Бүгін ҚР Қаржы министрлігі «Кедендік әкімшілендіру» тақырыбында брифинг өткізді

Бүгін ҚР Қаржы министрлігі  «Кедендік әкімшілендіру» тақырыбында брифинг өткізді

2023 жылдың 10 айында мемлекеттік бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі 3,3 трлн теңгені құрады.

 ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті тауар айналымын ұлғайту және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстарды жүргізуде. Тауар айналымын ұлғайту және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2023 жылдың
10 айында
ЕАЭО елдері арасында бөлінгеннен кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетіне кедендік төлемдер мен салықтардың көлемі 3 трлн. 256 млрд. теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ке артық.

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев баспасөз конференциясы барысында хабарлады. 

Жалпы, соңғы 2 жылда өткен жылдардың статистикасымен салыстырғанда кедендік төлемдер мен салықтар түсімінің оң динамикасы сақталуда. Сондай-ақ  кедендік төлемдер мен салықтардың Республикалық бюджетке жалпы түсімдердегі үлес-салмағы өскені байқалады (экспорттық кеден баждарын қоспағанда).

Осылайша, егер өткен жылдары экспорттық кеден баждарын қоспағанда бюджеттегі үлесі орта есеппен 15% құраса,  2022 жылы 17,5%, ал аяқталмаған 2023 жылы 19,3 %-ке жетті.

Сондай-ақ, импорт үшін ҚҚС түсімдері 1,5 трлн. теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2022 жылы түскен түсімдерден 110 млрд. теңгеге артық.

Соңғы 2 жылда ИМ-40 процедурасы бойынша салмағы 1 кг тауарға импорт үшін ҚҚС өндіру тиімділігі 1,5 есеге, оның ішінде Қытайдан 1,5 есеге, Түркиядан 1,5 есеге, БАӘ бойынша 2 есеге өсті.

  

ЕАЭО-ның сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерінде электрондық кезек жүйесі жұмыс істейді.

 Мүдделі мемлекеттік органдар мен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы ЕАЭО-ның сыртқы шекараларында өткізу пункттерінің өткізу қабілеттілігін реттеуге ықпал еткен және бірқатар кешенді шаралар қабылдады.

Бүгінгі таңда ЕАЭО-ның сыртқы шекарасында барлық автомобиль өткізу пункттерінде автоматтандырылған электрондық кезек жүйесі енгізілді және табысты жұмыс істеуде.

Жүйе платформада жұмыс істейді «Qoldau.kz» және «CargoRuqsat» мобильді қосымшасы арқылы (жүйеде кезекті брондау қашықтан жүзеге асырылады).

2023 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша электрондық кезек жүйесінде 32 мың пайдаланушы тіркелді, 331 мыңнан астам брондау жүзеге асырылды, оның ішінде 212 мыңға жуық машина мемлекеттік шекарадан өтті.

Жүйе штаттық режимде жұмыс істейді және қазіргі уақытта инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бөлігінде пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл ретте жүйедегі слоттардың (бос орындардың) саны кез келген қалаған күні брондау үшін барлық өткізу пункттерінде жеткілікті болып табылады.

Анықтама: 2023 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша өткізу пункттерінде алдағы айға тегін брондау саны:

- «Майқапшағай» өткізу пунктінде -4,5 мың орын;

- «Бақты» өткізу пунктінде - 5,4 мың орын;

- «Нұр жолы» өткізу пунктінде -12,6 мың орын;

- «Көлжат» өткізу пунктінде - 6,7 мың орын;

- «Достық-авто» өткізу пунктінде -11,1 мың орын.

  

2023 ж. 10 айында Қазақстанға жеңілдікпен 6 523 электромобиль әкелінді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағына кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатыла отырып, 6 875 электромобиль әкелінді. 2023 жылдың 10 айында 6 523 электромобиль әкелінді.

2023 жылдың соңына дейін квота бойынша кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатыла отырып, тағы 8 477 электромобильді әкелу мүмкіндігі сақталады. 

Жеке тұлғалар жеке пайдалануға арналған электромобиль импорты кезінде жылына бір рет жолаушылар кедендік декларациясын беру арқылы кедендік баждар мен салықтарды төлеуден босатыла отырып, 1 электромобиль әкеле алады, тиісінше қандай да бір төлемдерді төлеудің қажеті жоқ.

Ол үшін Қазақстан Республикасының азаматы болу және Қазақстан Республикасында тұрақты тұру қажет.

Сонымен қатар, азаматқа осы электромобильді иелену, пайдалану, билік ету құқығын Ресей Федерациясының азаматтығы бар және Ресей Федерациясында тұрақты тұратын адамдарға кедендік тазарту сәтінен бастап 3 (үш) жыл ішінде беруге тыйым салу түрінде шектеулер қойылады.

Жолаушылар кедендік декларациясын беру үшін азамат өз бетінше (кеден өкілдерінің қызметтеріне жүгіну мүмкіндігі бар) Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ тауарға ілеспе құжаттарды ұсына отырып, кеден бекетіне инспекторға жүгіне алады.

ЕЭК Кеңесінің №39 шешімімен 2022 және 2023 жылдары электромобильдерге бажсыз әкелу мүмкіндігі берілгенін атап өту қажет.

Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында бажсыз әкелу мүмкіндігін 2025 жылға дейін ұзарту туралы мәселе қаралуда.

Жоғарыда аталған квота шеңберінде кедендік баждарды төлеуден босатыла отырып, бірақ тауар құнының 12% мөлшерінде ҚҚС төлей отырып және 20 000 теңге мөлшерінде кедендік алым төлей отырып, электромобильді әкелудің басқа мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ставкалары бойынша тауарларға декларация тапсыру қажет. Тауарларға декларацияны бірыңғай кедендік тарифтің (ҰБТ) ставкалары бойынша берген жағдайда құнының 15% мөлшерінде кедендік баж, ҚҚС 12% және кедендік алым 20 000 теңге төлеу қажет.

 

Жолаушылар кедендік декларациясын  тапсыру процесі жеңілдеген

2023 жылғы 20 наурызда жолаушылар кедендік декларациясын  тапсыру процесін жеңілдету мақсатында «E-salyq Azamat» мобильдік қосымшасында сервис әзірленіп, қолданысқа енгізілді, оның көмегімен жеке тұлғалардың смартфон арқылы жолаушылар кедендік декларациясын орналасқан жеріне қарамастан тапсыру мүмкіндігі пайда болды.

Бүгінгі таңда мобильді қосымша арқылы жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, халықаралық пошта жөнелтілімдері мен тасымалдаушылар (экспресс-тасымалдаушылар) жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларға, және ақша қаражаттары мен ақша құралдарына жолаушылар кедендік декларациясын тапсыруға болады.

Бұл сервис жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау рәсімін жеделдету және оңайлату есебінен жеке тұлғалардың уақытша және ақшалай шығыстарын қысқартады.

2023 жылғы 8 қарашадағы жағдай бойынша мобильді қосымша арқылы 2 197 жолаушылар кедендік декларациясы тапсырылды.