Қаржы министрлігі 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы Сенатта баяндама жасады

Қаржы министрлігі 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы Сенатта баяндама жасады

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бірінші орынбасары Б.Шолпанқұловтың Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатының жалпы отырысында 2018 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі.

2018 жылы экономиканың негізгі салаларында оң өсу қарқыны сақталды.

Оған экономиканы диверсификациялау, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіп саласын дамыту мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру және ішкі тұтыну белсенділігін біртіндеп қалпына келтіру себеп болды.

Негізгі капиталға инвестициялар да экономиканың өсуіне ықпал жасады. 2018 жылы олардың көлемі 17%-ке өсті.

Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі өнеркәсіпте - 27%, құрылыста - 21%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда - 20%, ауыл шаруашылығында - 14%-ке өсу байқалды.

Нәтижеде, Жалпы Ішкі Өнімнің өсу қарқыны 4,1%-ті құрады.

Осындай макроэкономикалық жағдайда атқарылған республикалық бюджет келесі көрсеткіштермен сипатталады.

Кірістер 2,3%-ке артығымен орындалды, бюджетке 5,8 трлн.теңге түсті.

Салықтар 2017 жылмен салыстырғанда 17,5%-ке өсті немесе бюджетке қосымша 846 млрд.теңгеге көп түсті.

 

Шығыстардың атқарылуы 99,8%-ті немесе 9,6 трлн.теңгені құрады.

Республикалық бюджеттегі әлеуметтік шығыстардың үлесі 44%-ті құрады (2017 ж. - 34%).

Бюджет тапшылығы 729 млрд.теңге деңгейінде қалыптасты.

Бұл жоспардан 17,5%-ке төмен және Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 1,2%-ті құрады.

***

Енді, Есепті қарау кезінде айтылған негізгі мәселелерге барынша толық тоқтап өткім келеді.

КІРІСТЕР БОЙЫНША

Үкімет есебін талқылау кезінде салық салынатын базаны кеңейту, артық төлемнің өсуі, сондай-ақ аванстық төлемдерді болдырмау сияқты жүйелі мәселелер көзғалды.

Салық түсімдерін ұлғайтуда басты роль салық-кедендік әкімшілендіру рәсімдерін цифрландыруға бөлінген.

Цифрландырудың басты мақсаты – тауарларды импорттаудан (өндірушілерден) бастап, олардың тұтынушыға сатуға дейін қозғалысты үздіксіз мониторинг жасау.

Бұл жұмыс 2018 жылы «АСТАНА-1», «Тауарларды таңбалау», «Электронды шот-фактуралар», «Тәуекелдік басқару жүйесі» сияқты ақпараттық жүйелер, «Виртаулды қойма» модулі арқылы жүргізіліп басталды.

Тауарлар қозғалысын онлайн мониторинг жасап отыру салық түсімдерінің көлемін ұлғайту және көлеңкелі экономиканы төмендетуге мүмкіндігін береді.

Осы ақпараттық жүйелердің жұмыс нәтижесінде шоғырланған бюджетке Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 18,6% мөлшерде салық түсті (жоспар 16,9%).

«Тәуекелдерді басқару жүйесі» ақпараттық жүйесінде берешек (недоимка) көлемін азайту үшін электрондық шот-фактуралар деректері негізінде тәуекелдерді анықтау бойынша модель әзірленді.

Бұл модель берешек пайда болғанға дейін тәуекелі жоғары салық төлеушілердің заңсыз қызметінің жолын кесуге мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды мәселе – ол артық төлем сомасының көлемі (1,7 трлн.теңге), олардың өсуі, аванстық төлемдер.

Артық төлемнің 80%-тен астамы қосылған құн салығына келеді.

Қосылған құн салығын әкімшіліктендіру ашықтығын арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Blockchain технологиясын қолдана отырып, ҚҚС әкімшілендіру» ақпараттық жүйесі пилоттық режимде іске қосылды.

Бұл жүйе салық төлеушілерге ҚҚС-ті кепілді қайтаруға және артық төлемнің азаюына мүмкіндік береді деп сенеміз.

Аванс беру жолымен салықтық түсімдердің жоспарын орындау алдыңғы жылдары шынында да орын алған. Оларды болдырмау үшін 2018 жылдың соңында тиісті бұйрық қабылданды.

«Салықтық алшақтық» ұғымын енгізуді біз жұмыс тобында толық талқылаймыз. Әртүрлі түсінуді болдырмау үшін оны есептеудің нақты әдіснамасы болуы қажет.

