ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Апелляциялық комиссия 8 шағымды қарау нәтижелері бойынша 4 шағым бойынша тексеру нәтижелерін толық немесе ішінара негізсіз деп таныды

ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Апелляциялық комиссия 8 шағымды қарау нәтижелері бойынша 4 шағым бойынша тексеру нәтижелерін толық немесе ішінара негізсіз деп таныды

Салықтық және кедендік тексерулерге шағымдарды қарау жөніндегі Апелляциялық комиссияның кезекті отырысында салықтық тексерулерге 8 шағым бойынша материалдар қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша 4 тексеру нәтижелері немесе 50% негізсіз деп танылды.

Даудың бір мысалын, атап айтқанда, өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде жұмыстар мен қызметтер түріндегі табысты айқындауға қатысты мәселені егжей - тегжейлі қарастырайық (Салық кодексінің 238-бабы).

Сонымен, «А» ЖШС (мердігер) мен «В» ЖШС (Тапсырыс беруші) арасында жұмыстар мен қызметтерді орындауға шарттар жасалды. Шарттың талаптарымен Тапсырыс беруші ұсынған жабдықта жасалуы тиіс жұмыстар мен қызметтер айқындалған, яғни Шартта «А» ЖШС қызмет көрсететіні, оның ішінде Тапсырыс берушінің жабдығын пайдаланатыны белгіленген.

 Тапсырыс беруші берген жабдық бухгалтерлік және салықтық есептерде көрсетілген, кіріс алуға бағытталған қызметте пайдаланылған, бұл қарсы тексеру актісімен расталған. Мердігер Тапсырысшының тапсырмасына орай шарт бойынша белгілі бір жұмысты орындауға және жұмысты белгіленген мерзімде тапсыруға міндеттенеді.

Салықтық тексеру нәтижелері бойынша «В» ЖШС-дан (Тапсырыс беруші) «А» ЖШС-нің атына (Мердігер) берілген жабдық бойынша аммортизациялық аударымдар түріндегі құнның бір бөлігі «В» ЖШС-нің жабдығын пайдалана отырып жұмыстар, қызметтер жүргізуге жасалған шарт шеңберінде «А» ЖШС дан өтеусіз алынған мүліктен кіріс деп танылды.

Отырыс барысында Апелляциялық комиссия мүшелері өтеусіз алынған мүлік құнының бір бөлігін кіріске қосу бойынша салықтық тексеру нәтижелерінің күшін жоюға көпшілік дауыспен дауыс берді, өйткені Тапсырыс беруші мен Мердігер арасында жасалған шарттың талаптары Азаматтық кодекстің 616-бабының нормаларына сәйкес келеді, ал тексерушілердің дәлелдері Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 238-бабының нормаларына қайшы келеді.

Шағымды қарау нәтижелері бойынша уәкілетті органның шешімі Апелляциялық комиссияның пікірін ескере отырып, салық төлеушінің пайдасына «А» ЖШС пайдасына шешілді.