
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Euroclear бас директоры Лив Мостреймен кездесті.
Кездесуге Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов те қатысты.
Euroclear – бағалы қағаздармен қаржылық операцияларды жүргізу бойынша есеп айырысу жүйесінің қызметтерін ұсынатын ең ірі халықаралық депозитарий.
Кездесу барысында тараптар Euroclear жүйесіне қосылу арқылы шетелдік инвесторлардың қазақстандық қор нарығына нарықтық қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша әрі қарайғы қадамдарды талқылады.
Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Е. Жамаубаев Euroclear жүйесін қазақстандық қор нарығына қосудың маңыздылығын және қазақстандық тараптың осы бағыттағы жұмысты жандандыруға дайын екенін атап өтті.
Ерұлан Жамаубаев Euroclear жүйесі арқылы арна салу шетелдік инвесторлар ағынын арттыру арқылы ішкі нарықтағы өтімділікті арттыруға жағдай жасайтынын айтты.
Тараптар Euroclear-ді қазақстандық қор нарығына енгізу туралы нақты шараларды айқындау бойынша бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыруға келісті.
Кездесу соңында Ерұлан Жамаубаев Лив Мострей ханымға кездесуі үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.