
«Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 142 бұйрығына өзгерістер еңгізу туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары – Қаржы министрінің бұйрық жобасы тізбені Салық кодексінің талаптарына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
Салық кодексі 294-бабының 3-тармағына сәйкес мынадай:
1) осындай мемлекетте немесе осындай аумақта пайда салығының мөлшерлемесі 10 пайыздан аз мөлшерде белгіленген;
2) осындай мемлекетте немесе осындай аумақта қаржылық ақпараттың құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, кірістің іс жүзіндегі иеленушісі немесе заңды тұлғаның (компанияның) іс жүзіндегі иеленушілері, қатысушылары, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болады деген шарттардың біріне жауап беретін шет мемлекет немесе шетелдік аумақ осы жеңілдікті салық салынатын мемлекет болып танылады.
АҚШ салық заңнамасына сәйкес федералдық табыс салығының мөлшерлемесі жеке тұлғалар үшін 10% - дан 37% - ға дейін, ал заңды тұлғалар үшін бірыңғай 21% мөлшерлемесін құрайды.
Бұл ретте Қазақстан мен АҚШ арасында салықтық ақпарат алмасу келесі арқылы қамтамасыз етіледі:
- Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы Конвенцияның 26-бабымен;
- Салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы көпжақты Конвенциямен;
- Халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісіммен.
Осыған байланысты, Бұйрық жобасымен Делавэр штатын жеңілдетілген салық салынатын мемлекеттер тізімінен шығару көзделеді.
Бұйрықтың жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында 2022 жылғы 23 қараша орналастырылған (http://legalacts.egov.kz).
Бұйрық жобасын жария талқылауды өткізу мерзімі - 2022 жылғы 7 желтоқсанға дейін.