Кедендік даулар
Заңды тұлға
Кедендік құнды төмендету
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) «V» компаниясынан аумақтық Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – кеден органы) қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) есептеу туралы тексеру нәтижелері туралы хабарламасына шағым алды.
Іс материалдарынан көрініп тұрғандай, кеден органы тауарлардың – «жүйеаралық байланыс құрылғысы» мен оларға арналған жиынтықтауыштардың кедендік құны туралы мәліметтерді мәлімдеудің дұрыстығы мәселесі бойынша кедендік тексеру жүргізді, оның нәтижелері бойынша жалпы сомасы 22 338,14 мың теңгеге хабарлама шығарылды.
«V» компаниясы кеден органының қорытындыларымен келіспей, кеден органы шешімінің күшін жоюды өтінген апелляциялық шағыммен жүгінді.
Шағымнан «E» компаниясының (Нидерланды) атына төленген төлемдер бағаланатын тауарларды сатумен байланысты емес және Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің (бұдан әрі – ЕАЭО КК) 40-бабының 1-тармағының 7-тармақшасында және «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 67-бабында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келмейтіндігі көрінеді.
Осылайша, ЕАЭО КК-нің 40-бабының 1-тармағының 7-тармақшасы екі шартты бір мезгілде орындаған кезде ғана лицензиялық және ұқсас төлемдерді кедендік құнға қосуды көздейді:
- төлемдер бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жатқызылуы тиіс;
- оларды төлеу осы тауарларды сатып алушыға сатудың шарты болуы тиіс.
Ал Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2016 жылғы 15 қарашадағы №20 «Интеллектуалдық меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де осыған ұқсас төлемдерді әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға қосу туралы ереже туралы» (бұдан әрі – Ереже) ұсынымдары және Дүниежүзілік кеден ұйымының (бұдан әрі – ДКҰ) Кедендік бағалау жөніндегі техникалық комитетінің 25.1-түсіндірмесі көрсетілген шарттардың ең болмағанда біреуінің болмауы мұндай төлемдерді кедендік құнға қосу мүмкіндігін жоққа шығаратынын нақтылайды.
29.04.2019 ж. жеткізу туралы шартта (бұдан әрі – Шарт) лицензия немесе бағдарламалық жасақтама үшін төлем тауарды қабылдаудың міндетті шарты болып табылатыны немесе құқық иеленушінің мүлкі/бағаға және төлеу міндетіне әсер ететін бағдарламалық жасақтаманы пайдалану шарттары жеткізу шартына енгізілетіні туралы шарттар қамтылмаған. Бұдан басқа, Шартта тауар бағасының нақты анықтамасы қамтылған: «Өнім беруші осы арқылы инвойста (Инкотермс 2010) көрсетілген Қазақстандағы межелі пунктке дейін СРТ шарттарында тауарды тиісінше жеткізу үшін талап етілетін кез келген ілеспе қызметтердің құны тауардың бағасына енгізілгенін мәлімдейді».
Шарттың талаптары мен инвойстарда жабдықты немесе қосалқы бөлшектерді жеткізу белсендіру кодтары, оқыту немесе өзге де сервистік функциялар үшін қосымша сомаларды төлеуге байланысты екендігі туралы нұсқаулар жоқ, яғни Шарттың бірде-бір тармағында лицензиялық шартты жасасу және/немесе орындау қажеттілігі туралы сілтемелер, ескертулер жоқ.
Осылайша, ілеспе көрсетілетін қызметтерге (оның ішінде бағдарламалық жасақтама, лицензиялар немесе оқыту) арналған барлық шығыстар тараптармен келісілген тауар бағасына енгізілген. Жабдықтар мен қосалқы бөлшектер CPT (Инкотермс 2010) шарттары бойынша пайдалануға жарамды базалық жиынтықта жеткізіледі. Тауарларды сатып алу және әкелу мүмкіндігі оқыту немесе бағдарламалық модульдер туралы жекелеген келісімдер жасасуға байланысты емес.
