
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Құрметті әріптестер!
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қаржы министрлігінің қызметіне қатысты екі мәселеге ерекше назар аударды.
Бұл – бюджет шығыстарын оңтайландыруды және салықтық-кедендік әкімшілендіруді күшейту, оның ішінде цифрландыру арқылы жақсарту.
Президент тапсырмаларының тез арада орындалуын қамтамасыз ету үшін келесідей шаралар қабылданады.
.
Бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында:
- республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландырудың әдістемелік негізі әзірленеді;
- мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесіне «Сатып алудың бірыңғай терезесі» сервисі қосылады;
- мемлекеттік органдарды автокөлікпен қамтамасыз етудің жаңа нұсқасы әзірленеді;
- дағдарысқа қарсы жұмсалатын қаражат тиімділігінің мониторингі мен бақылауы күшейтіледі;
- мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізіледі.
Бұл ретте, Асқар Ұзақбайұлы, барлық мемлекеттік органдар мен бағдарлама операторларына келесідей тапсырма беруіңізді сұраймын:
- ағымдағы жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімде мемлекеттік және салалық бағдарламалардың көрсеткіштері мен нысаналы индикаторлары бөлігінде Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін мониторингтеу әдістемесіне ұсыныстар енгізу;
- ай сайын Қаржы министрлігіне мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жөніндегі тиісті ақпарат беруді қамтамасыз ету.
Осы шаралардың барлығы Мемлекет Басшысының тапсырмаларын және жаңа бастамаларды қаржыландыру үшін қосымша ресурстарды анықтауға, сондай-ақ бюджеттік жоспарлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Салықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ашылған жұмыс орындары және жұмысқа орналастырылған азаматтар туралы мәліметтерді электрондық түрде қабылдау қамтамасыз етіледі.
Жақында бюджеттен, оның ішінде Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде қаржыландырылған мемлекеттік бағдарламалардың қатысушыларын қашықтықтан бақылау және талдау жүргізілді.
7,2 млрд. теңгеге 20 мыңға жуық бұзушылық анықталып, дер кезінде жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіледі.
Салықтық әкімшілендіруді оңайлату және жеңілдету бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Олар тауарларды бақылау жүйесін, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен электрондық пломбаларды енгізуді қамтиды. Бұл контрагенттер арасындағы іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Бұдан басқа, қосылған құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарлануда, бұл салық төлеуден жалтару тәуекелін айтарлықтай төмендетеді және қолма-қол ақша алу жөніндегі мәмілелерді қысқартады.
Қашықтан өзара әрекеттесуге негізделген ірі бизнестің көлденең мониторингі бойынша пилоттық жоба басталды.
Сонымен қатар, жеке тұлғалардың мүлкі мен жеріне салынатын салықтар біріктірілді.
Көп пәтерлі тұрғынүйлердің меншік иелері үшін жер салығы алынып тасталды.
Жеке тұлғалардың меншігіне салық төлеу ыңғайлы болу үшін «E-Salyq Azamat» мобильдік қосымшасы әзірленді.
POS-терминал мен онлайн – бақылау кассалық машинасын қолданатын жеке кәсіпкерлердің салық есептілігін ұсынудан босату бөлігінде «E-Salyq-business» қосымшасы әзірленуде.
Тұтастай алғанда, жеке кәсіпкерлерді тіркеу мен жабуды оңайлату, салық есептілігін тапсыруды, банк комиссиясын және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау көзделеді.
Оффшорлық юрисдикцияларға транзакциялар бойынша оффшорлық алымды енгізуді қамтамасыз ету үшін уәкілетті органмен бірлесіп заңнамаға қажетті түзетулер пысықталуда.
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін мемлекет шекарасындағы заңсыз сауда айналымына қарсы кедендік әкімшілендіруді жақсартуды көздейтін Кешенді бағдарлама әзірленетін болады.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда 100% электронды кедендік декларациялау жүзеге асырылды.
«Бірыңғай терезе» және «АСТАНА-1» АЖ-і енгізілді, Тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану басталды.
Қытай Халық Республикасымен тауарлардың экспорттық декларацияларының мәліметтерін онлайн режимде алмасу жүргізілуде.
Осыған ұқсас жұмыстар басқа елдермен де жүргізілетін болады.
Арнайы займ шеңберінде 9 авто және 1 т/ж өткізу пунктін жаңғырту жоспарлануда.
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында қойған барлық тапсырмалары сапалы және мерзімінде орындалатын болады.
Назарларыңызға рақмет!
Баяндама аяқталды.