
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төраға орынбасары Қайрат Миятовтың қатысуымен «Жалпыға бірдей декларациялау» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Өз сөзінде Қ. Миятов ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап кірістер мен мүлік туралы декларациясы (270.00-нысан) оңайлатылып, көрсетілетін ақпарат тізбесі қысқартылғанын атап өтті.
Төлем көзінен салық салынатын кірістерді (жалақы, депозиттер бойынша сыйақылар, зейнетақы төлемдері және т.б.) және Қазақстан Республикасында тіркелген мүлікті сатып алу және (немесе) иеліктен шығару және (немесе) өтеусіз алу туралы ақпаратты көрсету қажеттілігі алынып тасталды.
Сонымен қатар, кірістер мен мүлік туралы декларациясында (270.00-нысан) мүлікті сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсету жөніндегі міндет, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында көрсетілген жеке тұлғаларға ғана жүктелген, атап айтқанда (жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар,мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары).
Қазіргі уақытта, кірістер мен мүлік туралы декларациясына (270.00-нысан) және оны жасау қағидаларына өзгерістер енгізілуде, аталған 270-нысаны бекітілгеннен кейін, Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінде іске асырылатын болады.
Сонымен қатар, егер 2024 жылы кірістер мен мүлік туралы декларациясы қолданыстағы нысан (270.00 нысаны) бойынша ұсынылса және декларацияға "қабылданды" және "таратылды" мәртебесі берілсе, онда жаңа 270.00 нысаны бойынша декларацияны қайта тапсырудың қажеті жоқ екенін білу маңызды. Биылғы жылы кірістер мен мүлік туралы декларациясын (270.00-нысан) 2021-2023 жылдар аралығында активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын (250.00-нысан) табыстаған барлық жеке тұлғалар ұсынады.
Декларацияны табыстау мерзімі - 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін.
Сондай-ақ активтер мен міндеттемелер туралы «Кіріс» декларациясын 01.01.2024 жылғы жағдай бойынша заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, қатысушылары, дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары, оның ішінде әрекетсіз және қызметін тоқтатқан кәсіпкерлер болып табылатындардың барлығы ұсынады. Филиалдар мен өкілдіктердің басшылары декларацияны ұсынуға міндетті емес (заңды тұлғалар болып табылмайды). Сонымен қатар, 2024 жылы жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары және кәсіби медиаторлар) «Кіріс» декларациясын ұсынбайды.
«Кіріс» декларациясында (250.00-нысан) жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы/жылжымайтын мүлкі көрсетіледі. Кейінгі жылдары күнтізбелік жыл ішінде алынған кірістер, Қазақстанда да, шетелде де мүлікті сатып алу/иеліктен шығару туралы мәліметтер, сондай-ақ оларды сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері көрсетілетін кірістер мен мүлік туралы декларация (270.00-нысан) жыл сайын ұсынылады.
Декларацияланған активтердің құны болашақта салық салынатын табысты айқындау кезінде ескерілетін болады.
Декларацияда банктік қарыз шарттары көрсетілуге жатпайды.
Бастапқы декларацияны тапсырғанға дейін (2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін) нотариалды куәландыру қажет, өйткені қарыздар мен міндеттемелерді көрсету тек бастапқы декларацияда мүмкін және бұл жағдайда толықтырулар көзделмеген (СК 211 бабы 5 тармағы 7 тармақшасы).
Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларациялау туралы ақпаратты ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми парақшасында «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен білуге болады.
Жалпыға бірдей декларациялауды түсіндіру бойынша 1414 Бірыңғай байланыс орталығының көп арналы жүйесі негізінде МКК байланыс орталығы жұмыс істейді.
МКБ-ның әр ауданында күн сайын консультациялық орталық (222 орталық) жұмыс істейді. Апта сайын сәрсенбі және бейсенбі күндері МКД Астана уақыты бойынша сағат 11-00-ден 11-30-ға дейін ZOOM арқылы жалпыға бірдей декларациялау бойынша тікелей эфирлер өткізеді.
Бұдан басқа, базарларда, сауда орталықтарында, кинотеатрларда радио хабарландыру, бейнероликтер, жеке кеңес беру, вебинарлар, семинарлар, БАҚ-қа арналған сұхбаттар, Мемлекеттік кірістер органдарының интернет-ресурстарында және әлеуметтік желісінде баспасөз релиздерін орналастыру арқылы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Сөзінің соңында Қ. Миятов ресми және сенімді ақпарат көзіне сену маңызды екенін атап өтіп, БАҚ-тың барлық сұрақтарына жауап берді.