«V» компаниясы кеден органы 2025 жылғы 22 қазандағы кедендік тексеру актісінде (бұдан әрі – Тексеру актісі) аталған төлемдердің (2023 жылғы 1-тоқсанда - 35 878,45 мың теңге, 2023 жылғы 4-тоқсанда 90 639,78 мың теңге сомасына) тауарларға арналған нақты декларациялар (бұдан әрі – ТД) жеткізілетін қандай да бір нақты тауарға жататындығына дәлел келтірмеді деп санайды. «V» компаниясының пікірінше, кеден органы төлемдердің жеткізілетін қосалқы бөлшектерге немесе жабдықтарға қатысты болуы мүмкін екенін нақтыламай, тек болжайды.
«Licensed software» немесе «Activation codes» деп белгіленген төлемдер жабдыққа кепілдікті қызмет көрсету кезінде сатудан кейін орындалатын жабдықтың қосымша функцияларын сервистік баптау мен белсендіруге жатады. Олар тауардың шарттық бағасын өзгертпейді, бірақ бұрын сатып алынған жабдықты пайдалануды қолдайды.
Мұндай төлемдер сатудан кейінгі сипаттағы қызметтер ретінде жіктеледі, бұл оларды кедендік құнға қосуға жататын элементтердің құрамынан тікелей алып тастайды.
Баяндалғандардың негізінде «V» компаниясы кеден органы лицензиялық төлемдерді төлеу тауарды сатудың міндетті шарты болып табылатынын және төлемдер әкелінетін тауарларға жататынын дәлелдемеді, демек, ЕАЭО КК 40-бабы 1-тармағының 7-тармақшасында көзделген шарттар жоқ деп санайды.
Бұдан басқа, 01.11.2023 ж. кіріс жүкқұжаты бойынша көрсетілетін қызметтер тізбесінде 23 581,25 сомаға қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған «V» компаниясының персоналын оқыту жөніндегі қызметтер қамтылады. Бұл қызметтер лицензиялық төлемдермен, бағдарламалық жасақтамамен немесе тауарды сатумен байланысты емес, сондықтан әкелінетін тауарлардың кедендік құнына енгізілмейді. «V» компаниясы қызметкерлерінің оқудан өткенін растайтын сертификаттардың көшірмелері 05.03.2025 ж. талап бойынша 20.03.2025 ж. кеден органына ұсынылды.
Осылайша, материалдарға сүйене отырып, көрсетілген кіріс жүкқұжаты бойынша есептеулер тауардың бағасына әсер етпейтін дербес білім беру қызметтеріне жатады.
Сондай-ақ, нақты ТД көрсетпей және тауар позициялары бойынша бөлмей, кеден органы жылдар бойынша жүргізген қосымша есептеулерді есептеу Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 22.05.2018 жылғы №83 «Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде қосымша есептеулерді есептеу туралы» шешіміне қайшы келеді, онда қосымша есептеулер бірнеше позицияға жататын болса, олар нақты тауарлардың құнына барабар бөлінуге тиіс екендігі көзделген.
Төлемдер мен тауарлардың белгілі бір партиялары арасында құжатпен расталған байланыс болмаған кезде кедендік құнды түзету және салықтарды қосымша есептеу заңсыз болып табылады.
Тексеру актісіне сәйкес «V» компаниясы «E» компаниясының пайдасына төлеген лицензиялық төлемдер кедендік құнға қосылуы тиіс.
Сонымен бiрге, осы Тексеру актiсiнде «лицензиялық төлемдердiң қандай нақты тауарға жататынын анықтау жабдықтың түрлерi мен жеткiзу топтары бойынша төлемдердi нақтылаудың болмауына байланысты мүмкiн емес» деген нұсқау бар.
Осылайша, кеден органының өзі осы төлемдердің нақты бағаланатын тауарларға қатыстылығының жоқтығын мойындайды, бұл оларды кедендік құнға қосу мүмкіндігін мыналарға сәйкес болдырмайды:
- ЕАЭО КК-нің 40-бабы 1-тармағының 7-тармақшасы;
- Ережелердің 9-тармағы.
Төлемдердің нақты тауарларға сәйкестігінің дәлелденбеуі Тексеру актісінің қорытындыларын өзара қарама-қайшы және заңды түрде дәрменсіз етеді.
Баяндалғанның негізінде көрсетілген сомалар кедендік құнның элементтері болып таныла алмайды және есептен шығарылуға тиіс.
