Кедендік даулар
Жеке тұлға
Тауарлардың кедендік құны
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) жеке тұлғадан кедендік баж бен ҚҚС есептеу туралы аумақтық мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – кеден органы) бұзушылықтарын жою туралы хабарламаға шағым алды.
Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, кеден органы "MERCEDES-BENZ GLA250" маркалы автомобильдің кедендік құнын мәлімдеудің дұрыстығы мәселесі бойынша кедендік тексеру жүргізді, оның нәтижелері бойынша жалпы сомасы 1 656,1 мың теңгеге бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарылды.
Жеке тұлға кеден органының қорытындыларымен келіспей, кеден органы шешімінің күшін жоюды сұрап, апелляциялық шағыммен жүгінді.
Жеке тұлға АҚШ-та Клайпеда портына (Литва) теңіз көлігімен жеткізілген "MERCEDES-BENZ GLA250" (авариядан кейінгі) маркалы автомобиль сатып алғанын, одан кейін жеке тұлға оны өз жүрісімен Қазақстан Республикасына жеткізгенін түсіндіреді. Жоғарыда көрсетілген автомашинаны Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және кедендік декларациялау рәсімін жүргізу кезінде жеке тұлға осы автомобильді сатып алу бойынша қолда бар құжаттарды (сатып алу-сату шарты, сертификаттар, шоттар, қабылдап алу актілері, инвойс, чектер, транзиттік декларация) ұсынды.
Кедендік декларациялау кезінде автомобильдің кедендік құны кедендік құнды айқындаудың резервтік әдісі бойынша мәлімделді (6-әдіс).
Баяндалған дәлелдер негізінде жеке тұлға бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның күшін жоюды сұрайды.
СЭҚ қатысушысының дәлелдерін тексеріп, кеден органы ұсынған материалдарды зерттеп, уәкілетті орган мынадай қорытындыға келді.
"Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 396-бабында кедендік декларациялау кезінде мәлімделген әкелінетін тауарлардың кедендік құнына Кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындау мен мәлімдеудің дұрыстығын тексеруді жүзеге асыратыны көзделген.
Қаралып отырған жағдайда, 2019 жылғы наурызда жеке тұлға 2017 жылы шығарылған "MERCEDES-BENZ GLA250" маркалы автомобильді әкелуді жүзеге асырды және "ішкі тұтыну үшін шығару" кедендік рәсіміне орналастырды, қозғалтқыш көлемі - 1 991 см3, салмағы - 3 296 кг, саны - 1 дана, шығарылған елі - Германия.
"Астана-1" АЖ-да "көк дәліз" бойынша шығарылған тауарларға арналған декларацияларды мониторингілеу нәтижелері бойынша кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін дұрыс қолданбау және кедендік құнын төмендету белгілерін анықтады.
Кеден органының сұрау салуы бойынша жеке тұлға мәлімделген кедендік құнды растау үшін мынадай құжаттарды ұсынды: бөлшек сатып алу – сату шарты, төрелікпен бөлшек саудада сату шарты, автомобильге дилердің сатып алу – сату актісі, меншік құқығына өтінім, шектеулі кепілдік туралы келісім, ұрлықтан қорғау бағдарламасы, автомашинаның құны мен сатып алу шарттары көрсетілген, сондай-ақ осы құнның төленгені расталған кассалық чек.
Тауарларды шығарғаннан кейін кедендік құнды бақылауды жүзеге асыру кезінде кеден органы жеке тұлғада тауарлардың мәлімделген кедендік құнын растайтын мәліметтердің жоқ екенін, осыған байланысты жеке тұлға тауардың кедендік құнын айқындаудың резервтік әдісін дұрыс қолданбағанын анықтады.
Тауарлардың декларациясында көрсетілген автомобильдің мәлімделген құнын растайтын мәліметтердің болмауы кедендік құнды өзгерту және оны ұлғайту үшін негіз болды.
Мәліметтердің болмауына байланысты тауардың кедендік құны біртекті тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша айқындалған (3-әдіс). Тауардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде жоғары тұрған кеден органының тауарларына декларациялардың электрондық көшірмелерінің интеграцияланған сақтау орнында бар біртекті тауарлармен жасалған мәміле құны туралы ақпарат қолданылды, онда ақпарат көзі ретінде 03.08.2018 ж. тауарларға арналған декларациядан алынған мәліметтер пайдаланылды.
Сонымен бірге, кедендік тексеру актісінде әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша (1-әдіс), бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдісті қолданудың мүмкін еместігі туралы ақпарат (2-әдіс) жоқ.
Бұл ретте біртекті тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша ақпарат көзі ретінде қабылданған, 03.08.2018 ж.тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауар бағаланатын тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгенге дейін күнтізбелік тоқсан күннен бұрын ресімделген.
Бұдан басқа, тексеру актісінде біртекті тауарларға бағалар ауқымын көрсете отырып, салыстырмалы талдау нәтижелері көрсетілмеген. Көрсетілген бағалардың болмауы Кодекстің 69-бабының 3-тармағына сәйкес кедендік құнды айқындау үшін кеден органының ең төмен құнды қолданғанын растамайды.
Жоғарыда айтылғандардан келіп шығатыны, 03.08.2018 ж.тауарларға арналған ақпарат көзі ретінде қабылданған декларация 3-әдісті қолдану шарттарына сәйкес келмейді, сондықтан кеден органы кедендік құнды негізсіз ұлғайтты және кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді.
Апелляциялық комиссияның шешімімен тауарлардың кедендік құнын айқындау бойынша кедендік тексеру нәтижелері заңсыз деп танылды.