
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2022 жылғы 10 мамырда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру және кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын ұсынды.
Өз сөзінде ол қаралып отырған Келісім Тараптар мемлекеттерінің аумақтары арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары бойынша мәліметтерді электрондық алмасу арқылы кедендік бақылауды жүргізудің тиімділігін арттыру және мерзімдерін қысқарту, кедендік бақылау рәсімдерін оңайлатуды атап айтты.
Келісім алдын ала мәліметтер алмасуды іске асыруға жауапты және тікелей байланыстарды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген құзыретті лауазымды адамдардың тізімін айқындайды. Осылайша, Келісімнің ережелеріне сәйкес Тараптардың кеден органдары ақпарат алмасудың техникалық шарттарын әзірлейді және пилоттық жобаны іске асыруға кіріседі, пилоттық жоба аяқталғаннан кейін Тараптар мәліметтермен тұрақты негізде алмасуды бастайды.
Ерұлан Жамаубаев сөз соңында Келісімнің бұл жобасы Тараптар арасындағы кедендік рәсімдерді оңайлатуға және оңтайландыруға бағытталғанын, сонымен қатар тұтастай алғанда біздің еліміз үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайтынын айтты.