
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президенттің сайлауалды бағдарламасы және Үкіметтің кеңейтілген отырысы аясында тапсырмаларды жедел орындау шаралары туралы баяндады.
Е.К. Жамаубаев өз сөзінде көлеңкелі экономиканың үлесін Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің деңгейіне дейін төмендетудің жалпы басымдығына қол жеткізу үшін кешенді шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Іске асырылып жатқан шаралардың ішінде негізгі құралдардың бірі Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі болып қала береді.
Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің ұлғаюы және халықтың табыстарын жалпыға бірдей декларациялауды енгізу көлеңкелі айналымның қысқаруына үлкен әсер етеді.
Сондай-ақ салық және кеден заңнамасы мен әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру, оның ішінде цифрландыру арқылы бюджетке қосымша түсімдер қамтамасыз етіліп, бизнесті жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Е. Жамаубаев экономиканы монополиясыздандыру бойынша жүйелі жұмыс туралы атап өтті. Арнайы комиссияның қорытындысы бойынша мемлекеттік меншікке беру үшін объектілерді іріктеу критерийлері әзірленді. Көлік және теміржол инфрақұрылымы саласындағы тағы 26 компанияны мемлекеттік меншікке беру процесінде. Экономиканы монополиясыздандыру шеңберінде Комиссия аясында жұмыс жалғасады.
Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасының Тұжырымдамасы әзірленуде. Атап айтқанда, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдар өкілдерінен мемлекеттік сатып алуларды жетілдіру бойынша жұмыс тобы құрылды.
Сондай-ақ банкроттық туралы заң жобасы бойынша ақпарат ұсынылды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеке тұлғалар үшін банкроттық рәсімдерінің 3 түрі қолданылатын болады: соттан тыс, сот және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі.
Жалпы, Мемлекет басшысының қалған тапсырмалары бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп кешенді жұмыс жүргізілетін болады.