ШЫҒЫСТАР БОЙЫНША

Есепті қарау кезінде бюджет қаражатын пайдалану бойынша біраз маңызды сұрақтар қойылды.

Бұл – стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара алшақтығы және индикаторларының сапасыз жоспарлануы.

Бұл мәселелер жыл сайын көтеріледі.

Мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарды 5 жылға қабылдайды. Бірақ, бюджет шығыстарын жоспарлау әлі де болса шығындық әдіспен, яғни өткен жылдың қортындысы негізінде қалыптасып отыр.

Сол себепті бізге жалпы бюджеттік жоспарлау процесін түбегейлі өзгерту қажет.

Бюджетті жоспарлау кезінде, бірінші кезекте мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттары мен мақсаттарына талдау жасалады.

Екіншіден, экономикаға және әлеуметтік жағдайға сұратылған шығыстардың әсеріне бағалау жүргізіледі.

Үшіншіден, нәтижеге қол жеткізу үшін бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бюджет қаражатын басқаруда дербестік берілетін болады.

Осы шаралар Бюджеттік кодексінде көрініс табады.

Бұдан басқа, негізгі мемлекеттік бағдарламалар мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі тұрғысынан тиісті жұмыс топтарында қаралуда.

Сол сияқты мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметіне, олардың қажеттілігіне немесе оларды бәсекелес ортаға беру мүмкіндігіне де талдау жасалады.

Оның ішінде, миллиардтаған бюджет қаражаты жұмсалатын мемлекеттік тапсырмалар да қайта қаралады.

Жұмыс топтарында қарау кезінде ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялардың тиімділігі және түпкі алушыға олардың уақтылы жетуі туралы сөз болды.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша субсидиялардың жартысы автоматтандырылды.

Ағымдағы жылдың аяғына дейін бұл автоматтандыру процесін субсидиялардың барлық түріне қолдануды жоспарлап отырмыз.

Енді Үкімет есебінің құрылымына келетін болсақ, онда стратегиялық бағыттар, нысаналы индикаторлар, бюджеттік бағдарламалардың игерілуі және олардың тікелей, түпкілікті нәтижелерінің орындалуы сияқты барлық қажетті ақпарат бар.

Алайда, олар есепте жеке-жеке берілген.

Сондықтан, оларға салыстырмалы талдау жүргізу аса қиынға соғады.

Осыған байланысты, Парламентке ұсынылатын Үкіметтің жылдық талдамалық есебінің құрылымын өзгерту мүмкіндігін қарастырамыз.

Жыл сайын қозғалатын проблеманың бірі – бұл квазимемлекеттік сектор субъектілері шоттарындағы қалдықтар.

Өткен жылы бюджеттік заңнамасына сәйкес, осы субъектілердің шоттарында қалдықтарды үнемдеу болған жағдайда, ол ақшаны басқа жобаларға пайдалану мүмкіндігі берілген.

Бірақ, бұл норма мәселені толық шешпей отыр.

Сондықтан да, бюджет процесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобында квазимемлекеттік сектор субъектілері шоттарында көп жылдар бойы пайдаланылмай жатқан қаражатты басқа жобаларға пайдалану нормасы талқылануда.

МЕМЛЕКЕТТІК БОРЫШТАР ТУРАЛЫ

Есепті талқылау кезінде мемлекеттік борыштың және квазимемлекеттік сектор борышының өсуіне аса назар аударылды.

Үкіметтің алдындағы басты міндет – мемлекеттік борыштың көлемін қауіпсіз деңгейде сақтау.

Ол үшін, біз бюджеттің күтілетін кірістерін және әлеуметтік төлемдердің өсуін ескере отырып он жылдық кезеңге ықтимал қарыз жүктемесін есептейміз.

Мемлекеттік борыш есепті жылдың соңында барынша төмен деңгейде қалды. Оның көлемі Жалпы ішкі өнімге шаққанда 25,8%-ті құрады.

Сыртқы үкіметтік, кепілдірілген, квазимемлекеттік борыш 35,9 млрд. долларды құрады.

Бұл 2017 жылға қарағанда 4 млрд. долларға төмен.

2018 жылғы республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштері мен Сіздер көтерген маңызды мәселелерді шешу жолдары осындай.

Есепті қарау кезінде экономиканың барлық салалар бойынша 200-ден астам сұрақтар және ұсыныстар айтылды.

Олардың барлығына жауап беруге тырыстық.

Үкіметтің Есебін қолдауларыңызды сұраймын.