«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жобасының тұжырымдамасы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жобасының тұжырымдамасы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жобасының тұжырымдамасы

  1. Заң жобасының атауы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң жобасы).

  1. Заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесі

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «трансферттік баға белгілеуді жəне капиталдың елімізден шығарылуын қатаң бақылауға алу қажет. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің ішкі жалпы өнімінің үштен біріне жуығы есепке алынбай, көлеңкеде қалып келеді» деп атап өтті.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі-ЖІЖ) әзірледі.

ЖІЖ-дің 37-тармағында трансферттік баға белгілеуді және капиталдың елден шығарылуын бақылау шараларын күшейту бойынша шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілген.

Осыған байланысты трансферттік баға белгілеуді бақылауды күшейту бойынша мынадай тұжырымдамалық шаралар белгіленді:

  1. BEPS-тің 13-қадамы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі - ЭЫДҰ) ұсынымдарына сәйкес үш деңгейлі есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіру.

Қолданыстағы редакцияда жергілікті есептілікті ұсыну міндеті халықаралық топқа қатысушыларға жүктелген, бұл халықаралық талаптарға сәйкес келмейді.

ЭЫДҰ-ның трансферттік баға белгілеу жөніндегі нұсқаулығында («Құжаттама» деген 5-тарау) жергілікті есептілікті салық төлеушілер табыс ететіндігі көрсетілген. Салық есептіліктерінің деректері бойынша жиынтық табыстық кірісі асатын салық төлеушілердің жалпы саны 1000. Сонымен қатар, 2020 жылы 231 жергілікті есеп берілді. Осыған байланысты, салық төлеушілердің саны жергілікті есеп беру санынан 4 есе артық. Мәселен, өзара байланысты резидент емес тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын кейбір салық төлеушілер жергілікті есептілікті ұсынуға міндетті емес, бұл халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде Мемлекеттік кіріс ысырабын болдырмау мақсатында уәкілетті органның мәмілелер мониторингін жүзеге асыруына елеулі әсер етеді. Жергілікті есептілікті беру үшін салық төлеушіде оның есепті қаржы жылының алдындағы қаржы жылы үшін қаржылық есептілігіне сәйкес түсім мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын бес миллион еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болмауға тиіс.

Осыған байланысты, жергілікті есептілікті ұсыну бойынша міндетті өзара байланысты резидент емес тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге жүктеу қажет.

  1. Тауар биржаларында жасалған мәмілелерді трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды қайтару.

Қолданыстағы редакцияда Трансферттік баға белгілеу бойынша бақылау тауар биржаларында жасалған мәмілелерге 2019 жылдың сәуір айынан бастап жүзеге асырылмайды.

Нарықтық бағаны айқындау үшін мақсатты тауардың тиісті нарықтағы бағасын пайдалану қажет. 2019 жылы Қазақстанның тауар биржалары арқылы өткізілген сұйытылған газ бен астық бойынша бағалар импорт еліндегі (Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан) нарықтық бағалардан 10-25%-ға төмендетілгені анықталды. Стратегиялық маңызы бар тауарларды (мұнай, газ, мұнай өнімдері, металдар, кендер мен концентраттар, көмір, астық) экспорттаушылардың трансферттік баға белгілеу бойынша бақылаудан жалтару үшін осы ережені қолдану үрдісі байқалады. Осыған байланысты тауар биржасында жасалған осы мәмілелер халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде Мемлекеттік кіріс ысырабын болдырмау мақсатында трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауға жатқызылуға тиіс.

  1. Өзара байланысты тараптарды айқындауды кеңейту.

Салық төлеушілердің осындай контрагенттерді «оффшорлық компаниялар» санатына қоя отырып, шикізат өнімінің барлық көлемін «эксклюзивті» трейдерге сату фактілері бар.

Трансферттік баға белгілеу туралы заңның (бұдан әрі – ТББ туралы Заң) 11-бабында мәмілеге қатысушылардың өзара байланысы туралы кеңінен түсінік берілмеген. Кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады, олар экспортталатын өнімді кейіннен сату кезінде ең төменгі тәуекелді қабылдайды және тараптардың өзара байланыстылығын танымайды. Мысалы, заңды түрде өзара байланыстылығы болмайтын, алайда қатынасы керісінше дәлелдейтін «эксклюзивті» трейдерлерге салық төлеушілердің барлық шикізат өнімдерін сату фактілері бар. Бұл ретте, осы трейдерлер бойынша қаржылық есептілік жөніндегі ақпаратқа қолжетімді емес. Осыған байланысты, өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту қажет, бұл салық төлеушілерге осы трейдерлерден қаржылық ақпаратты талап етуге заңды негіз береді.

  1. Интеркартильді диапазонды қолдану.

