
Құрметті депутаттар!
2018 жылы экономиканың негізгі салаларында оң өсу қарқыны сақталды.
Оған экономиканы диверсификациялау, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіп саласын дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру және ішкі тұтыну белсенділігін біртіндеп қалпына келтіру себеп болды.
Негізгі капиталға инвестициялар да экономиканың өсуіне ықпал жасады. 2018 жылы олардың көлемі 17% өсті.
Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі өнеркәсіпте - 27%, құрылыста - 21%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда - 20%, ауыл шаруашылығында - 14% байқалды.
Нәтижесінде, Жалпы Ішкі Өнімнің өсу қарқыны 4,1%-ті құрады.
Осындай макроэкономикалық жағдайда атқарылған республикалық бюджет келесі көрсеткіштермен сипатталады.
Кірістер 2,3%-ке артығымен орындалды, бюджетке 5,8 трлн.теңге түсті.
Салықтар 2017 жылмен салыстырғанда 17,5%-ке өсіп, 846 млрд.теңге көлемінде бюджетке қосымша жиналды.
Шығыстар 99,8%-ке орындалып, 9,6 трлн.теңгеге атқарылды.
Республикалық бюджеттің әлеуметтік шығыстардың үлесі 44% болып қалыптасты (2017 ж. тиісінше 34%).
Бюджет тапшылығы 729 млрд.теңгені құрады.
Ол жоспардан 17,5%-ке төмен және Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 1,2%.
***
Енді, сіздер Есепті қарау кезінде көтерген негізгі мәселелер туралы толығырақ айтып өткім келеді.
КІРІСТЕР БОЙЫНША
Үкімет есебін талқылау кезінде салықтардың базасын кеңейту, салықтар бойынша артық төлеудің өсуі және аванстық төлемдерді болдырмау сияқты жүйелі мәселелер көтерілді.
Салық-кеден саласындағы әкімшілендіруді әрі қарай цифрландыру - салықтық түсімдердің көлемін ұлғайтуда басты роль атқарады.
Цифрландырудағы басты мақсат – тауарлардың қозғалыс цикліне тікелей мониторинг жасау - импорттан (өндірушілерден) бастап, олардың тұтынушыға сатылуына дейінгі процессін қамту.
Бұл жұмыс 2018 жылы басталды.
Ол «АСТАНА-1», «Тауарларды таңбалау», «Электронды шот-фактуралар», «Тәуекелдік басқару жүйесі», «Виртаулды қойма» модулі сияқты ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асуда.
Тауарлардың қозғалысына онлайн мониторинг жүргізу көлеңкелі экономиканы төмендетуге және салықтардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Осы ақпараттық жүйелердің жұмысының нәтижесі шоғырланған бюджетке түсетін салықтардың үлесінің Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 18,6%-ті құрауына өз үлесін қосты (жоспар 16,9% болатын).
Берешектің (недоимка) көлемін азайту үшін «Тәуекелдерді басқару жүйесі» ақпараттық жүйесінде электрондық шот-фактуралардың мәліметтері негізінде тәуекелдерді ерте анықтау бойынша модель әзірленді.
Бұл берешек пайда болғанға дейін жоғары тәуекелді салық төлеушілердің заңсыз қызметінің жолын кесуге мүмкіндік береді.
Тағы бір проблемалық мәселенің бірі – ол артық төлеу сомасының көлемі (1,7 трлн.теңге) және өсуі, аванстық төлемдер.
Артық төлеудің 80% астамы қосылған құн салығына келеді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығын әкімшіліктендірудің ашықтығын арттыру мақсатында «Blockchain технологиясын қолдана отырып, ҚҚС әкімшілендіру» ақпараттық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды.
Бұл жүйе салық төлеушілерге ҚҚС-ғын кепілді қайтаруға және артық төлемнің азаюына мүмкіндік береді деп сенеміз.
Аванс арқылы салықтық түсімдердің жоспарын орындау алдындағы жылдары шынында да орын алды. Оларды болдырмау үшін 2018 жылы соңында тиісті бұйрық қабылданды.
«Салықтық алшақтық» ұғымын енгізуді біз жұмыс тобында егжей-тегжейлі талқылаймыз. Әртүрлі түсінуді болдырмау үшін оның есептелуінің нақты әдіснамасы болуы қажет.
