
Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Осы ретте ұлттық экономиканың өсіміне әсер ететін жасанды интеллект элементтері бар толық автоматтандырылған жүйелердің бірі – мемлекеттік сатып алу саласында қарастырылғанын айта кеткен орынды.
ҚР Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау аясында 2024 жылы 1 шілдеде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң қабылданған болатын.
Оның негізгі мақсаты – мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, жеңілдету, бюрократияны азайту, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін автоматтандыруды нығайту болып саналады.
Аталған реформаның аясында рейтингті-балдық жүйені пайдалана отырып, конкурс арқылы сатып алу тәсілін кеңінен қолдану тәжірибесі жалғасып келеді. Осыған сәйкес жеңімпазды адамның орнына автоматты алгоритм анықтайтынын атап өткен жөн.
Басты артықшылығы да осы – жүйе адам факторға жол бермейді. Портал мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелеріндегі мәліметтерді (жұмыс тәжірибесі, төленген салықтар, «аумақтық», теріс көрсеткіштер және т.б.) автоматты түрде талдап, жеңімпазды анықтайды. Бұл қажетті процесті жеңілдетумен қатар жосықсыз қатысушыларды тежейтін тиімді тосқауыл.
Комиссия таңдауға әсер ете алмайтындықтан сатып алу қорытындыларына да шағым түсіру мүмкін емес.
Баршаға бірдей тең мүмкіндік. Жеңімпазды анықтаудағы өзекті өлшемшарттардың бірі – мердігерлер арасында жұмыс көлемін әділ бөлуге негізделген «теріс мәндер» болып саналады:
- неғұрлым келісімшарт көп болған жағдайда басқа қатысушылардың келесі конкурсты алу мүмкіндігі соғұрлым жоғарылай түседі, яғни биыл қолданыстағы әр келісімшарт үшін мердігерден 0,2% мөлшерінде шартты жеңілдік шегеріледі;
- кейінгі 5 жылда жосықсыз қатысушылардың тізімінде болғаны үшін шартты жеңілдіктің 0,2% шегеріледі.
Егер де бастапқы кезеңде рейтингті-балдық жүйенің негізіндегі конкурсты тапсырыс беруші құрылыс кезінде қолдануға құқылы болса, бүгінде бұл тетік құрылыс-монтаж жұмыстары, жобалау және инжинерлік қызметтерді жүзеге асыру кезінде міндеттелген.
Бұған қоса технологиялық прогресс жағдайында мұндай конкурстарды өткізу мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқарды.
Министрлік оң серпінді ескере отырып, сатып алу процесі тек рейтингті-балдық жүйенің негізіндегі конкурс арқылы жүзеге асырылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұл мейілінше қысқа мерзімде қызметін адал жүргізетін мердігерлерді (негізінен жергілікті) сатып алу жеңімпаздары ретінде анықтауға қолғабыс етеді.
Бұдан бөлек рейтингті-балдық жүйенің көмегімен өткізілетін конкурс шағын және орта бизнесті дамытып, қолдауға әсер етеді. Тиісті өңірлерде салық түсімін арттырып, құрылыс нарығын монополиядан арылтуға жол ашады.