Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу ең өзекті салалардың бірі болып қала береді, бірақ сонымен бірге мемлекеттік реттеудің қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі болып табылады.
Мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындау үшін тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада айқындалған тәртіппен өздеріне қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алады.
Жаңа платформа іске қосылғанға дейін сатып алуға қатысуға өтінімдерді беруді өнім берушілер портал арқылы жүзеге асырды және тексерулер тек салық берешегі, CT-KZ сертификатының болуы және сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болмауы бөлігінде ғана болды. Өнім берушілерге қойылатын барлық қалған талаптарды комиссия мүшелері өтінімдерді қарау кезеңінде қолмен тексерді.
Өткен жылдардың негізгі проблемасы – салық берешегі болмаса болды кез келген, тіпті жаңадан ашылған жеке кәсіпкер де мемлекеттік сатып алуға қатысты.
Сондай-ақ, сатып алу қорытындыларына шағым беру тетігі нормативті түрде болмады, осылайша адал өнім берушілердің конкурстардың нәтижелеріне шағымдану тетіктері болмады.
2016 жылдан бастап жоспарлауды, сатып алуға қатысуды, өнім берушіні таңдауды, шарттық міндеттемелерді жасасуды және орындауды қоса алғанда, мемлекеттік сатып алу рәсімдері веб-порталда мемлекеттік құпияларды құрайтын немесе таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын сатып алуды қоспағанда, электрондық форматта ғана жүзеге асырылады.
Анықтама: мемлекеттік сатып алу веб-порталы мемлекеттік сатып алудың электрондық қызметтеріне бірыңғай қолжетімділік нүктесін ұсынатын ақпараттық жүйе болып табылады (www.goszakup.gov.kz).
Бүгінгі таңда веб-портал жүйесі мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған, бұл әлеуетті өнім берушінің салықтық берешегін, қаржылық тұрақтылығын, Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде (ББТ) болуын, Жосықсыз қатысушылардың тізілімде (ЖҚТ) болуын, комиссия мүшелерімен және сатып алудың өзге де қатысушыларымен үлестестігін, жақын туыстары бойынша байланысын, сертификаттардың (CT-KZ, Индустриялық сертификат) болуын, сенімді өнім тізілімінде болуын (IT-өнім), құрылыс-монтаждау және жобалау жұмыстары бойынша расталған жұмыс тәжірибесінің болуын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру шеңберінде мынадай функционалдар енгізіліп, іске қосылды:
- сатып алуға қатысушыларға сатып алу қорытындыларына портал арқылы шағым беруге мүмкіндік беретін электрондық шағым;
- құрылыс-монтаждау жұмыстарын және жобалау жұмыстары өнім берушілерінің жұмыс тәжірибесі бойынша деректерді қамтитын электрондық депозитарий,
- сатып алынатын тауарларды автоматтандырылған түрде сәйкестендіру мақсатында тауарлардың біріздендірілген сипаттамасын қалыптастыруға арналған электрондық тауарлар каталогі;
- бір көзден сатып алу үлесін төмендетуге бағытталған және сатып алуды іс жүзінде онлайн режимінде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін электрондық дүкен;
- қамтамасыз ету шараларына (өтінімдерді қамтамасыз ету және шарттардың орындалуын қамтамасыз ету үшін) есептелген қаражатты жедел форматта есепке алуға және төлеуге мүмкіндік беретін электрондық әмиян;
- мемлекеттік сатып алуға адамның қатысуын толық жоюды көздейтін рейтингтік-балдық жүйені пайдаланатын конкурс. Бұл ретте жеңімпазды айқындауды веб-портал ақпараттық жүйелерді кеңінен интеграциялау арқылы, сондай-ақ баға және сапа өлшемшарттарын біріктіре отырып, портал берген тиісті балдар негізінде автоматты түрде жүзеге асырады;
- рәсімдерді оңайлату мақсатында енгізілген және бұрын сатып алу рәсімінің орташа ұзақтығы 1,5 айды құраса, енді 30 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік беретін негіздемелік келісімдер пайдаланатын конкурс;
- Портал пайдаланушыларына SMS-хабарламасы;
- талдамалық платформалар құру арқылы тексеруші органдарға ғана емес, бизнеске, БАҚ-қа, қоғамға сатып алуды бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін машинада оқылатын форматтағы ашық деректер.
Тұтастай алғанда, жоғарыда аталған модификацияларды дамыту бюджет қаражатын үнемдеуді ұлғайтуға, сатып алуға қатысуға байланысты өнім берушінің шығыстарын азайтуға, сатып алу жеңімпазын айқындауға адамның қатысу үлесін қысқартуға, сатып алу субъектілерінің (тапсырыс берушілердің, ұйымдастырушылардың, өнім берушілердің, бақылаушы органдардың) тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік берді.
Өткізілген немесе жоспарланатын сатып алу бойынша барлық ақпарат веб-порталда ашық қолжетімділікте орналастырылған және барлық пайдаланушыларға танысу үшін қолжетімді.
Анықтама: 2022 жылдың қорытындысы бойынша:
- мемлекеттік сатып алу көлемі - 5,9 трлн. теңге;
– тапсырыс берушілер саны - 24 мың;
– өнім берушілер саны - 100 мыңнан астам;
- өткізілген сатып алу саны - 2 млн.;
- шартты үнемдеу сомасы - 632 млрд. теңге;
- бизнес үшін үнемдеу сомасы -16,2 млрд. теңге.
- жарияланғаны - 4 млн. лот;
- 1,5 млн. электрондық шарт жасалды;
- 600 мың сатып алу бойынша камералдық бақылау жүргізілді;
- порталдың функционалын пысықтау бойынша 180-ге жуық іс-шара өткізілді.
Дүниежүзілік Банктің зерттеулеріне сәйкес, Қазақстанның электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі әлемдегі ең үздіктердің бірі болып табылады. Global Data barometr сәйкес осы мемлекеттік сатып алулардың қолжетімділігінің әлемдік рейтингінде Қазақстан 109 елдің ішінде 3-орынға ие болды (Қазақстан осы рейтингте АҚШ, Канада және ЕО-ның барлық елдерін басып озып, Украина мен Парагвайдан кейін 3-орында тұр).
Қазіргі уақытта веб-портал жүйесін жетілдіру жөніндегі негізгі міндеттер кәсіпкерлерге сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру және адал бәсекелестікті дамыту болып табылады.
Сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында осы ақпараттық жүйелерді кеңінен пайдалану жолымен жаңа бағалық емес өлшемшарттар әзірленетін болады. Бұл сатып алудың барлық түрлері бойынша сапалы және баға өлшемшарттарын біріктіре отырып, өнім берушілерді автоматты түрде таңдауға көшуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау шеңберінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ базасында құрылған бірыңғай платформаға көшіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.