
Бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Қаржы министрлігі кедендік шекарада тәртіп орнатуға бағытталған жедел шаралардан бөлек жүйелі шараларды да қабылдауда. Атап айтқанда, кедендік әкімшілендіруді цифрландыру шеңберінде, ең алдымен «АСТАНА-1» және «Е-терезе» ақпараттық жүйелері жетілдірілуде. Бүгінде 5 мыңға жуық пайдаланушы тіркелген және мемлекеттік органдармен 15 интеграция іске асырылған.
Электрондық шот-фактуралар негізінде тауарларды бақылап отыру жүйесі жұмыс істейді, ол импорттан тұтынушыға дейінгі өткізудің бүкіл тізбегі бойынша салықтық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Тауарларды өткізу маршрутын бақылау үшін навигациялық пломбалар қолданылатын болады. Тәуекелдерді басқару жүйесіне деректерді зияткерлік талдау енгізіледі және субъектіге бағдарланған тәсіл, сондай-ақ кедендік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі шаралар кешені жетілдіріледі.
Қытаймен екіжақты келіссөздер шеңберінде кедендік статистиканың алшақтықтарының себептерін айқындау және оны азайту үшін деректерді салыстыру мәселелері пысықталатын болады.
Министр сөз соңында уәкілетті экономикалық операторларға қойылатын біліктілік талаптарын күшейту және кеден саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қажеттігін атап өтті.