Салықтық даулар
Заңды тұлға
КТС
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) «J» Компаниясының аумақтық мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – мемлекеттік кірістер органы) тексеру нәтижелері бойынша КТС есептеу және залалды азайту туралы хабарламасына қатысты апелляциялық шағымы келіп түсті.
Іс материалдарынан көрініп отырғандай, мемлекеттік кірістер органы 01.01.2022ж.-31.12.2022ж. мерзімі аралығына салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуі және уақтылы төленуі мәселесі бойынша тақырыптық салықтық тексеру жүргізген. Тексеру нәтижелері бойынша ірі кәсіпкерлік субъектілерінен және мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан корпоративтік табыс салығы (КТС) 224 625,5 мың теңге мөлшерінде және 128 323,1 мың теңге өсімпұл есептеу, сондай-ақ 173 621,4 мың теңге мөлшерінде залалды азайту туралы хабарлама шығарылған.
«J» Компаниясы мемлекеттік кірістер органының қорытындыларымен келіспей, мемлекеттік кірістер органының шешімінің күшін жоюды сұрап, апелляциялық шағым берген.
КТС есептеу және залалды азайтуға негіз болған жағдай Салық кодексінің 242-бабының 1 және 3-тармақтарының бұзылуы, яғни 2022ж. 1 290 846,3 мың теңге мөлшеріндегі жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсалған шығыстардың негізсіз шегерімдерге жатқызылуы болып табылады.
«J» Компаниясы мемлекеттік кірістер органының аталған қорытындыларымен келіспейді және мынадай уәждер келтіреді.
«J» Компаниясының шағымынан жеке кәсіпкерлер орындаған жұмыстардың сметада көрсетілгені және көппәтерлі тұрғын үйді тапсыруға және сатуға қатысты ішкі жұмыстар болып табылғаны көрінеді.
«J» Компаниясы аталған жеке кәсіпкерлер мердігерлер ретінде әрекет еткенін және жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаларды тіркеу талондарына сәйкес ЭҚЖК бойынша өз қызметін жүзеге асырғанын атап көрсетеді.
Сонымен қатар «J» Компаниясы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңына сілтеме жасай отырып, арнайы салық режимін (бұдан әрі – АСР) қолданатын және микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері деп танылатын жеке кәсіпкерлердің үш жыл ішінде корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын 100% азайтуға құқылы екенін көрсетеді.
Бұдан басқа, «J» Компаниясы Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының 2-бабының 2-тармағына сәйкес жеке кәсіпкерлердің бухгалтерлік есеп жүргізуді жүзеге асырмауға құқылы екенін атап өтеді. АСР қолданатын жеке кәсіпкер Қазақстан Республикасының 2017ж.25.12. «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 687–689-баптарында белгіленген тәртіппен есептілік ұсынады.
Бұл ретте «J» Компаниясы Салық кодексінің 682-бабының нормаларына сәйкес жұмыстарды орындаудан, қызметтерді көрсетуден түсетін кіріс танылатын орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актілерін мемлекеттік кірістер органына ұсынған.
«J» Компаниясының уәждерін тексеріп, мемлекеттік кірістер органы ұсынған материалдарды зерттей келе, уәкілетті орган мынадай қорытындыларға келді.
Салық кодексінің 242-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес салық төлеушінің кіріс алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруына байланысты шығыстары Салық кодексіне сәйкес шегерімге жатпайтын шығыстарды қоспағанда, салық салынатын кірісті айқындау кезінде шегерімге жатады.
Шегерімдер салық төлеушінің кіріс алуға бағытталған қызметіне байланысты нақты жұмсалған шығыстарды растайтын құжаттар болған кезде нақты жұмсалған шығыстар бойынша жүргізіледі.
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес айқындалатын болашақ кезеңдердің шығыстары өздері тиесілі салықтық кезеңде шегерімге жатады.
Сонымен бірге Салық кодексінің 190-бабының 3-тармағында салықтық есеп бухгалтерлік есеп деректеріне негізделетіні белгіленген. Бухгалтерлік құжаттаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасымен белгіленеді.
Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының (бұдан әрі – Бухгалтерлік есеп туралы заң) 1-бабының 2) тармақшасына сәйкес бастапқы есепке алу құжаттары – бухгалтерлік есеп жүргізілетін, операцияның немесе оқиғаның жасалғанын және оны жасау құқығын растайтын қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттық куәлік.
Бухгалтерлік есеп туралы заңның 7-бабының 2 және 3-тармақтарында операцияларды немесе оқиғаларды ресімдеу үшін қолданылатын бастапқы құжаттардың нысандары немесе оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекітетіні көрсетілген.
