
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы Министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында «Халықтың кредиттелуін төмендету мәселесі» туралы баяндама жасады.
Өз сөзінде ол 6 негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтитын Жол картасы әзірленгенін және бекітілгенін атап өтті.
Барлық тараптардың жұмыстарын үйлестіру үшін мемлекеттік органдар мен «Amanat» партиясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды.
Осыған орай республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік жобалау кеңселері құрылуда.
Жобалық кеңселердің негізгі міндеті азаматтарға кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеуге көмек көрсету, қаржылық алаяқтықтан қорғау, сондай-ақ банкроттық, жұмысқа орналасу және бизнесті қолдау шараларын алу мәселелері бойынша жәрдемдесу болады.
Ерұлан Жамаубаев сондай-ақ банкроттық рәсімін қолдану және жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы айтып өтті. Жеке тұлғалардың банкроттығы жөніндегі «Qoldau» жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл жүйе өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің 24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы кіру критерийлеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеруді көздейді.
Мәселен, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап 70 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 80% - і бойынша банкроттық рәсімінің критерийлеріне сәйкессіздіктер анықталды. Нәтижесінде 6,4 мың азамат банкрот деп танылды.
Жалпы, Үкімет халықтың кредиттелуін төмендету және «Қарызсыз қоғам» жобасын масштабтау жөнінде нақты шаралар қабылдауда.