
ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің кеңейтілген отырысында биылғы 9 айдағы жұмыс қорытындысы шығарылып, қаржы саласындағы тәртіпті нығайту жөніндегі басым міндеттер айқындалды.
Алқалы отырыс ҚР Қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил мен ІМАК төрағасы Ержан Мыңжасаровтың төрағалығымен өтті. Жиынға құрылымдық бөлімшелер мен аумақтық департаменттердің басшылары қатысты.
Есепті кезеңде 829 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, олардың нәтижесінде 612,9 млрд теңге сомасына қаржылық кемшілік анықталды. Тиісінше 466,2 млрд теңге өтеліп, қалпына келтірілді.
Сондай-ақ аумақтық департаменттердің жұмыс нәтижелері мен бюджет қаражатының тиімді пайдалану мүмкіндігін арттыру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы жүйесінде қатаң тәртіпті сақтап, тиімсіз мемлекеттік шығыстарды қысқарту үшін бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізу қажеттігін атап өткен еді.
Өз кезегінде Даурен Маратұлы бюджет қаражатына бақылауды күшейтіп, аудиторлық тексеру жұмыстарының сапасын арттырып, анықталған сын-қатерге уақтылы әрекет етуді тапсырды.
Алдағы жұмыстың басым бағыттары ретінде мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыру, бұзушылықтардың алдын алуды күшейту және тәуекелі жоғары салаларда бюджет қаражатының пайдаланылуын қадағалау айқындалды.