Нысандары немесе оларға қойылатын талаптар бекітілмеген бастапқы құжаттарды жеке кәсіпкерлер мен ұйымдар дербес әзірлейді не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген нысандарды немесе талаптарды қолданады.
Бухгалтерлік есеп туралы заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес бастапқы құжаттар операция немесе оқиға жасалған кезде немесе ол аяқталғаннан кейін тікелей жасалуға тиіс.
Осылайша, салық төлеушінің шығыстары тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шығыстар кіріс алуға бағытталған жағдайда шегерімдерге жатқызылады. Бұл ретте Салық кодексінің нормаларына сәйкес салықтық есеп бухгалтерлік есеп деректеріне негізделеді, ал бухгалтерлік құжаттаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасымен белгіленеді.
Қаралып отырған жағдайда салықтық тексеру нәтижелері бойынша «А» Компаниясымен, «С» Компаниясымен, «Т» Компаниясымен, «U» Компаниясымен, «М» Компаниясымен, «В» Компаниясымен, «К» Компаниясымен, «Н» Компаниясымен, «О» Компаниясымен, «Е» Компаниясымен, «G» Компаниясымен, «D» Компаниясымен, «F» Компаниясымен, «S» Компаниясымен, «I» Компаниясымен, «Y» Компаниясымен, «Z» Компаниясымен, «L» Компаниясымен, «N» Компаниясымен, «P» Компаниясымен, «Q» Компаниясымен, «R» Компаниясымен, «V» Компаниясымен, «W» Компаниясымен, «A» Компаниясымен, «B» Компаниясымен өзара есеп айырысулар бойынша шығыстар шегерімдерден алып тасталған.
Салықтық тексеру актісіне сәйкес КТС бойынша декларацияның (100.00-н.) 100.00.019 (Н) жолына арналған салықтық тіркелімнің деректері бойынша «J» Компаниясы мынадай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсалған шығыстарды шегерімге жатқызған:
«А» Компаниясы – шығыстар сомасы 61 228,6 мың теңге, асфальтты қолмен төсеу;
«С» Компаниясы – 61 200,6 мың теңге, штрабтарды бітеу;
«Т» Компаниясы – 61 175,9 мың теңге, әрлеу жұмыстары;
«U» Компаниясы – 61 108,9 мың теңге, арнайы киімді жөндеу;
«М» Компаниясы – 61 063,7 мың теңге, кіреберістердің, кіреберіс топтарының еденінен, қабырғаларынан және төбелерінен құрылыс материалдарының қалдықтарын (сылақ, әк, жапсар толтырғыштар, цемент, желім заттары) және құрылыс шаңын жою;
«В» Компаниясы – 61 059,2 мың теңге, әрлеу жұмыстары (қабырғаларды сылау);
«К» Компаниясы – 61 043,4 мың теңге, қара жұмыстар, сырлау, сылау жұмыстары;
«Н» Компаниясы – 61 019,0 мың теңге, құрылыс материалдарының қалдықтарын және құрылыс шаңын жою;
«О» Компаниясы – 61 987,5 мың теңге, қойма үй-жайларын, уақытша құрылыстарды демонтаждау;
«Е» Компаниясы – 60 850,8 мың теңге, қара жұмыстар, сырлау, сылау жұмыстары;
«G» Компаниясы – 60 791,6 мың теңге, құбырлар мен қоршауларды сырлау;
«D» Компаниясы – 60 664,0 мың теңге, шатыр жұмыстары;
«F» Компаниясы – 60 570,6 мың теңге, тротуар плиталарын, жиектастарды төсеу;
«S» Компаниясы – 59 109,2 мың теңге, кірпішті қажетті өлшемге кесу;
«I» Компаниясы – 58 256,1 мың теңге, синтетикалық жабынды төсеу;
«Y» Компаниясы – 57 184,5 мың теңге, тесіктерді тесу;
«Z» Компаниясы – 54 675,7 мың теңге, әрлеу жұмыстары;
«L» Компаниясы – 53 751,0 мың теңге, уақытша жолдарды салу;
«N» Компаниясы – 53 642,1 мың теңге, тесіктерді тесу;
«P» Компаниясы – 45 813,5 мың теңге, маңдайшалардың бұрыштық темірін коррозияға қарсы өңдеу;
«Q» Компаниясы – 34 633,1 мың теңге, сылау;
«R» Компаниясы – 34 143,0 мың теңге, әрлеу жұмыстары;
«V» Компаниясы – 17 248,4 мың теңге, жиектастарды монтаждау;
«W» Компаниясы – 13 015,9 мың теңге, кірпіш қалауға арналған тор дайындау;
«A» Компаниясы – 6 898,6 мың теңге, материалдарды қоймалауды ұйымдастыру;
«B» Компаниясы – 5 425,9 мың теңге, брусчатканы монтаждау.
