Меню

Страницы

Статья

ҚҚС қайтару - ТБЖ колдануға байланысты бұзушылықтар

Салық даулары

Заңды тұлға

ҚҚС

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) қосылған құн салығы (ҚҚС) сомаларының дұрыстығын растау мәселелері бойынша аумақтық мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі-салық органы) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға «S» Компаниясының апелляциялық шағымын алды.

Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, Мемлекеттік кірістер органы қайтаруға ұсынылған қосылған құн салығы (ҚҚС) сомаларының дұрыстығын растау мәселелері бойынша, сондай-ақ 2023 жылғы 1 сәуірден 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі кезең үшін ҚҚС бойынша салық міндеттемесін орындау мәселелері бойынша «S» Компаниясына тақырыптық салықтық тексеру жүргізді, оның нәтижелері бойынша ҚҚС асып кеткен сомасы туралы хабарлама шығарылды. Қайтаруға расталмаған салық сомасы 104 819,0 мың теңге мөлшерінде.

«S» Компаниясы салық органының қорытындыларымен келіспей, апелляциялық шағыммен жүгінді, онда салық органының шешімінің күшін жоюды сұрайды.

  1. Бұған дейін жүргізілген тақырыптық салықтық тексеру нәтижелері бойынша ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтаруға растамау туралы

«S» Компаниясы хабарламаны негізсіз және күшін жоюға жатады деп санайды, себебі тақырыптық салықтық тексеру жүргізу кезінде салық органы Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген салықтық әкімшілендіру қағидаттарын бұзған.

«S» Компаниясының пікірінше, ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтаруға растаудан бас тарту экспортталған тауарды және ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолданудың заңдылығын растайтын ұсынылған құжаттарды бағаламай, мән-жайларды жан-жақты зерттемей жүргізілген.

Бұдан басқа, «S» Компаниясы салық органы екінші және одан кейінгі деңгейлердегі контрагенттер жіберген бұзушылықтарды дәлелдеу міндетін негізсіз өзіне жүктеді деп есептейді.

Сондай-ақ «S» Компаниясы Департаменттің 2023 жылғы 2-тоқсан үшін ҚҚС қайтару туралы мәлімделген талабына қатысты тақырыптық салықтық тексеру жүргізуден заңсыз бас тартқанын, бұл ретте бұрын жасалған тексеру актісіне сілтеме жасаумен шектеліп, жаңадан ұсынылған құжаттарды зерттемегенін және салық заңнамасында көзделген салықтық бақылау іс-шараларын жүзеге асырмағанын көрсетеді.

Салықтық тексеру актісінен Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдедегі Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 166-бабына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушысының 2025 жылғы 30 қазандағы №649 бұйрығымен бекітілген «Қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару қағидаларына» (бұдан әрі – №649 қағидалар) сәйкес 104 819,0 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасы қайтаруға расталмағаны көрінеді.

«S» Компаниясының дәлелдерін тексеріп, салық органы ұсынған материалдарды зерттегеннен кейін уәкілетті орган мынадай қорытындыға келді.

Салық кодексінің 166-бабында қосылған құн салығының асып кету сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық тексерулер жүргізудің ерекшеліктері көзделген.

Салық кодексінің 166-бабының 1-тармағына сәйкес ҚҚС-тың асып кету сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық салықтық тексеру:

өндірістік мақсаттағы, Қазақстан Республикасының аумағында алғаш пайдалануға берілетін ғимараттар мен құрылыстарды салуға, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және кен орнын жайластыру кезеңінде сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша есепке жатқызылған салық сомасы бөлігінде ҚҚС-тың асып кету сомаларының дұрыстығын растау туралы салықтық өтініш ұсынылған;

ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтару туралы талап ұсынылған;

салық төлеушіге, оның ішінде оңайлатылған тәртіппен бюджеттен бұрын қайтарылған ҚҚС-тың асып кету сомаларының дұрыстығын растау бойынша тақырыптық салықтық тексеру жүргізілген жағдайларда жүргізіледі.

Салық кодексінің 125-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес ҚҚС-тың асып кету сомасы есепті салық кезеңінің соңындағы жинақталған қорытынды бойынша декларацияда қалыптасқан есепке жатқызылатын ҚҚС сомасының есептелген ҚҚС сомасынан асып кетуі болып танылады.

ҚҚС-тың асып кету сомасы:

нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын тауарларды өткізуді, жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын;

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде қызметті жүзеге асыратын;

өндірістік мақсаттағы, Қазақстан Республикасының аумағында алғаш пайдалануға берілетін ғимараттар мен құрылыстарды ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша салуға байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алатын ҚҚС төлеушілерге қайтарылады.

