазақстанның борышы қауіпсіз деңгейде қалып отыр.
Енді бюджет көрсеткіштеріне және Үкіметтің жылдық есебін талқылау кезінде туындаған маңызды мәселелерді шешу жолдарына толығырақ тоқталып өтейін.
КІРІСТЕР БОЙЫНША
Кірістер бойынша жоспар трансферттерді есепке алмағанда 100,6%-ке орындалды, бюджетке 7,1 трлн. теңге түсті.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электрондық түрдегі шот-фактураларды міндетті түрде жазып беру іште өндірілетін тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша түсімдердің 1,5 есеге өсуін қамтамасыз етті.
Өз кезегінде корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 17%-ке өсті.
Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жүргізілген жұмыс қашықтықтан бақылаудың тиімділігін 36%-ке және салықтық тексерулердің тиімділігін 70%-ке арттыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте салықтық тексерулер саны 30%-ке төмендеді.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен мемлекеттік шекарада елге тауарлар әкелу мониторингі күшейді.
Қытай Халық Республикасымен екі жақты статистика бойынша алшақтық 53%-тен 48%-ке дейін төмендеді.
Жалпы алғанда әкімшілендіру шараларын күшейту есебінен 900 млрд. теңгеден астам түсімдер қамтамасыз етілді.
Есепті қарау кезінде кіріс бөлігінің атқарылуы жөнінде ескертулер айтылды.
Оларға қысқаша түсіндірме беруге рұқсат етіңіздер.
Бірінші, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығы (КТС) үлесінің төмендеуіне қатысты.
Корпоративтік табыс салығы түсімдерінің жоғары қарқынына қарамастан, оның үлесінің төмендеуі, негізінен қосылған құн салығы үлесінің 11 проценттік пунктке артуымен түсіндіріледі.
Екінші, төлемдерге аванс беру есебінен республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуы туралы ескертуге қатысты.
Бұл мәселе әдіснамалық сипатқа ие және Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы елдерін (АҚШ, Франция, Люксембург) қоса алғанда, халықаралық практикаға сәйкес келеді.
Аванстық төлем механизмі ірі және орта бизнес субъектілерінің өздеріне де қолайлы.
Үшінші, 2019 жылы Жалпы ішкі өнімге шаққандағы шоғырландырылған бюджет салық түсімдерінің 17,9%-тен 17,6%-ке дейін төмендегені атап өтілді.
Бұл жағдайға мұнайдың әлемдік бағасының 10%-ке арзандауы тікелей себеп болды.
Салықтық жеңілдіктер мен преференциялар мәселесіне қатысты Үкімет оларды оңтайландыру үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткім келеді.
ШЫҒЫСТАР БОЙЫНША
Өткен жылы бюджет шығыстары есебінен 344 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыру арқылы 53 стратегиялық бағыт жүзеге асырылды. Стратегиялық жоспарлардың 264 индикаторына қол жеткізілді.
13 мемлекеттік бағдарлама қаржыландырылды.
Соның ішінде, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мыңдаған тұрақты жұмыс орны ашылды. Транзиттік жүк көлемі 19,5 млн. тоннаны құрады.
115 км жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланды.
«Нұрлы Жер» бағдарламасы шеңберінде 19 мыңнан астам пәтер халықтың әлеуметтік осал топтарына, көп балалы отбасыларға және жұмыс істейтін жастар үшін пайдалануға берілді.
«ЕҢБЕК» бағдарламасы аясында 22 мың жастар техникалық кәсіптік оқумен қамтылды, 19 мың адам микрокредиттер мен гранттар алды. Алғаш рет шамамен
6 мыңға жуық жастар жеке ісін ашты және кеңейтті.
Жалпы мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады.
Алайда, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде бірқатар проблемалы мәселелер де бар. Бұл туралы Үкіметтің есебіне Есеп комитетінің қорытындысында орын алды.
Мәселен, мемлекеттік бағдарламаларда және стратегиялық жоспарларда мемлекеттік органдардың күнделікті қызметтерін сипаттайтын шаралардың жоспарлануы, оларға сансыз түзетулердің енгізілуі, индикаторлар ретінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жоспарлануы.
Жоспарлау кезінде бюджет шығыстарының экономикалық тиімділігі бағаланбайтыны да ескертілді.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру үшін қазіргі уақытта тиісті шаралар дайындалды.
Мемлекеттік бағдарламалар мен стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салынатын болады.
Мемлекеттік бағдарламаларда қаржылық қолдау алушы кәсіпкерлердің қарсы міндеттемелерінің түрлері де қарастырылады.
Сондай-ақ, Үкімет Парламент Мәжілісінің қарауына бюджет заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізеді.
Бұл жобада стратегиялық және бюджеттік жоспарлау жүйесінің механизмдерін қайта қарау, бюджеттік инвестициялардың болжамдық экономикалық тиімділігін бағалау нормасын енгізу, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау шараларын жеткізетін операторларға қазынашылық органдарда арнайы шот ашу қарастырылған.
Барлық ұсынылған өзгерістер бюджеттік процесті жетілдіруге бағытталған.
МЕМЛЕКЕТТІК АКТИВТЕРДІ БАСҚАРУ БОЙЫНША
Ұлттық қорға 4,5 трлн. теңге түсті. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 1,6 трлн. теңге болды.
2019 жылдың соңында қор активтері 27,5 трлн. теңгені құрады.
Есеп шеңберінде бюджеттің басты басымдықтарын негізінен Ұлттық қордан алынатын трансферттер арқылы қаржыландыру дағдыға айналғаны айтылды.
Бюджет кодексінің жобасы Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге бағытталғанын атап өткім келеді.
Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің дивидендтік саясатының кемшіліктері туралы да айтылды.
Ағымдағы саясатты өзгерту үшін Үкімет тиісті қаулы қабылдады. Оған сәйкес квазимемлекеттік субъектілер 2019 жылдың қорытындысы бойынша өздерінің таза табысының 100%-не дейінгі мөлшерде республикалық бюджетке дивиденд ретінде төлеуді қамтамасыз етеді. Кейінгі жылдары төлемнің көлемі таза кіріс сомасының 70 процентін құрайтын болады.
Жыл сайын талқыланатын мәселелердің бірі – бұл квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы қалдықтар болып табылады.
Квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы игерілмеген қалдықтарды тиісті бюджетке қайтару туралы Парламент ұсыныс берген болатын.
Қазір бұл жұмыс басталды.
Ағымдағы жылдың 1 маусымына республикалық бюджетке 8,6 млрд. теңге қаражат қайтарылды.
*****
Құрметті депутаттар!
2019 жылғы республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштері мен көтерілген жүйелі мәселелердің шешу жолдары осындай.
Есепті қарау кезінде экономиканың барлық салалары бойынша маңызды 200 жуық сұрақ пен ұсыныстар берілді.
Депутаттардың ұсынымдары мұқият қаралады және олар бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Үкіметтің есебін қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рақмет!