Қазақстан Республикасы халқының өмірін жақсарту жөніндегі Қаржы министрлігінің бастамаларын таныстыру қорытындылары

Қазақстан Республикасы халқының өмірін жақсарту жөніндегі Қаржы министрлігінің бастамаларын таныстыру қорытындылары

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Г. Т. Қойшыбаевтың басшылығымен өткен кеңесте Қаржы вице-министрі Э. Қазғанбаев Министрліктің ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында іске асырылған Қазақстан Республикасы халқының өмірін жақсарту жөніндегі бастамаларын таныстырды.

Мәселен, шекарада көліктің жиналу жағдайын реттеу, сондай-ақ бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында 10 автомобиль өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесі енгізілді.

Бүгінгі таңда электрондық кезек жүйесін 27 мыңнан астам пайдаланушы қолданып, 90 мыңға жуық автокөлік құралдары өтті.

Шекара арқылы әкелу кезінде жеке пайдалануға арналған тауарларға декларация беру процесін оңайлату мақсатында ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап «e-salyk-Azamat» мобильдік қосымшасында арнайы сервис іске қосылды, оның көмегімен жеке тұлғалар өздерінің орналасқан жеріне қарамастан, үйден шықпай-ақ жолаушылар кедендік декларациясын бере алады.

Бұл халықаралық почта жөнелтілімдерімен, тасымалдаушылармен жеткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды, сондай-ақ ақша қаражаттары және құралдарды кедендік декларациялау рәсімін едәуір жеделдетіп, оңайлатуға мүмкіндік берді.

Министрліктің әлеуметтік желілерінде мобильді қосымша арқылы Жолаушылар кедендік декларациясын ұсыну мүмкіндігі туралы тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың соңына дейін банктердің мобильді қосымшалары арқылы қызметтер көрсету және декларациялар қабылдау үшін сервистерді іске асыру бойынша жұмыстар жоспарланған. Осылайша, мемлекеттік қызметтерді алудың баламалы арналары құрылып, бұл оларды көрсетудің сапасы мен уақтылығына оң әсер етеді.

Сондай-ақ, онлайн режимінде шоттарға тыйым салуды алып тастау, бақылау-касса машинасы чектеріндегі каталогтардан тауарлар бойынша деректерді көрсету жөніндегі бастама жоспарлануда.

Бұл онлайн-бақылау-касса машинасы чегінде тауарлардың ұлттық/электрондық каталогындағы деректермен толық бірдей тауарлардың атауларын көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша, салық төлеушілерден тауарлар номенклатурасы бар қымбат есеп жүйелерін сатып алу қажеттілігі алынып тасталады.