
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Е.Жамаубаевтың Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өкілдерімен кездесуі өтті.
Халықаралық валюта қорының Қазақстан Республикасының билік органдарымен консультациялар өткізу бойынша жыл сайынғы миссиясы ХВҚ Жарғысының IV-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Кездесуге ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланше, оның орынбасары Алехандро Хайденберг және басқа да сарапшылар қатысты.
Отырыс барысында макроэкономика мәселелері талқыланып, 2022 жылға арналған бюджеттің ағымдағы атқарылуы, 2023 жылға арналған бюджеттің негізгі басымдықтары, салық және кедендік әкімшілендіру саласында қабылданып жатқан шаралар, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру, сондай-ақ қарызды басқару стратегиясын дайындау қаралды.
Ерұлан Жамаубаев Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы және Қазақстан Республикасы Үкіметі жүргізіп жатқан экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Кездесу соңында Ерұлан Жамаубаев Қазақстан ХВҚ-мен өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын жоғары бағалайтынын және одан әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа сенімді екенін атап өтті.