2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы

2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ағымдағы жылдың қаңтар айындағы мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы баяндады.

Е.К. Жамаубаев өз сөзінде республикалық бюджеттің кірістері бойынша жоспар 310 млрд. теңгеге, оның ішінде салықтар 302 млрд. теңгеге асыра орындалғанын атап өтті. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, қосылған құн салығына және шикі мұнайға экспорттық кеден бажына тиесілі.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 160%-ке атқарылды және 394 млрд. теңгені құрады. Жоспар 148 млрд. теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 131 млрд. теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде табыс жоспарлары асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 93,5%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 94,7%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ке атқарылды.

Қаңтар айында 1,3 трлн. теңгеден астам сомаға 65 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылып, 136 аудиторлық іс-шара өткізілгені атап өтілді. Тексеру қорытындысы бойынша 3 млрд. теңгеге бұзушылықтар анықталды, оның ішінде тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке көрсету жолымен 320 млн. теңгеге бұзушылықтар жойылды.

Сөз соңында Ерұлан Жамаубаев 2021-2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру туралы айтты.