Осылайша, «V» компаниясы мынадай қорытындыға келеді:
- Шарт талаптары барлық ілеспе қызметтердің тауар бағасына енгізілгенін растайды, бұл оларды кедендік құнға қайта қосу мүмкіндігін болдырмайды;
- 01.11.2023 ж. кіріс жүкқұжатында көрсетілген қызметтер тауарды сатуға қатысы жоқ персоналды оқытудан тұрады;
- белсендіру кодтары мен жабдықты баптау үшін төлемдер сервистік сипатта болады, сату шарты болмайды және тауардың базалық құнына әсер етпейді;
- кеден органы қолданған есептеулерді бөлу әдістемесі Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының 2018 жылғы 22 мамырдағы №83 «Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде қосымша есептеулерді есептеу туралы» шешімінің талаптарына сәйкес келмейді;
- қосылған құн салығы мен өсімпұлды қосымша есептеу құқықтық және құжаттық негізсіз жүргізілген.
Баяндалғанның негізінде «V» компаниясы тексеру нәтижелері туралы хабарламаның күшін жоюды сұрайды.
СЭҚ қатысушының дәлелдерін қарап, кеден органы ұсынған материалдарды зерттеп, уәкілетті орган мынадай қорытындыға келді.
Қарастырылып отырған жағдайда «V» компаниясы Шарт шеңберінде Нидерландыдан, Сингапурдан, Малайзиядан, Таиландтан, Корея Республикасынан, Венгриядан, Финляндиядан 29 ТД бойынша «ішкі тұтыну үшін шығару» кедендік рәсімімен орналастырыла отырып, жабдықтарды – «жүйеаралық байланыс құрылғыларын» және оларға арналған қосалқы бөлшектерді әкелуді жүзеге асырды.
Кедендік құнды әкелінетін тауарлармен мәміле құнының әдісі (1-әдіс) және резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындау лицензиялық төлемдерді төлеуді есепке алмай жүргізілген.
Кодекстің 479-бабына сәйкес, уәкілетті орган шағымды қарау кезінде жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру тағайындауға құқылы.
Тексеру актісіндегі мәліметтер шағым бойынша негізделген және уәжді шешім шығару үшін жеткіліксіз екенін ескере отырып, шағымды қарау барысында уәкілетті орган 25.11.2025 ж. хатпен шағым жасалған мәселелер бойынша «V» компаниясына қосымша кедендік тексеру тағайындады.
Қосымша кедендік тексеру қорытындысы бойынша жоғары тұрған кеден органы 16.03.2026 ж. жоспардан тыс көшпелі кедендік тексеру актісін (бұдан әрі – қосымша кедендік тексеру актісі) шығарды.
Қосымша кедендік тексеру мыналарды анықтады.
Кодекстің 396-бабының 1-тармағында кедендік декларациялау кезінде мәлімделген әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындау мен мәлімдеудің дұрыстығын тексеруді жүзеге асыратыны көзделген.
Кодекстің 65-бабының 9 және 10-тармақтарына сәйкес тауарлардың кедендік құнын айқындау тауарлардың ерікті немесе жалған кедендік құнын пайдалануға негізделмеуге тиіс.
Бұл ретте тауарлардың кедендік құны және оны айқындауға қатысты мәліметтер анық, сандық тұрғыдан айқындалатын және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс.
Кодекстің 66-бабының 1-тармағында әкелінетін тауарлардың кедендік құны олармен жасалған мәміленің құны, яғни осы тауарлар үшін оларды ЕАЭО кедендік аумағына әкету үшін сату кезінде іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын және Кодекстің 67-бабына сәйкес толықтырылған баға болып табылатыны айқындалған.
Кодексінің 67-бабының 1-тармағының 7-тармқшасына сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын олармен жасалған мәміленің құны бойынша айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға мынадай қосымша есепке жазулар, оның ішінде әкелінетін тауарларға қатысты және осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға енгізілмеген мөлшерде, әкелінетін тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату шарты ретінде сатып алушы тікелей немесе жанама түрде жүргізген немесе жүргізуге тиіс роялтиді, патенттер, тауар белгілері, авторлық құқықтар үшін төлемдерді қоса алғанда, зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге ұқсас төлемдер қосылады.
