
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы Заң жобасын ұсынды.
Өз сөзінде ол түсімдер 1,5 трлн. теңгеге ұлғайып, 19,3 трлн. теңгені құрайтынын атап өтті.
Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге 2,7% деңгейінде сақталды.
Республикалық бюджеттің шығыстары 22,5 трлн. теңге көлемінде жоспарлануда. Осылайша, шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,2 трлн. теңгені құрайды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының жолдауы мен сайлауалды бағдарламасы шеңберінде айтылған бастамаларын, сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарларының қорытындылары бойынша тапсырмаларды іске асыруға 2 трлн. теңге бөлінетін болады.
Бұл ретте, жылумен жабдықтау жүйелерін салу және реконструкциялау, электр энергетикасын дамытуға – 144 млрд. теңге, қорғаныс және азаматтық қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге – 126 млрд. теңге, сонымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін қарыздар мен тұрғын үй жинақ салымдары бойынша сыйлықақылар беруге 92 млрд. теңге қарастырылады.
Ерұлан Жамаубаев экономиканың нақты секторын қолдау және өңірлерді дамыту шығындарының параметрлері туралы айтты. Бұл мақсаттарға қосымша 1,3 трлн.теңге көзделген.
Әлеуметтік блоктың шығыстары 298 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Атап айтқанда, қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің еңбек ақысын және колледж студенттерінің стипендия мөлшерін ұлғайтуға, әлеуметтік төлемдердің, мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшерін арттыруға және денсаулық сақтауды одан әрі дамытуға бағытталатын болады.
Қорытындылай келе, Е. Жамаубаев нақтылау шеңберінде ағымдағы жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 7,2 трлн. теңге немесе жалпы шығыстардың 32% бағытталып, олар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталатынын атап өтті.