Қаржы министрі Ә.А.Смайыловтың «2019 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы туралы» Үкіметтің отырысындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы баяндамасы

Қаржы министрі Ә.А.Смайыловтың «2019 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы туралы» Үкіметтің отырысындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы баяндамасы

Қаржы министрі Ә. Смайыловтың «2019 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы туралы» Үкіметтің отырысындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы баяндамасы

Өткен айдың қортындысы бойынша бюджеттің барлық деңгейлерінде  кірістер  артығымен орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 117,9%-ке, оның ішінде республикалық бюджеттің кірістері – 112,5%-ке, жергілікті бюджеттердің – 134,6%-ке асыра орындалды

Шығыстардың игерілу проценті  былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда жоғары. Мемлекеттік бюджет шығыстары 94%-ке (2018 жылдың 1 ақпанына – 90,5%), республикалық – 95,3% (91,9%), жергілікті бюджеттер  92,1%-ке (89,4%)  атқарылды. 

Енді, әр көрсеткіштер туралы толығырақ  баяндайын.

КІРІСТЕР

Мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда)  593 млрд.теңгені құрады.

Былтырғы жылдың қаңтар айындағы көрсеткішпен салыстырғанда олардың өсу қарқыны 128%-ті құрады.

Бюджетке 130 млрд.теңге кірістер көп түсті.

Республикалық бюджетке 428 млрд.теңге кірістер түсті.

Бұл жоспардан 47,6 млрд.теңгеге, ал былтырғы жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішінен  129 млрд.теңгеге  артық. Өсу қарқыны 143,1%.

Жоспардың асыра орындалу негізінен корпоративтік табыс (17,4 млрд. теңге)  және қосымша құн салықтары бойынша жүзеге асты (35,9 млрд. теңге).    

Жергілікті бюджетердің өз кірістері  43 млрд.теңгеге  артығымен орындалып, 166 млрд.теңгені құрады. Асыра  орындалу сомасының 81%-і, яғни 35 млрд.теңгесі салықтық түсімдерге келеді. Олардың ішінде жеке табыс салығына - 15 млрд.теңге және әлеуметтік салыққа – 14 млрд.теңге.

Кірістердің жоспары  Астана (71,7%) және Шымкент (87,3%) қалаларында орындалмай отыр.

Бұл жерде айтып өтетін мәселе – ол Астана каласы мен Алматы облысынан басқа барлық өңірлердің кірістерінің жоспары былтырғы жылдың фактісінен орташамен алғанда 60%-ке төмен бекітілген.

Сондықтан жергілікті атқарушы органдар кірістердің жоспарын қайта қарап, талдауы қажет.

ШЫҒЫСТАР

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 999 млрд.теңгені құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен  салыстырғанда олар 112,2%-ке өсті.

Республикалық бюджет шығыстары 951 млрд.теңгеге атқарылды. Оның   95%-і ағымдағы шығыстарға келеді.

 Бюджет қаражаты  47 млрд.теңгеге атқарылмады. Оның  10 млрд.теңгесі үнемдеу болады. Ал, игерілмеу сомасы 37 млрд.теңгені құрады. 

Негізгі себептер: конкурстық рәсімдерді ұзақ және уақтылы өткізбеу, орындалатын жұмыстардың бекітілген кестеден қалуы,  қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну.

 Есепті айды бюджет қаражатын игеру үшін ұйымдастыру іс-шараларын өткізу кезеңі деп айтуға болады.

Мемлекеттік сатып алу  процедураларының оңай қолданылуы бюджет қаражатын игеруде негізгі фактор болып табылады.

Сондықтан мемлекеттік сатып алу заңнамасының  процедуралары толығымен электрондық форматқа ауысып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге жағдай жасалды.

Бірақта, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері тарапынан әліде болса  конкурстарды өткізу, қосымша шарттарды қабылдау жұмыстарын созбалау байқалуда.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары  190 млрд.теңгеге игерілді.  16  млрд.теңге орындалмады.

Өңірлердің шоттарындағы қалдықтар 175 млрд.теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есе өсті (83 млрд.теңге).  Өсу барлық өңірлерде орын алды.

Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттердің жылдық сомасы  1 113 млрд.теңгені құрайды. Есепті кезеңде оларға 31  млрд.теңге бөлінді. Жергілікті атқарушы органдармен олардың 89,7%-і игерілді, яғни 27,8 млрд.теңге. 3,2 млрд.теңге орындалмаған, оның ішінде 0,7 млрд.теңге үнемдеу. 2,5 млрд.теңге игерілмеген. Негізгі себептер:  шарттардың кеш жасалуы, қазынашылық органдарында олардың кеш тіркелуі. 

Жергілікті бюджеттерге биылғы жылы қарастырылған  нысыналы даму трансферттерінің (495 млрд.теңге)    361 млрд.теңгесі өткен жылдары басталған жобаларға келеді.  

Биылғы жылы осы    жобалар бойынша   қосымша келісім-шарттарға қол қойылуы қажет.

Есепті кезеңде осы жобалар бойынша  тек 37 млрд.теңгеге ғана міндеттемелер қабылданған.

Мәселен, мектептерді салуға бөлінген қаражаттың 11,4 млрд.теңгесіне міндеттеме қабылдау  4 кварталға  жоспарланған. Оның ішінде, Астана  қаласында 4,5 млрд.теңге, Алматы облысы – 1,3 млрд.теңге, Батыс Қазақстан және Манғыстау  - 1,2 млрд.теңгеден, Солтүстік Қазақстан – 1,1 млрд.теңге.

Осы себепті орталық және жергілікті органдар қаржылық жоспарларын қайта қарап, конкурстарды    негізінен бірінші кварталда аяқтауы  қажет. 

Қосымша келісім-шарттарға қол қоюды және  оларды қазынашылық органдарында тіркеуден өткізу жұмыстарын 1 наурызға дейін бітіру керек.

Ағымдағы жылы Қаржы министрлігі  салық және кеден салаларындағы әкімшілендіруді әрі қарай жақсарту жұмысын жүргізеді.