
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын ұсынды.
Өз сөзінде ол нақтылау шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ бұрын қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілгенін атап өтті.
Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға 197 млрд.теңге бөлінеді. Бұл жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін шағын несиелер ұсыну, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және басқа да маңызды іс-шаралар.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары шеңберінде агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға, ауыл шаруашылығындағы көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемін ұлғайтуға қосымша қаражат көзделген.
Сондай-ақ, ол өңірлерді дамыту үшін қосымша 476 млрд.теңге қарастырылғанын атап өтті.
Сөз соңында Ерұлан Жамаубаев ағымдағы жылға арналған Республикалық бюджеттің параметрлері туралы айтып берді.
Осылайша, бюджет түсімдері 15,8 трлн. теңге, шығыстар 18,8 трлн. теңге, бюджет тапшылығы бұрын бекітілген деңгейде сақталды.
Жалпы, барлық жоспарланған шаралар экономика мен өңірлердің дамуына серпін беріп, халықтың табысының өсуін қамтамасыз етуі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуы тиіс, деп атап өтті Жамаубаев.