«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңмен отандық заңнамада алғаш рет кәсіпкерлік қызмет мақсатында белгісіз тұлғалар тобына арналған онлайн-платформада ақпаратты жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушы – инфлюенсер (блогер) ұғымы енгізілді.

Сонымен қатар, мынадай шарттардың біріне жауап беретін:

1) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін тұрақты негізде пайдаланатын;

2) жеке кәсіпкерліктен республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық табысы бар (Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодекс) 35-бабының 2-тармағы) жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.

Демек, блогерлерді қоса алғанда, қызметті жүзеге асырудан жоғарыда көрсетілген мөлшерден асатын табыс алған адамдар дара кәсіпкер (бұдан әрі – ДК) ретінде тіркеу есебіне тұруға міндетті.

Жеке тұлғаны ДК ретінде тіркемеу кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын атап өту қажет (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 463-бабы). ​

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ДК ретінде тіркеу есебіне қою хабарлама жасау тәртібіне ауыстырылды, оған сәйкес жеке тұлға ДК ретінде тіркелу үшін мемлекеттік кірістер органына дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама (бұдан әрі – хабарлама) ұсынады.

Хабарлама Қазақстан Республикасының «e-license» электрондық лицензиялау порталы және Екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары арқылы электрондық тәсілмен жіберіледі, бұл ретте ДК тіркеу сервисі e-license мемлекеттік ақпараттық жүйесі (ЕЛ МДБ) арқылы жүзеге асырылады.

ДК ретінде тіркелу кезінде екінші маңызды мәселе салық салу тәртібін таңдау ерікті түрде жүргізіледі.

Осыған байланысты қолданыстағы салық заңнамасында салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібімен қатар (салық салуға жататын табыс 10% мөлшелеме бойынша кірістерді келтірілген шығыстар сомасына азайту жолымен есептеледі) салықтардың жекелеген түрлерін есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейтін шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимдері (бұдан әрі АСР) көзделгенін атап өту қажет.

Бұл ретте қызметкерлердің саны мен алынған табыс мөлшері бойынша, сондай-ақ қызмет түрлері бойынша АСР қолдану үшін заңнамалық шектеулер белгіленген.

Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын бизнес субъектілері үшін АСР консультациялық және (немесе) маркетингтік қызметтерді жүзеге асыратын салық төлеушілерді (Салық кодексінің 683-бабы 2-тармағының 3) тармақшасы) қолдануға құқылы емес.

Өз кезегінде, маркетингтік қызметтер деп тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасы, баға стратегиясы мен жарнама стратегиясын әзірлеуді қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысына ең жақсы экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжауға байланысты қызметтер түсініледі (Салық кодексінің 1-бабы 1-тармағының 42) тармақшасы).

Адам  ЭҚЖЖ кодын дербес таңдайтынын айта кету керек. Бұл ретте ЭҚЖЖ коды жүзеге асырылатын қызметтің іс жүзіндегі түріне сәйкес келуге тиіс.

Мысалы, «73.11.0 жарнама агенттіктерінің қызметі» ЭҚЖЖ маркетингтік қызметтер көрсетуді көздейді, осыған байланысты жоғарыда аталған қызмет түрлерін жүзеге асыратын ДК 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап оңайлатылған декларация негізінде АСР қолдануға құқылы емес.

Жалпы, мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттері Қазақстан Республикасының салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төлемдердің толық және уақтылы төленуін мемлекеттік бақылау болып табылатынын ескере отырып, қолданыстағы салық заңнамасында кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдарды анықтау бойынша әртүрлі тәсілдер көзделген, оларды жетілдіру жұмыстары жалғасуда.

Бұдан басқа, мемлекет салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді ұсынуға жәрдемдесу жөніндегі уәкілетті және өзге де органдарға заң жүзінде міндет жүктеді.