Президент Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады

Президент Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты қабылдады

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Үкіметтің қаржы-экономикалық блогы жұмысының негізгі бағыттары туралы есеп ұсынылды.

Е. К. Жамаубаев өз сөзінде жалпы ішкі өнім өсімі 3,1%, инвестициялардың өсімі 7,8% деңгейінде екендігін атап өтті. Экономиканың барлық салалары бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 3,4% - ке, құрылыс - 9,4% - ке, ауыл шаруашылығы-9,1% - ке ұлғайды.

2022 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 33,4 пайызға өскені атап өтілді. Сауда балансы айтарлықтай нығайып келеді. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8 пайызға өсіп, 24,1 миллиард долларға жетті.

Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жоспар 309 млрд. теңгеге асыра орындалып, оның ішінде салықтар – 210 млрд. теңге, салықтық емес түсімдер– 94 млрд. теңгені құрады.

Президентке Бюджет және Салық жаңа кодекстерінің әзірлену барысы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жұмыс механизмдері, заңсыз иеленген және елден шығарылған активтерді мемлекетке қайтару үшін қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта жиналған 120 миллиард теңгеге жуық қаражат мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалады.

Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев жеке тұлғалардың банкроттығы туралы Заңның жүзеге асырылуы туралы айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекет қаржысының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.