Үкіметте Мемлекет басшысы тапсырмаларының іске асыру барысы қаралды

Үкіметте Мемлекет басшысы тапсырмаларының іске асыру барысы қаралды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бірқатар тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

Президент мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын ұсынуды реттейтін тиісті нормативтік құқықтық актілерге енгізу жолымен мемлекеттік қолдау шараларын алушы бәсекеге қабілетті шағын және орта кәсіпорындарды айқындау үшін базалық өлшемшарттарды енгізуді тапсырды.

Бүгінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлікті қаржылық қолдау шаралары сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау құралдары және ішінара кепілдік беру шеңберінде жеңілдетілген несиелендіруді көздейді.

Сондай-ақ, кеңес барысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ұлттық жобаны іске асыру аясында мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына түзетулер енгізілгені айтылды. Мәселен, еңбекақы төлеу қорының өсуі және салық аударымдарының ұлғаюы бойынша міндетті шарт қарастырылған.

Сонымен қатар, кеңеске қатысушылар субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін саралау мәселесін талқылады.

Қорытындылай келе Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.