Салықтық тексеру нәтижелері бойынша АЖ ақпараттық жүйесінің деректері негізінде көрсетілген контрагенттердің аталған жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орындау үшін қажетті қызметкерлер штаты мен материалдық-техникалық базасы жоқ екені, сондай-ақ олардың шығу тегі анықталмағаны белгіленді.
Сонымен бірге «А» Компаниясымен, «С» Компаниясымен, «Т» Компаниясымен, «U» Компаниясымен, «М» Компаниясымен, «В» Компаниясымен, «К» Компаниясымен, «Н» Компаниясымен, «О» Компаниясымен, «Е» Компаниясымен, «G» Компаниясымен, «D» Компаниясымен, «F» Компаниясымен, «S» Компаниясымен, «I» Компаниясымен, «Y» Компаниясымен, «Z» Компаниясымен, «L» Компаниясымен, «N» Компаниясымен, «P» Компаниясымен, «Q» Компаниясымен, «R» Компаниясымен, «V» Компаниясымен, «W» Компаниясымен, «A» Компаниясымен, «B» Компаниясымен Қазақстан Республикасының 2017ж.25.12. «Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін қолданысқа енгізу туралы» Заңының 57-4-бабына сәйкес 2020ж.01.01. бастап 2023ж.01.01. дейінгі кезеңде жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша есептелген сомалары 100% азайтылған.
«А» Компаниясының, «С» Компаниясының, «Т» Компаниясының, «U» Компаниясының, «М» Компаниясының, «В» Компаниясының, «К» Компаниясының, «Н» Компаниясының, «О» Компаниясының, «Е» Компаниясының салық есептілігі «J» Компаниясымен бір IP-мекенжайдан ұсынылған. Сонымен қатар «G» Компаниясы 2022 жылы «J» Компаниясының қызметкері болған.
Бұдан басқа, «J» Компаниясы (Сатып алушы) мен «U» Компаниясы (Сатушы) арасында 18.03.2020ж. жасалған шартқа сәйкес Сатушы Сатып алушының тапсырысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жалпы алаңы 6 785 м² көпқабатты тұрғын үйлерді (тұрғын емес үй-жайларымен) салу және монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін дайын объектіні көппәтерлі тұрғын үйлер түрінде меншікке беруге міндеттенген.
Шарт талаптарына сәйкес Сатушы шарт бойынша барлық жұмыстарды өз күшімен, өз жабдықтарында, өз құралдарымен және өз материалдарынан орындайды.
09.12.2021ж. және 07.09.2022ж. объектіні пайдалануға қабылдау актілеріне сәйкес «U» Компаниясы аталған құрылыс объектілерінің бас мердігері болып табылады және жоғарыда көрсетілген тұрғын үйлер пайдалануға қабылданған.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, «J» Компаниясының жоғарыда көрсетілген контрагенттермен өзара есеп айырысулары бойынша құжаттар операциялардың нақты жасалғанын дәйекті түрде куәландыра алмайды және осы операциялардың бухгалтерлік есепте тиісті түрде көрсетілуін қамтамасыз етпейді, тиісінше Қазақстан Республикасының салық заңнамасының ережелеріне сәйкес шығыстарды шегерімдерге жатқызуға негіз бола алмайды.
Осылайша, салықтық тексеру нәтижелері бойынша 2022 жыл үшін жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсалған 1 290 846,3 мың теңге мөлшеріндегі шығыстарды шегерімдерден алып тастау негізді болып табылады.
2022ж. үшін ЖЖТ-ты түзетуге қатысты
Шағымнан пәтерлерді сатып алушылар пайшылар болып табылатыны, олармен пайлық жинақтар туралы шарттар жасалғаны, құрылыс аяқталғаннан кейін сатып алу-сату шарттары ресімделіп, кейіннен жергілікті атқарушы органда (әкімдікте) тіркелгені көрінеді.
Бұл ретте «J» Компаниясы «Казреестр» ақпараттық жүйесі арқылы қатысу шарттарын тіркеу 2024ж. бастап тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шарттарын жергілікті атқарушы органдардың тіркеу қағидаларының талабы болып табылатынын атап көрсетеді.