Осыған ұқсас норма ЕАЭО КК-нің 40-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012.12.20 №283 шешімімен бекітілген әкелінетін тауарлармен мәміле құны бойынша тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін (1-әдіс) қолдану қағидаларының 9-тармағының ж) тармақшасында қамтылған.
Сондай-ақ, 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VII бабын қолдану туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 8-бабының (с) тармақшасына сәйкес, 1-баптың ережелеріне сәйкес кедендік құнды айқындау кезінде іс жүзінде төленген немесе төленуге тиіс бағаға бағаланатын тауарларға қатысты роялти мен лицензиялық төлемдер қосылады, егер мұндай төлемдерді сатып алушы бағаланатын тауарларды сатудың шарты ретінде тікелей немесе жанама түрде төлеуге міндетті болса және олар іс жүзінде төленген немесе төленуге тиіс бағаға енгізілмеген болса, онда мұндай роялти мен лицензиялық төлемдер кедендік құнға қосылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК) 961-бабының 1-тармағына сәйкес интеллектуалдық меншiк құқығының объектiлерi:
Сондай-ақ, ҚР АК-нің 961-бабының 3-тармағының 1 және 2-тармақшаларына сәйкес азаматтық айналымға қатысушыларды,тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулердi дараландыру құралдарына фирмалық атаулар және тауарлық белгiлер (қызмет көрсету белгiлерi) жатады.
ҚР АК-нің 125-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелеріне және оларға теңестірілген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе заңды тұлғаның өзі орындайтын жұмысының немесе қызметінің өнімдеріне (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және т.б.) ерекше құқығы танылады.
Осылайша, шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелері мен ерекше құқықтардың (интеллектуалдық меншіктің) объектісі болуы мүмкін даралану құралдарын пайдалануды үшінші тұлғалар құқық иеленушінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.
«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы №6-I Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-тармағына сәйкес Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi.
Заңның 7-бабының 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес авторлық құқық объектiлерi ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар болып табылады.
Шарттың талаптарын негізге ала отырып, сатушы («Е» компаниясы) мен сатып алушы («V» компаниясы) арасында әкелінетін тауарларды сатып алу-сату мәмілесін жасасу кезінде сатып алу-сату шарттары мен нысанасы бастапқыда белгіленгені жөн – бұл тауарлар, қызметтер, электрондық бағдарламалық қамтамасыз ету және лицензиялар.
Бұл ретте, Шартта сатушының әкелінетін тауарларға жатпайтын лицензиялық төлемдерді жеке төлеуге талабы көзделмеген, өйткені шарттың мәні сатып алушының тауарлар, көрсетілетін қызметтер, электрондық БЖ және лицензия кіретін тауарды сатып алу міндеттемесі белгіленді.
Демек, Шартта тауардың жалпы құны кiретiн сатып алу-сату мәмiлесiнiң мәнi мен құны айқындалған: әкелiнетiн жабдықтар + сатып алынған лицензиялар/БЖ, бұл әкелiнетiн тауарлармен мәмiленiң құны болып табылады (1-әдiс), оның мәнiне тауарлар, қызметтер, электрондық БЖ және лицензия кiредi.
101.04 СЕН мәліметтерін талдау көрсетілген төлемдер бойынша бейрезиденттің кірісінен КТС есептеу үшін Шарт берілгенін көрсетті, ол сондай-ақ Компания «Тауарлармен мәміле жасау кезінде жасалған шарт (келісімшарт)» ТД 44-бағанында бірінші әдісті пайдалана отырып, мәлімделген кедендік құнды растау үшін әкелінетін тауарлармен мәміле құнының негізі ретінде мәлімдеген. Демек, жоғарыда көрсетілген төлемдер Шарт бойынша әкелінетін тауарларға жатады.
«V» компания ұсынған құжаттарды ескере отырып, әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдісті (1-әдіс) пайдалана отырып, тауарлардың мәлімделген кедендік құнының дұрыстығын белгілеу мақсатында Шарт бойынша тауарлар мен қызметтер үшін ақша қозғалысына талдау жүргізілді.
Мәселен, Шарт бойынша жүргізілген салыстырмалы талдау нәтижелері бойынша «V» компаниясының атына жалпы сомасы 274,24 мың АҚШ долларына бағдарламалық қамтамасыз ету/лицензиялар және персоналды оқыту үшін 5 инвойс қойылғаны белгіленді, оның ішінде:
Екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) ұсынған мәліметтерге сәйкес қаралып отырған Шарт бойынша сатушының атына жалпы сомасы 250,66 мың АҚШ долларына лицензиялық төлемдер жүргізілді.
