
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады.
Министр баяндамасында кірістер жоспары 18 млрд. теңгеге, оның ішінде салық 9 млрд. теңгеге артығымен орындалғанын атап өтті. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы шикі мұнайдан, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтан, корпоративтік табыс салығынан және электрондық сауда алаңынан түседі.
Жер қойнауын пайдаланушыларды салықтық әкімшілендіру нәтижесі бойынша қазынаға қосымша шамамен 16,5 млрд. теңге түсті.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,9%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 97,7%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96%-ке орындалды.
Министр биылғы жылдың 2 айында 149 мыңға жуық мемлекеттік сатып алу рәсіміне камералдық бақылау жүргізілгенін және 328 аудиторлық іс-шара өткізілгенін айтты. Тексеру қорытындысы бойынша 7 437 мемлекеттік сатып алу рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды, оның ішінде бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 90%-тен астамы мемлекеттік аудит объектілерімен орындалды деді.
Сөз соңында Ерұлан Жамаубаев жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыруы туралы ақпаратпен бөлісті.