
12.03.2021 шығарылым
Инвестиция тартуға бірінші басшылар жауапты
Әрбір министр, әрбір әкім ішкі және сыртқы инвестицияны тарту үшін үздіксіз жұмыс жасауы керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Инвестициялық белсенділіктің жаһандық төмендеуі жағдайында сапалы инвестиция тартуға бәсекелестік өте жоғары. Отандық және шетелдік инвесторларды белсенді тарту арқылы жекешелендіру жоспарын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Әрбір министр, әр әкім және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары ішкі және сыртқы инвестиция тарту үшін үздіксіз жұмыс жасауы керек»,- деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, әрбір инвесторға салатын капитал көлемі мен жобаның басымдығына қарай жеке қолдау шаралары ұсынылады. Биылғы қаңтар-ақпанда негізгі көрсеткіштер бойынша Алматы және Ақмола облыстарында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары. Ал, ең төмен көрсеткіштер Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Министрлер мен әкімдерге жұмысты жандандырып, тиісті шаралар қабылдауды және міндеттерді нақты орындауды тапсырамын», - деді Асқар Мамин.
///
Мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн теңге кіріс түсті
Ағымдағы жылдын алғашқы екі айында қазына қаржысы шамамен 1,5 трлн тенгемен толықты. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында хабарлады. Министрдің баяндамасына сүйенсек, межеленген жоспар 124,3% орындалған. Атап айтқанда, республикалық бюджетке 899 млрд, жергілікті бюджетке – 574 млрд.тенге кіріс түсті.
Министрдің айтуынша, салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы пайдалы қазбаларды өндіру салығына, қосылған құн салығына және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажына тиесілі болды. Бұған негізінен экспорттық позицияларға бағаның орташа есеппен 11,2 пайызға ұлғаюы әсер етті.
Ерұлан Жамаубаев, өз баяндамасында жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу саласында 23 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталғанын да хабарлады.
///
Теңгенің әлсіреуіне әсер еткен себептер
Наурыз айының басынан теңге 0,8 пайызға әлсіреді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Теңгенің әлсіреуіне негізінен биылғы ақпанда мұнай бағасы ОПЕК+ елдерінің шикізат өндіруді қысқартуы, АҚШ-тағы температураның өте төмен болуы, әлемде Covid-19 ауруының төмендеуі нәтижесінде жылдық рекордтан асып түскені әсер еткен.
////
Мемлекеттік кірістер комитеті ел азаматтарын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын пайдалануға шақырды
«E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерін 370 мыңға жуық азамат пайдаланып үлгерді, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде.
Түзету сервисін – 10 мың адам пайдаланып үлгерген. Оның ішінде 6,4 мың автокөлік иелері уәкілетті органдағы деректерді дұрыстаған.
Сондай-ақ, артық төлемді басқару сервисінің көмегімен 7 мың азамат смартфон арқылы артық төленген салықтарын басқа салықтарына аударған. Жалпыға бірдей декларациялау аясында активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны 207 мың адам тапсырған.
«E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында қандай қызмет түрлері қолжетімді? Бұл сауалға Мемлекеттік кірістер комитетінің "Байланыс орталығы" басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаева жауап берген болатын.
///
Қазақстан қор биржасының мәліметі бойынша, теңгенің 1 долларға қатысты бағамы 418,98 теңгені құрады. Таңғы сауда-саттық мәліметіне қарағанда, доллар бағамы 10 наурыздың кешімен салыстырғанда 1,79 теңгеге төмендеді.
Сөз соңында ауа-райы мәліметтері. Қазгидрометтің хабарлауынша ертен Нұр-Сұлтанда күн бұлтты, 13-15градус нөлден төмен, ал Алматыда күн ашық сынап бағанасы +10-12градусты көрсетеді.