Салық кодексінің 125-бабының 9-тармағына сәйкес қайтарылуға жататын ҚҚС-тың асып кету сомасы салық органы осындай ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтаруға төлем құжатын жасаған күнгі жеке шоттағы ҚҚС бойынша асып кету сомасынан аспауға тиіс.

Салық кодексінің 125-бабы 12-тармағының 4) тармақшасына сәйкес салық органы тақырыптық салықтық тексеру нәтижелері бойынша қайтарылуға жататын ҚҚС-тың асып кету сомасын айқындайды.

Салық кодексінің 128-бабының 1 және 5-тармақтарына сәйкес ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтару тақырыптық салықтық тексеру нәтижелері бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте тексеру нәтижелері бойынша расталған сома қайтарылуға жатады.

Бұл ретте жеке шотта көрсетілген ҚҚС-тың асып кету сомасы есептік көрсеткіш болып табылады және Салық кодексінің 125-бабының 9-тармағына сәйкес қайтарылуы мүмкін соманың шекті мөлшерін ғана айқындайды және салық төлеушінің жеке шотта көрсетілген соманың барлығын қайтаруға сөзсіз құқығын білдірмейді.

Талдау қорытындысы бойынша №649 қағидалардың 52-тармағында көзделген тәртіппен қайтарылуға жатпайтын ҚҚС-тың асып кету сомасы белгіленеді.

Қайтарылуға жатпайтын ҚҚС-тың асып кету сомасын есептеу талапта көрсетілген салық кезеңдері бойынша жүргізіледі.

Қаралып отырған жағдайда «S» Компаниясы 2025 жылғы 4-тоқсанға арналған ҚҚС бойынша декларацияда көрсетілген, 2023 жылғы 1 сәуірден 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі кезең үшін жалпы 104 819,0 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтару туралы талап ұсынған, оның ішінде 2023 жылғы 2-тоқсанға – 96 320,0 мың теңге, 2025 жылғы 2-тоқсанға – 8 499,0 мың теңге және 2025 жылғы 3-тоқсанға – 0,001 мың теңге.

Салықтық тексеру актісінде көрсетілгендей, 2023 жылғы 2-тоқсан үшін 96 320,0 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасы бұрын салықтық тексерудің мәні болған, сондай-ақ «S» Компаниясының ҚҚС-ты есепке жатқызуға рұқсат етілген сомасын айқындау тәртібін бұзуына байланысты 92 163,2 мың теңге мөлшерінде ҚҚС есептелген, соның нәтижесінде көрсетілген сома «S» Компаниясының 105101 БСК бойынша жеке шотынан есептен шығарылған.

Бұдан басқа, бұрын жүргізілген ҚҚС-тың асып кету сомасының дұрыстығын растау бойынша салықтық тексеру нәтижелері бойынша 3 864,0 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасы қайтаруға расталған.

Осылайша, жүргізілген есептеу және бұрын қайтаруға расталған соманы ескере отырып, 2023 жылғы 2-тоқсан бойынша салық кезеңі шеңберінде 366,6 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасы қаралуға тиіс болған.

Сонымен қатар 2025 жылғы 2-тоқсан бойынша салық кезеңі үшін 8 499,0 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасы қаралуға айқындалған, себебі тауар 2025 жылғы 2-тоқсанда сатып алынып, 2025 жылғы 3-тоқсанда экспортталған.

Осылайша, 2023 жылғы 2-тоқсан (366,6 мың теңге) және 2025 жылғы 2-тоқсан (8 499,0 мың теңге) бойынша қаралуға жататын сомаларды ескере отырып, салықтық тексерудің мәні жалпы 8 865,6 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасы болған.

Осыған байланысты салықтық тексеру жүргізілген күнге «S» Компаниясының жеке шотында қайтаруға мәлімделген ҚҚС-тың асып кету сомасы болмаған, осыған байланысты салық органы салықтық тексеру шеңберінде бұрын жүргізілген салықтық тексеру нәтижелері бойынша жеке шотты түзеткеннен кейін қалған ҚҚС-тың асып кету сомасын қараған.

Сонымен қатар №649 қағидалардың 55-тармағына сәйкес тақырыптық салықтық тексеру актісінде ҚҚС-тың асып кету сомаларын қайтармау негіздері әрбір себеп бойынша расталмаған соманы көрсете отырып көрсетіледі.

Қаралып отырған жағдайда Салық кодексінің 170-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес тақырыптық тексеру актісінде анықталған бұзушылықтар Қазақстан Республикасының заңнамасының тиісті ережелерін көрсете отырып толық сипатталған.

Осылайша, жоғарыда баяндалғандарды, сондай-ақ Салық кодексінің 166-бабы мен №649 қағидалардың нормаларын ескере отырып, салықтық тексеру нәтижелері бойынша ҚҚС-тың қайтаруға расталмаған асып кету сомасын айқындау негізді болып табылады.