Сондай-ақ шағымда «J» Компаниясын құру және тіркеу кезінде заңнама талабы бойынша 3 қатысушының (пайшының) болуы және кейіннен «J» Компаниясының қызметін жүзеге асыруға және басқаруға уәкілетті төрағаның сайлануы талап етілгені көрсетілген. «J» Компаниясының қалған барлық пайшылары оның қатысушылары болып табылмайды, салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерін сатып алушылар болып табылады.
«J» Компаниясы КТС бойынша декларацияда (100.00-нысан) 2 717 049,5 мың теңге мөлшерінде пәтерлерді өткізуден түскен кіріс (100.00.01-жол), 6 287,5 мың теңге мөлшерінде банктің сыйақысынан өзге кіріс (100.00.014 I-жол) көрсетілгенін, олардан КТС ұсталғанын және төленгенін, сондай-ақ 1 020,0 мың теңге мөлшерінде пайшылардың кіру жарнасы (100.00.014 II-жол) көрсетілгенін мәлімдейді.
Бұдан әрі шағымнан «J» Компаниясының қызметі кезеңінде кіріс алмай, қаржылық қаражат есебінен екі тұрғын үй салынғаны көрінеді. Өткізу сомасы КТС бойынша декларацияда (100.00-нысан) толық көлемде көрсетілген.
Салықтық тексеру актісінен «J» Компаниясы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 27.03.2020 жылғы №159 бұйрығымен бекітілген тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шарттарын жергілікті атқарушы органдардың тіркеу қағидаларының (бұдан әрі – №159 Қағидалар) талаптарын орындау мақсатында «J» Компаниясының құрамына өзгеріс енгізбегені анықталған.
Осыған байланысты «J» Компаниясы Салық кодексінің 289-бабында көзделген КТС төлеуден босатуға жатпайды.
«J» Компаниясының уәждерін тексеріп, мемлекеттік кірістер органы ұсынған материалдарды зерттей келе, уәкілетті орган мынадай қорытындыларға келді.
Салық кодексінің 289-бабының 1–3-тармақтарына сәйкес коммерциялық емес ұйым деп акционерлік қоғамдарды, мекемелерді және тұтыну кооперативтерін қоспағанда, коммерциялық емес ұйым үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген нысанда тіркелген, қоғамдық мүдделерде қызметін жүзеге асыратын және мынадай талаптарға сәйкес келетін ұйым танылады:
Көрсетілген талаптар сақталған жағдайда коммерциялық емес ұйымның кірістері, оның ішінде пәтер меншік иелерінің жарналары жиынтық жылдық кірістен алып тастауға жатады.
Көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің жарналарына, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелерінің нысаналы жарналарды төлеуге арналған шығыстары жатады.
Салық кодексінің 289-бабының 2-тармағында көрсетілмеген коммерциялық емес ұйымның кірістері жалпы белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабының 44) тармақшасына сәйкес тұрғын үй-құрылыс кооперативі – көппәтерлі тұрғын үй салу және кейіннен тұрғын үй-құрылыс кооперативінің мүшелері арасында пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды, тұрақ орындарын, қоймаларды енгізілген пай жарналарының сомасына сәйкес бөлу мақсатында жеке тұлғалардың коммерциялық емес бірлестігі болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз міндеттемелерін орындағанға дейін әрекет етеді.
№159 Қағидалардың 26.06.2024ж. дейін қолданыста болған редакциясының 3-тармағында тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шарттарын (бұдан әрі – қатысу шарты) тіркеуді тиісті аумақта сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй-құрылыс кооперативі басқармасының (төрағасының) ұсынуы бойынша жүзеге асыратыны белгіленген.
№159 Қағидалардың 7, 8-тармақтарына сәйкес қатысу шарттарын тіркеу рәсімі тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шарттарын тіркеу тізіліміне (бұдан әрі – Тізілім) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазба енгізуді қамтиды. Тізілім қағаз жеткізгіште жасалады, нөмірленеді, тігіледі және жергілікті атқарушы органның мөрімен бекітіледі.
Мәліметтер Тізілімге енгізілгеннен кейін жергілікті атқарушы орган атқарушы органның өтініші негізінде 3 жұмыс күні ішінде №159 Қағидаларда көзделген нысан бойынша қатысу шарттарын тіркеу туралы үзінді береді.
Қаралып отырған жағдайда «J» Компаниясы 25.10.2018ж. мемлекеттік кірістердің аумақтық органында заңды тұлға ретінде тіркелген. «J» Компаниясының төрағасы – азаматша Р.