Банктік үзінді көшірмелерге сәйкес қаралып отырған Шарт төлем тапсырмалары мен шетел валютасындағы аударым өтініштерінде лицензиялық төлемдерді төлеу үшін негіз болып табылады.
Бағдарламалық қамтамасыз етуді соңғы алушы өндірушінің веб-сайтына жеке кабинетінде жүктеп алды, лицензияны соңғы пайдаланушы pdf-файлдағы электрондық пошта арқылы шифрланған электрондық кілт түрінде алды.
Ұсынылған бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік құжаттарына сәйкес «V» компаниясының көрсетілген БЖ/лицензиялар кіріс жүкқұжаттарына, инвойстарға және қабылдап алу-беру актілеріне сәйкес 1330 шоты бойынша кіріске алынғаны және «L» компаниясының (Қазақстан Республикасы) мекенжайына қорларды өткізуге арналған жүкқұжаттарға сәйкес 7010 шоты бойынша сатылғаны белгіленді.
Сонымен қатар, сатушы Шарт бойынша сатқан лицензиялар/БЖ тиісті модельдері мен нұсқаларын талдау осы лицензиялар/БЖ 4 ТД бойынша әкелінген жабдықтың модельдеріне жататынын көрсетті:
1) 01.11.2023ж. ТД «Жүйеаралық байланыс құрылғысы: спектрлік бөлінуі бар талшықты-оптикалық беру жүйесі, толық жиынтық» тауары;
2) 01.11.2023ж. ТД «Жүйеаралық байланыс құрылғысы: спектрлік бөлінуі бар талшықты-оптикалық беру жүйесі, толық жиынтық» тауары;
3) 09.10.2023ж. ТД «модуль» тауары;
4) 19.07.2023ж. ТД «Жабдық: жүйеаралық байланыс құрылғысы: спектрлік бөлінуі бар талшықты-оптикалық беру жүйесі, толық жиынтық» тауары.
Мәселен, мысалы 01.11.2023ж. ТД бойынша «Жүйеаралық байланыс құрылғысы: спектрлік бөлінуі бар талшықты-оптикалық беру жүйесі, толық жиынтық» деген жабдық әкелінді және құны 163,78 мың АҚШ доллары болатын әкелінетін тауарлармен (1-әдіс) жасалатын мәміле құны бойынша мәлімделді. ТД 44-бағанында мәлімделген кедендік құнды растау үшін негіздеме Шарт көрсетілді.
Сонымен бірге, тексеру барысында сатушы берген лицензияға/БЖ-ға құқықтардың – 26.12.2022ж. инвойсқа жасалған 26.12.2022ж. қабылдап алу-беру актісі бойынша екі лицензиялық модель үшін жалпы сомасы 71,51 мың АҚШ доллары 01.11.2023ж. ТД бойынша әкелінген жабдықтың моделіне жататыны белгіленді.
Сонымен қатар, 01.11.2023ж. ТД бойынша кедендік декларациялау кезінде «V» компаниясы 28.09.2023ж. инвойс бойынша 71,51 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі лицензиялық төлемдерді кедендік құнға қоспаған.
Сондай-ақ, сатушы мен сатып алушы арасындағы қарастырылып отырған Жеткізу шарты шеңберінде тауарлар мен қызметтер үшін ақша қозғалысы бойынша өзара есеп айырысуларды салыстыру актісінен бухгалтерлік үзінді көшірмелерге сәйкес жоғарыда көрсетілген 71,51 мың АҚШ доллары сомасына лицензиялық төлемдер сатушының пайдасына төлем ордері (қаражат 06.01.2023ж. есептен шығарылған) жүргізілгені және 01.11.2023ж. ТД бойынша әкелінген жабдық үшін 163,78 мың АҚШ доллары сомасына төлемдерден бөлек жүргізілгені белгіленді.
Қосымша есептеулерді кедендік құнға қоспау жолымен тауарлардың кедендік құнын дұрыс анықтамаудың ұқсас жағдайы да 3 ТД бойынша (01.11.2023ж., 09.10.2023ж.,19.07.2023ж.) анықталды.