  1. Валюталық түсімнің түспеуіне байланысты ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтаруға растамауға қатысты

«S» Компаниясы валюталық түсімнің түспеуіне байланысты ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтаруға растаудан бас тартуды негізсіз деп санайды.

«S» Компаниясының пікірінше, Салық кодексінің 126-бабында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тауарларды экспорттау кезінде ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолдану шарттарының толық тізбесі көзделген және онда валюталық түсімнің міндетті түрде түсуі туралы талап жоқ.

«S» Компаниясы тауар экспортының фактісі расталғанын және салық органы тарапынан дау туғызбайтынын, ал тауар үшін төлем бойынша міндеттемелер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 370-бабына сәйкес өзара біртекті талаптарды есепке жатқызу арқылы тоқтатылғанын көрсетеді.

Осыған байланысты «S» Компаниясы валюталық түсімнің түспеуіне байланысты ҚҚС-ты қайтарудан бас тарту туралы салық органының қорытындысы салық заңнамасына қайшы келеді деп санайды.

Салықтық тексеру актісінен Салық кодексінің 166-бабына және №649 қағидалардың 37-тармағына сәйкес валюталық түсімнің түспеуіне байланысты 8 865,6 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасының дұрыстығы қайтаруға расталмағаны көрінеді.

Салық кодексінің 166-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тауарларды экспорттау жағдайында қайтарылуға жататын қосылған құн салығының сомасын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктерде заңнамада белгіленген тәртіппен ашылған салық төлеушінің банктік шоттарына валюталық түсімнің түсуі ескеріледі.

Сондай-ақ №649 қағидалардың 37, 38-тармақтарында тауарларды экспорттау кезінде қайтарылуға жататын ҚҚС сомасын айқындау барысында көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының аумағындағы екінші деңгейдегі банктердегі банктік шоттарына валюталық түсімнің түсуі ескерілетіні айқындалған.

Валюталық түсім түспеген кезде көрсетілетін қызметті алушының банктік шоттарына валюталық түсімнің түсуі туралы екінші деңгейдегі банктердің қорытындыларына сәйкес барлық келісімшарттар бойынша расталмаған ҚҚС-тың жалпы сомасы ескеріледі.

Әрбір нақты келісімшарт бойынша қайтаруға расталмаған ҚҚС сомасын есептеу №649 қағидалардың 38-тармағында белгіленген формула бойынша жүргізіледі.

Салықтық тексеру актісінен тексеру шеңберінде Салық кодексінің 166-бабының 7-тармағы және №649 қағидалардың 38-тармағы талаптарына сәйкес экспорттық келісімшарт бойынша валюталық түсімнің түсуін растау үшін екінші деңгейдегі банкке сұрау салынғаны көрінеді.

Сұрау салуды қарау нәтижелері бойынша екінші деңгейдегі банк валюталық түсімнің түсуін растайтын ақпараттың жоқтығы туралы ақпарат ұсынған, осыған байланысты ҚҚС-тың асып кету сомасы №649 қағидалардың 38-тармағында көзделген тәртіппен салық органы тарапынан ұсталған.

Бұл ретте «S» Компаниясының тауар үшін төлем бойынша міндеттемелерді өзара біртекті талаптарды есепке жатқызу арқылы тоқтату туралы уәжі назарға алынбайды, себебі «S» Компаниясы өзара біртекті талаптардың болғанын, олардың мөлшерін, сондай-ақ экспорттық келісімшарт бойынша міндеттемелердің тоқтатылуына әкеп соққан есепке жатқызудың жүргізілгенін растайтын құжаттарды ұсынбаған.

Демек, келісімшарт бойынша валюталық түсімнің түспеуіне байланысты 8 865,6 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасы қайтаруға расталмайды.

Осылайша, жоғарыда баяндалғандарды, сондай-ақ Салық кодексінің 166-бабы мен №649 қағидалардың нормаларын ескере отырып, салықтық тексеру нәтижелері бойынша 8 865,6 мың теңге мөлшеріндегі ҚҚС-тың асып кету сомасын қайтаруға растамау негізді болып табылады.

Апелляциялық комиссия отырысының нәтижелері бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің тексеру нәтижелері туралы дауланып отырған хабарламасын өзгеріссіз қалдыру, ал шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды.

Дата публикации
24 августа 2026
Дата обновления
24 августа 2026
Тип
Пайдалы ақпарат

Сейчас читают

Пайдалы ақпарат
19 октября 2026
CIT on deductions for services
Пайдалы ақпарат
19 октября 2026
КТС - сенімсіз жабдықтаушылармен өзара есеп айырысу
Пайдалы ақпарат
19 октября 2026
ҚҚС - Салық салынатын айналымның артуы

Социальные медиа

Facebook

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы