
ҚР Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев көлеңкелі экономиканы төмендету жөніндегі шаралар туралы айтып берді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 16,7% дейін төмендеп, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,9 пайыздық тармаққа аз. Айтарлықтай серпін ішкі сауда саласында, білім беру ісі мен ауыл шаруашылығында ерекше байқалған: дәстүрлі түрде есепке алынбаған қызмет көлемі үлкен салалар.
Министрдің айтуынша, биылдан бастап министрлік көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі негізгі мемлекеттік орган болып айқындалды. Осы сәттен бастап ведомство жаңа жүйелі тәсілдерді енгізуді қолға алды: мемлекеттік органдардың даму жоспарларына көлеңкелі жүйені азайту бойынша KPI қосылып, тәуекел деңгейі жоғары салаларға байланысты жол карталары әзірленді.
Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – цифрландыру. Айталық, жасанды интеллект элементтері бар Smart Data Finance жүйесі салықтан жалтару схемаларын анықтау мен салық төлеушінің цифрлы бейінін қалыптастыру арқылы азаматтар мен бизнеске қатысты ауқымды мәліметтерді талдауға қауқарлы. Қазір оған 74 дереккөз қосылып, жыл соңына дейін тағы 30 көз қосылады деп жоспарланған.
Алайда ҚР ҚМ деректері бойынша ШОБ секторында ескі схемалар әлі де кездеседі: бір мекенжайда бірнеше фирманың тіркелуі, кассалық тәртіптің еленбей қалуы. Тек 3 576 мекенжай бойынша жалпы салық берешегі 60,4 млрд теңгеге жететін 20 мыңға жуық компания тіркелген. Тексерулер мен цифрлы құралдар мұндай жағдайларды дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір азаматтардың салық мәдениетін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, сауда жасау кезінде чекті талап ету есепке алынбаған кірістермен күресудің қарапайым әрі тиімді тәсілі болып қалып отыр. Мысалы, былтыр кассалық аппараттардың 39% чек шығармаған. Бірақ биыл 70 мыңдай кәсіпкер жағдайды түзетіп, реттей бастаған.
Озық цифрлы шешімдердің ішінде: 33 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар шығаруды болдырмайтын ЭШФ ақпараттық жүйесіндегі биометриялық сәйкестендіруді айтуға болады. e-Tamga жобасы жүздеген млн транзакцияны өңдеп, жылына 100 млрд теңгеге дейін бюджет шығынының алдын алып, ҚҚС автоматтандырылған бақылауын қамтамасыз етеді. Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп «Цифрлы ҚҚС» қанатқақты жобасын іске асырып келеді. Бұған сәйкес цифрлы теңгедегі есеп айырысулар қаражаттың көлеңкеге кетуін тежеп, айналымның барлық тізбегін ашық етеді.
Жекелеген бағыт – акцизделетін тауарлардың көлеңкелі айналымына қарсы күрес. 2025 жылдың 9 айында шамамен 4 млрд теңгеге 1 млн литр алкоголь, 6,6 млн қорап темекі және 37 мың тонна мұнай өнімдері тәркіленді. 7 млрд теңгеден астам акциздер есептелді.
Кедендік әкімшілендіру саласында жасанды интеллектіні енгізуге баса мән берілді. Тың технологиялар талапқа сай жарияланбаған тауарларды анықтауға және адам факторының әсерін азайтуға мүмкіндік береді. SmartCargo платформасы теміржол және әуе тасымалы бойынша деректерді автоматты түрде өңдеуді қамтамасыз етеді, бұл кедендік ресімдеуде уақытты үнемдеп, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін азайтады.
Валюталық бақылау Мемлекеттік кірістер комитетінің басты назарында: жыл басынан бері 5,9 млрд теңгеге айыппұл салынып, 1,5 млн доллар көлеміндегі декларацияланбаған валютаның елден шығарылуына жол берілген жоқ.
Қосымша логистикалық карта – «Цифрлы жібек жолы» жобасы іске асырылып жатыр, онда еліміздегі көлік инфрақұрылымының барлық негізгі элементі: бекеттер, ЖҚС, қоймалар, бақылау аркалары және төлем пункттері цифрландырылып, қамтылған. Бұл жүк қозғалысының ашық жүйесін жасап, жалған транзитті анықтауға көмектеседі.
«Көлеңкелі экономиканы одан әрі азайту үшін үш бағытқа назар аудару қажет. Біріншіден, цифрландыруды күшейту мен мемлекеттік органдар арасында ақпарат алысу ісін жолға қоюға. Екіншіден, тасымалдаушылар үшін өткізу пункттері мен ілеспе инфрақұрылымды дамытуға мән беру керек. Үшіншіден, мемлекеттік сатыпалым саласына және қаражатты көлеңкеге шығару тәуекелі бар басқа да секторларға цифрлы теңгені қолдануды кеңейту қажет», деді Мәди Төкешұлы.