
Мемлекеттік аудит шеңберінде үстеме, бірлескен, және қатар тексерулер жүргізіледі.
Үстеме тексеру – бұл тексеріліп отырған мәселе шеңберінде, негізгі мемлекеттік аудит объектісімен өзара қатынастар мәселелері бойынша ғана жүргізілетін, үшінші тұлғаларды тексеру. Үшінші тұлғалар ретінде бюджетке түсетін түсімдерді қалыптастыруға қатысатын және (немесе) бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, байланысты гранттарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды пайдаланатын, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін.
Үстеме тексеру жүргізілген кезде мемлекеттік аудит объектісінің мәліметтерді, ақпаратты, құжаттарды (материалдарды) ұсынуы жөніндегі талап мемлекеттік аудит объектісіне ол үстеме тексеру жүргізуге кедергі келтірген жағдайда ұсынылады.
Мемлекеттік аудиттің негізгі объектілері қызметін алдын ала зерделеу барысында аудиттің жоспары мен бағдарламасына енгізілетін үстеме тексерудің ықтимал объектілері айқындалады.
Егер аудиторлық іс-шараны жүргізу барысында үстеме тексеру жүргізу үшін негіз пайда болса, онда аудиторлық тапсырмаларға аудит жоспары мен бағдарламасына өзгерістер енгізілмей, тиісті толықтырулар енгізіледі.
Үстеме тексеру жүргізу үшін мемлекеттік аудиттің әрбір объектісіне жеке тапсырма ресімделеді. Үстеме тексеру нәтижелері үстеме тексеру актісі түрінде түрінде ресімделеді.
Мемлекеттік аудитор үстеме тексеру жүргізілген жағдайда оның нәтижелерін міндетті түрде мемлекеттік аудиттің негізгі объектісінде жасалатын аудиторлық есепте немесе қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есепте көрсетеді.
Үстеме тексеру нәтижелері бойынша оның негізінде қорытынды қалыптастырылатын аудиторлық дәлелдер аудиторлық іс-шараның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес, объективті, дәйекті және жеткілікті болуы тиіс.