«J» Компаниясы ұсынған 25.10.2018ж. тіркеу туралы анықтамаға сәйкес заңды тұлға тұрғын үй-құрылыс кооперативі нысанында құрылған, мүшелері азаматша Р., азаматша М. және азамат М. болған.
«J» Компаниясын құру мақсаты пәтерлерді пайшылар мен «J» Компаниясының мүшелері арасында кейіннен бөлу үшін көппәтерлі тұрғын үйлер салу болып табылған.
Салықтық тексеру барысында «J» Компаниясына қажетті құжаттарды ұсыну туралы талап қойылған. Оған жауап ретінде «J» Компаниясы 17.12.2025ж. хатымен мынадай құжаттарды ұсынған: мемлекеттік тіркеу туралы анықтама, «J» Компаниясының төрағасын тағайындау туралы бұйрық, 28.12.2022ж. жалпы жиналыстың хаттамасы, «J» Компаниясының құрылтай жиналысының хаттамасы, «J» Компаниясының жарғысы, 01.01.2022ж.–31.12.2022ж. кезеңіндегі сатып алушылардың тізімі.
Мыналар ұсынылмаған: «J» Компаниясына қатысу шарттары, құрылтай жиналысының хаттамасы, «J» Компаниясына қатысу шарттарын тіркеу тізілімі.
Бұл ретте 01.01.2022–31.12.2022 кезеңіндегі ЭШФ АЖ деректеріне сәйкес «J» Компаниясы жеке тұлғаларға жалпы сомасы 2 728 338,5 мың теңгеге 149 пәтер өткізген.
Салықтық тексеру нәтижелері бойынша ұсынылған құжаттар мен ЭШФ АЖ деректерінің негізінде «J» Компаниясының пәтерлерді өткізуден кіріс алғаны анықталған, бұл ретте «J» Компаниясының құрамында 3 адам болған және тұрғын үй заңнамасының талаптарына сәйкес құрамды өзгерту жүргізілмеген. Демек, пәтерлерді пай жарналарының сомасына сәйкес пайшылар арасында бөлу жүзеге асырылмаған.
Қазақстан Республикасының 18.07.2025 жылғы Салық кодексінің 193-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес шағымға салық төлеуші (салық агенті) өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар қоса беріледі.
Қаралып отырған жағдайда «J» Компаниясы шағымға пай жинақтау және «J» Компаниясына кіру туралы шарттардың жергілікті атқарушы органда тіркелгенін растайтын құжаттарды қоса бермеген.
Мемлекеттік кірістер органының 20.08.2026 жылғы хатына сәйкес жергілікті атқарушы органда бар мәліметтер бойынша «J» Компаниясы тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шарттарын тіркеу туралы өтініштермен жергілікті атқарушы органға жүгінбеген. «J» Компаниясына қатысу шарттарын жергілікті атқарушы орган тіркемеген. Осыған байланысты көрсетілген шарттарды тіркеу тізілімі, шарттардың өзі және оларды жергілікті атқарушы органда тіркеу үшін ұсынылған құжаттар жоқ.
Осылайша, жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, 2 728 338,5 мың теңге мөлшеріндегі «J» Компаниясының кірісі жалпы белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.
2022ж. өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша шығыстарды 10 187,9 мың теңге мөлшерінде шегерімдерден алып тастауға қатысты келесіні көрсете кету қажет.
Салықтық тексеру нәтижелері бойынша бухгалтерлік және салықтық есеп деректері арасында анықталған алшақтыққа байланысты 2022 жыл үшін өткізілген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша 10 187,9 мың теңге мөлшеріндегі шығыстардың шегерімдерден алып тасталуына қатысты «J» Компаниясы бойынша мынаны атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасының 18.07.2025ж. Салық кодексінің 193-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес шағымда шағым беруші тұлға өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдер көрсетілуге тиіс.
Қаралып отырған жағдайда «J» Компаниясы шағымында жоғарыда көрсетілген шығыстарды шегерімдерден алып тастау бөлігінде осы мән-жайларды растайтын мән-жайлар мен дәлелдер келтірмеген.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, Салық кодексінің 242-бабының нормаларын ескере отырып, салықтық тексеру нәтижелері бойынша 224 625,5 мың теңгемөлшеріндегі КТС есептеу, сондай-ақ 173 621,4 мың теңге мөлшеріндегі залалды азайту негізді болып табылады.
Апелляциялық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тексеру нәтижелері туралы шағым жасалған хабарлама өзгеріссіз, ал шағым қанағаттандырусыз қалдырылу туралы шешім қабылданды.