Үкімет отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту туралы» мәселе бойынша баяндама

Үкімет отырысында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту туралы» мәселе бойынша баяндама

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

 

Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, тұрақты негізде жергілікті қамтуды қолдау бойынша жұмыс жүргізуде.

 

ЖҰМЫС БОЙЫНША ҚАБЫЛДАНҒАН ШАРАЛАР

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында келесі шаралар қабылданды:

Біріншіден, ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу бойынша Үкіметтің 2 қаулысы қабылданды. Олар:

1) авто, трансформаторлар және кабельдер;

2) жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз және цемент.

Екіншіден, көрсетілген позициялар алдын ала біліктілік іріктеу (АБІ) арқылы конкурс тәсілімен ғана сатып алынатын тауарлар тізбесіне енгізілді.

Алдын ала біліктілік іріктеуінен өтудің негізгі критерийі – индустриялық сертификаттың болуы.

 

Үшіншіден, Мемлекеттік сатып алу туралы заңда тапсырыс берушілердің техникалық ерекшеліктерде ұлттық стандарттарды көрсету міндеті белгіленді.

 

Төртіншіден, Отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген құрылыс материалдарын пайдалануды көздейтін құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттар бекітілді.

 

ҚОЛДАНЫЛАТЫН ШАРАЛАР

Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту барысында Парламенттегі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасында мынадай түзетулер анықталуда:

 

Біріншіден, мемлекеттік сатып алуларда тауарларды кепілді сатып алуды (оффтейк-келісімшарттар) пайдалану.

 

Екіншіден, ұлттық стандарттарға, Индустриялық сертификаттарға және СТ-КЗ сертификаттарына байланыстыру арқылы,    реттелетін сатып алудың барлық түрлері үшін бірыңғай кодификацияны пайдалана отырып, тауарлардың Электрондық каталогын енгізу.

 

Үшіншіден, мемлекеттік сатып алуларды толық орталықтандыруға көшу. Бұл жергілікті қамтуды арттыру мәселелерін орталықтан реттеуге мүмкіндік береді.

 

ҚОРЫТЫНДЫ:

Бұл ретте, аталған шаралардың ішінен отандық өндірушілерді қолдаудың ең тиімді механизмі ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу болып табылатынын атап өткен жөн.

Сондықтан бейінді министрліктерге осы құралды неғұрлым белсенді пайдалану ұсынылады.