
Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР Парламенті Сенатының отырысында 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды.
Өз сөзінде ол нақтылау шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ мемлекеттің бұрын қабылданған шұғыл міндеттемелерін іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілгенін атап өтті.
Осылайша, бюджет түсімдері 2,7 трлн. теңгеге яғни, 15,8 трлн. теңгеге дейін ұлғайтылды.
Қаражаттың басым бөлігі күштік құрылымдар мен төтенше жағдайлар жөніндегі органдардың жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыруға, өңірлер мен бизнесті қолдауға, халықтың табысын арттыруға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономиканы әртараптандыруға бағытталатын болады.
Экономиканың нақты секторын қолдауға 1,3 трлн. теңге, тиісінше, осы бағыттың үлесі шығыстардың жалпы көлемінде 5%-тен 18% - ке дейін ұлғайды.
Ерұлан Жамаубаев сондай-ақ көлемі 8,6 трлн теңгеге дейін өсетін әлеуметтік блок шығыстарының параметрлері немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 46% туралы айтып берді.
Осылайша, қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, медициналық көмек көрсетуге, еңбек нарығын дамытуға және жастарды қолдауға бағытталатын болады.
Жалпы, барлық жүргізіліп жатқан шаралар экономика мен өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың табысының өсуін қамтамасыз етуі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуы тиіс, деп атап өтті Жамаубаев.