Бұдан басқа, тексеру барысында «V» компаниясы қосымша ТД, кіріс жүкқұжаттары және 4 ТД (екеуі 01.11.2023ж., 09.10.2023ж., 19.07.2023ж.) бойынша әкелінген жабдыққа жалпы сомасы 250,66 мың АҚШ доллары болатын БЖ/лицензия төлемдері арасындағы сәйкестікті растайтын 05.03.2026ж. жазбаша түсініктеме берді.
Ереженің 7-тармағына сәйкес Лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған және бағаланатын (әкелінетін) тауарларға ақы төлеу шотынан жеке төленетін жағдайда, осы тауарлардың кедендік құнына лицензиялық төлемдерді қосу қажеттігі туралы мәселені шешу кезінде мынадай шешуші факторларды:
- лицензиялық төлемдер бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жататын-жатпайтынын;
- лицензиялық төлемдерді төлеу бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сату шарты болып табылатын-табылмайтынын назарға алу қажет екені белгіленді.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Салық кодексі) 1-бабының 1-тармағының 52-тармақшасында роялти – зияткерлік меншік объектісіне мүліктік (айрықша) құқықтарды толығымен немесе ішінара іске асыруды қоспағанда, авторлық құқықтарды, бағдарламалық қамтылымды, сызбаларды немесе модельдерді пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін; патенттерді, тауар белгілерін немесе басқа да осыған ұқсас құқық түрлерін пайдаланғаны немесе пайдалану құқығы үшін төлем екені анықталды.
Салық кодексінің 368-бабында ТД тіркелген күніне салық салу мақсатында ҚҚС салық салу объектілері анықталды:
1) салық салынатын айналым;
2) салық салынатын импорт.
Салық салынатын айналым – Салық кодексінің 373-бабына (Салық кодексінің 369-бабының 1-тармағының 2) тармақшасы) сәйкес бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қосылған құн салығын төлеуші жасайтын айналым.
Салық кодексінің 373-бабының 1-тармағында, егер осы баптың 2-тармағында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы өткізу орны болып танылатын бейрезидент өтеулі негізде орындаған жұмыстарды, көрсеткен қызметтерді қосылған құн салығын төлеуші сатып алған кезде олар Салық кодексіне сәйкес қосылған құн салығы салуға жататын, қосылған құн салығын осындай төлеушінің бейрезиденттен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша айналымы болып табылатыны белгіленді.
Салық кодексінің 373-бабының 2-тармағының 2) тармақшасында осы баптың 1-тармағында жоғарыда көрсетілген жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, егер осындай жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес айқындалатын, әкелінетін тауарларға қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес қайтаруға жатпайтын импортталатын тауарлардың кедендік құнына енгізілсе айналым болып табылмайтыны белгіленді.
Осылайша, лицензиялық төлемдер (роялти) ЕАЭО және (немесе) Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнының бір бөлігі ретінде қаралады және кедендік декларациялау кезінде тауарлардың кедендік құнына енгізілуге жатады.
Жүргізілген қосымша кедендік тексеру «V» компаниясы Шарт және 4 инвойс (06.12.2022ж., 26.12.2022ж., 01.11.2023ж., 01.11.2023ж.) негізінде 250,66 мың АҚШ доллары сомасында сатушының атына лицензиялық төлемдерді жүзеге асырды, олар Кодекстің 67-бабының 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес 4 ДТ (екеуі 01.11.2023ж., 09.10.2023ж. және 19.07.2023ж.) бойынша тауарлардың кедендік құнына енгізілуге жататыны белгіленді.
Осылайша, «V» компаниясының тауарлардың кедендік құнына 250,66 мың АҚШ доллары сомасында лицензиялық төлемдерді қоспауы бөлігінде Тексеру актісінде көрсетілген кеден органының тұжырымдары расталады, ал 23,58 мың АҚШ доллары сомасына расталмайды, осыған байланысты 25 ТД бойынша есептеу заңсыз, ал 4 ТД (екеуі 01.11.2023ж., 09.10.2023ж., 19.07.2023ж.) бойынша есептеу заңды.
Апелляциялық комиссияның шешімімен кедендік тексеру нәтижелері ішінара заңсыз деп танылды.