ШЫҒЫСТАР БОЙЫНША
Есепті қарау кезінде бюджет қаражатын пайдалану бойынша біраз маңызды сұрақтар қойылды.
Олар – стратегиялық және бюджеттік жоспарлаулардың бір-бірінен алшақтығы, олардың индикаторларының сапасыз жоспарлануы.
Бұл жыл сайын көтерілетін мәселенің бірі.
Мемлекеттік органдар 5 жылға стратегиялық жоспар қабылдайды. Бірақ, бюджет шығыстарының жоспарлануы әлі де болса шығындық әдіспен, яғни өткен жылдың қортындысы негізінде қалыптасып отыр.
Сол себепті бюджеттік жоспарлау процессін түбегейлі өзгерту мақсаты алдымызда тұр.
Бюджетті жоспарлау кезінде, біріншіден, мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттары мен мақсаттары талданатын болады.
Екіншіден, сұралып отырған шығыстардың экономикаға және әлеуметтік жағдайға әсері бағаланатын болады.
Үшіншіден, нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаржылық басқаруда дербестігі ұлғайтылады.
Осы шаралар Бюджеттік кодексіне енгізілетін болады.
Бұдан басқа, тиісті жұмыс топтары негізгі мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі тұрғысынан қайта қарауда.
Мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметі олардың қажеттілігі немесе бәсекелестік ортаға беру мүмкіндігі де талданады.
Оның ішінде, миллиардтаған бюджет қаражаты жұмсалатын мемлекеттік тапсырмалар да қайта қаралады.
Есепті жұмыс топтарында қарау кезінде ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялардың тиімділігі және олардың уақытылы түпкілікті қаражат алушыларға жетуі туралы сөз болды.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша субсидиялардың жартысы автоматтандырылды.
Ағымдағы жылдың аяғына дейін бұл автоматтандыруды субсидиялардың барлық түрлеріне таратуды жоспарлап отырмыз.
Енді Үкімет есебінің құрылымына келетін болсақ, онда барлық қажетті ақпарат бар: стратегиялық бағыттар, нысаналы индикаторлар, бюджеттік бағдарламалардың игерілуі және олардың тікелей, түпкілікті нәтижелерінің орындалуы.
Бірақта, олардың әрқайсысы есепте жеке берілген.
Сондықтан, оларға салыстырмалы талдау жүргізу қиынға соғады.
Осыған байланысты, Парламентке ұсынылатын Үкіметтің жылдық талдамалық есебінің құрылымын өзгерту мүмкіндігін қарастырамыз.
Жыл сайын қозғалатын проблеманың бірі – ол квазимемлекеттік субъектілердің шоттарындағы қалдықтар.
Өткен жылы бюджеттік заңнамаға өзгертулерге сәйкес, осы субъектілердің шоттарында қалыптасқан қалдықтар үнемдеу болған жағдайда, басқа жобаларға пайдалануға мүмкіндіктері бар.
Бірақ, бұл норма мәселені түбірлі шешпей отыр.
Сол себепті, бюджет рәсімдерін жетілдіру тобында көп жылдар бойы пайдаланылмай жатқан квазимемлекеттік субъектілері шоттарындағы қаражаттарды бюджет кірісіне қайтару нормасы талқылануда.
МЕМЛЕКЕТТІК БОРЫШТАР ТУРАЛЫ
Есепті талқылау кезінде мемлекеттік борыштың өсуіне және квазимемлекеттік субъектілердің борыштарына аса назар аударылды.
Үкіметтің алдындағы басты міндет – ол мемлекеттік борыштың көлемін қауіпсіз деңгейде сақтау.
Ол үшін, біз бюджеттің күтілетін кірістерін және әлеуметтік төлемдердің өсуін ескере отырып он жылдық кезеңге ықтимал қарыз жүктемесін есептейміз.
Мемлекеттік борыш есепті жылдың соңында төмен деңгейде қалып отыр. Оның мөлшері Жалпы ішкі өнімге шаққанда 25,8%-ті құрады.
Құрметті депутаттар!
2018 жылғы республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштері мен Сіздер көтерген маңызды мәселелерді шешу жолдары осындай.
Есепті қарау кезінде барлық салалар бойынша
160-тан аса сұрақтармен ұсыныстар айтылды.
Олардың барлығына жауап беруге тырыстық.
Үкіметтің Есебін қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рақмет!