Қолданыстағы ТББ Заңының редакциясында айқындалған диапазон халықаралық тәжірибеге сәйкес келмейді.

Нарықтық баға мен рентабельділікті айқындау кезінде интеркартильді диапазон 48 елде қолданылады. Сондай-ақ, ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтініші бойынша азаматтық ісіне қатысты 2016 жылғы 11 мамырдағы №3ГП-327-16 қаулысының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне әділ бағаны айқындау үшін интерквартильді диапазонды (25-тен 75-ке дейін) қолдану қажет екендігі көрсетілген.

  1. Нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдануды жетілдіру.

Заңның қолданыстағы редакциясында нарықтық бағаны айқындау әдістерінің иерархиясы бар, бұл мәмілелерді жасау фактілері мен мән-жайларында ең қолайлы әдісті айқындау үшін салықтық әкімшілендіруді қиындатады.

ЭЫДҰ трансферттік баға белгілеу жөніндегі нұсқаулығында әдістердің иерархиясы 21 ғасырдың басынан бастап алып тасталды, себебі ол нарықтық бағаны айқындау әдісін негіздеу кезінде қосымша әкімшілік шығындар қойды. Заңның қолданыстағы редакциясында, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану қажет деп санаса, ол алдымен әкімшілік шығындарды талап ететін алдыңғы төрт әдісті қолданбау үшін негіздеме дайындауға мәжбүр болады. Ұсынылған өзгерістер кезінде салық төлеуші тек бірінші әдістің қолданылмайтындығын және бесінші әдісті қолдануды негіздеу қажет.

  1. Жария талқылау нәтижелері

№

Ұсынылған шешім

Қоғамның (нысаналы топтардың) көзқарасы

1

BEPS-тің 13-қадамы бойынша ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес үш деңгейлі есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіру

«Атамекен» ҰКП қарсы және кәсіпкерлік саласындағы жаңа реттеу саясаты шеңберінде қосымша талқылауды талап етеді. «Қазақстандық Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы, «Kazenergy» қауымдастығы, «Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы» ЗТБ, «Еуразиялық өнеркәсіптік ассоциация» ЗТБ, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығы» ЗТБ, сараптама және қоғамдық кеңестің басқа мүшелері ұсынылған шешіммен келіседі.

2

Тауар биржаларында жасалған мәмілелерді трансферттік баға белгілеу бойынша бақылаудан босатуды жою

«Атамекен» ҰКП қарсы және тауар биржаларында жасалған мәмілелерді трансферттік баға белгілеу бойынша бақылаудан босататын ТББ туралы Заңда норма қалдыруды талап етеді.

«Қазақстандық Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы, «Kazenergy» қауымдастығы, «Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы» ЗТБ, «Еуразиялық өнеркәсіптік ассоциация» ЗТБ, «Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының Республикалық қауымдастығы» ЗТБ, сараптама және қоғамдық кеңестің басқа мүшелері ұсынылған шешіммен келіседі.

3

Өзара байланысты тараптарды айқындауды кеңейту.

«Атамекен» ҰКП, «Еуразиялық өнеркәсіптік ассоциация» ЗТБ, «Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ЗТБ бұл шешімге қарсы.

 «Қазақстандық Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы, «Kazenergy» қауымдастығы, «Қазақстанның салық төлеушілер қауымдастығы» ЗТБ, сараптама және қоғамдық кеңестің басқа мүшелері ұсынылған шешіммен келіседі.

4

Интеркартильді диапазонды қолдану.

Келіседі.

5

Нарықтық бағаны айқындау әдістерін қолдануды жетілдіру

Келіседі.

  1. Заң жобасының қабылдау мақсаттары

Заң жобасын әзірлеу мен қабылдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнамасын жетілдіру және трансферттік баға белгілеуді және капиталды елден шығаруды бақылау шараларын күшейту болып табылады.

  1. Заң жобасын реттеу нысанасы

Халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде мемлекеттік кіріс ысырабын болдырмау мақсатында трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастар.

  1. Заң жобасының құрылымы мен мазмұны

Заң жобасы екі баптан тұрады.

1-бапта Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді:

«Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі.

2-бапта Заң жобасын қолданысқа енгізудің мерзімдері мен тәртібі айқындалады.

  1. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдар

Ұсынылып отырған заң жобасын қабылдау трансферттік баға белгілеуге және капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтуді қамтамасыз етуге жағымды әсер етеді, бұл халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелерде мемлекеттік кіріс ысырабының алдын алуға оң әсер етеді.

Заң жобасы қабылданған жағдайда теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар болжанбайды.

  1. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжанатын қаржы шығындары

Заң жобасын іске асыру бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді.

  1. Басқа заңнамалық актілерді әзірленетін заң жобасына бір мезгілде (кейіннен) сәйкес келтіру қажеттігі.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі.