Меню

Страницы

Статья

КТС-Трансферттік баға белгілеу

         Даудың түрі: салық даулары

        Салық төлеушінің санаты: Заңды тұлға

        Салық түрі: корпоративтік табыс салығы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне (бұдан әрі – уәкілетті орган) ірі кәсіпкерлік субъектілері мен мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығын (бұдан әрі - КТС) есептеу туралы аумақтық Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі - салық органы) тексеру нәтижелері жөніндегі хабарламасына «С» компаниясының апелляциялық шағымы келіп түсті.

Іс материалдарынан салық органы 01.01.2020ж. мен 31.12.2021ж. аралығындағы кезең бойынша трансферттік баға белгілеу мәселелері жөнінде тақырыптық салықтық тексеру жүргізгені, оның нәтижесі бойынша 76 421,9 мың теңге сомасында КТС есептеу туралы хабарлама шығарған.

«С» компаниясы аталған хабарламамен толық көлемде келіспейді және мынадай уәждерді келтіреді.

  1. FOB Усть-Луга жеткізу шарты бойынша сақтандыру шығыстарын қайта есептеуге қатысты

Шағымда «С» компаниясы 2022 жылы E-мен 24.12.2019ж. жасалған шарт бойынша экспорттық мәміле кірісіне дифференциалға енгізілген мынадай шығыстар бойынша дербес түзету жүргізгені көрсетілген:

- Роттердам портына кеме кіру құнын алып тастау;

- Ресей Энергетика министрлігінің №1035, Ресей Көлік министрлігінің №12 15.11.2018ж. «Теміржол, автомобиль, су көлігі түрлерімен және аралас теміржол-су қатынасында тасымалдау кезінде мұнай мен мұнай өнімдерінің табиғи кему нормаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде шығындар құнын қайта есептеу;

- мұнайды тиеу/портта меншік құқығының өту күніне Brent (DTD)/Urals (RDAM) спрэді мәні;

- Refinitiv ақпараттық дереккөзі деректері бойынша сақтандыру құнын қайта есептеу.

Шағымда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 12.03.2009ж. №292 қаулысына сәйкес Refinitiv ақпараттық дереккөзі Усть-Луга портынан мұнай жеткізу кезінде USLU-INS RIC коды бойынша сақтандыру құнының 0,03 АҚШ долл./баррель мөлшеріндегі мәндерін жариялағаны атап өтілген.

Шағымда салық органы FOB Усть-Луга шарттарында жүк сақтандыру шығыстарын жүк құнының 0,03%-ы мөлшерінде қайта есептегені көрсетілген. Бұл ретте, салық органы тексеру актісінде дәл осы пайыздық мөлшерлемені қолданудың объективтілігі мен негізділігін растаған жоқ.

Шағымда жүк сақтандыру шығыстары бойынша растайтын құжаттар ретінде «С» компаниясы тексеру барысында салық органына сатып алушы болып табылатын E тұлғасы Усть-Луга порты FOB жеткізу шарты бойынша сақтандырылған Anchor Insurance Rotterdam B.V. сақтандыру полисін ұсынғаны атап өтілген.

Бұл ретте, аталған сақтандыру полисінің талаптарында мыналар көзделген:

(А) Жүктің стандартты сақтандыру жабыны ластану, араласу, түстің өзгеруі немесе өздігінен тұтану тәуекелдерін, олардың үлесіне қарамастан, қоса алғанда барлық тәуекелдерге қолданылады. Сондай-ақ онда тиеу және түсіру кезінде туындайтын құбыржол шығындары ескеріледі. Бұдан басқа, ағу, салмақтың жетіспеуі немесе кем шығу бойынша талаптарға қатысты өтемақы қарастырылған. Алайда төлемдер айырмашылық сақтанушының таңдауына қарай әрбір резервуардың көлемінің, жүктің жалпы массасының немесе әрбір коносаменттің 0,594 мөлшерінен асқан жағдайда ғана жүзеге асырылады.

(В) Толық жабынды жүк сақтандыруы қандай да бір сипаттағы барлық ықтимал тәуекелдерді, оның ішінде ластану, араласу, түстің өзгеруі мен өздігінен тұтануды, сондай-ақ олардың үлесіне қарамастан қамтиды.

Шағымда тәуекелдердің ұлғаюына байланысты Усть-Луга портынан мұнайдың танкерлік партиясын сатып алатын трейдер (сатып алушы) тасымалдау кезіндегі барлық шығындар мен тәуекелдерді толық жабумен жүк сақтандыруын қамтамасыз ететіні көрсетілген, демек жоғарыда көрсетілген сақтандыру жабынының деңгейі сатушы мен сатып алушының шаруашылық қызмет шеңберіндегі мүліктік мүдделерін қорғаудың қажетті дәрежесіне сүйене отырып таңдалған.

Салықтық тексеру актісінен трансферттік баға белгілеу туралы Қазақстан Республикасының 05.07.2008ж. №67-IV Заңын (бұдан әрі - Трансферттік баға белгілеу туралы заң) бұза отырып, FOB Усть-Луга шарттарында сақтандыру шығыстары бойынша есептеулер 0,03% мөлшерінде жүк құнының құрамында дифференциал құрамында ескерілмегені көрінеді.

Шағымды қарау барысында мыналар анықталды.

Қазақстан Республикасының 25.12.2017ж. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (25.12.2017ж. Салық кодексі) 227-бабының 1 және 5-тармақтарына сәйкес, 25.12.2017ж. Салық кодексінің 228 - 240-баптарына сәйкес жиынтық жылдық табысқа енгізілетін кірістерден, сондай-ақ 25.12.2017ж. Салық кодексінің 258-бабы 4-тармағында көрсетілген кірістерден, 25.12.2017ж. Салық кодексінің 258-бабы 1-тармағында көрсетілген шығыстар сомасынан аспайтын бөлігінде, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу кезінде туындайтын кіріс сомасы өткізуден түсетін кіріс деп танылады.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өткізуден түсетін кіріс түзетілуге жатады.

25.12.2017ж. Салық кодексінің 173-бабында салық органдары Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда мәмілелер бойынша трансферттік баға белгілеу кезінде бақылауды жүзеге асыратыны белгіленген.

Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 3-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес трансферттік баға белгілеу кезіндегі бақылау (бұдан әрі - бақылау) халықаралық іскерлік операцияларға жататын мәмілелер бойынша жүзеге асырылады.

Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 2-бабының 31) тармақшасында халықаралық іскерлік операциялар деп тауарларды сатып алу-сату жөніндегі экспорттық және (немесе) импорттық мәмілелер; тараптардың бірі тұрақты мекеме құрмай Қазақстан Республикасында қызметін жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөніндегі мәмілелер; тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөніндегі Қазақстан Республикасы резиденттерінің Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жасалған мәмілелері айқындалған.

Осылайша, тауарларды сатып алу-сату жөніндегі экспорттық және (немесе) импорттық мәмілелер халықаралық іскерлік операцияларға жатады және трансферттік баға белгілеу кезінде мемлекеттік бақылауға жатады.

Қаралып отырған жағдайда, Трансферттік баға белгілеу туралы заңға сәйкес «С» компаниясы 2020 жылы FOB Усть-Луга бағыты бойынша 186 765,7 мың АҚШ доллары сомасына 5 031 273,068 баррель мұнай экспорттаған. Экспорттық мәмілелер «Euro-Asian Oil SA» (Швейцария) компаниясымен жүзеге асырылған.

2021 жылы FOB Усть-Луга бағыты бойынша «С» компаниясының мұнай экспортының көлемі 330 105,4 мың АҚШ доллары сомасына 4 870 229,90 баррельді құрады. Экспорттық мәмілелер «E» (Сингапур) компаниясымен жүзеге асырылған.

Осы тексеру жүргізілгенге дейін «С» компаниясы 1 314 244,1 мың теңге сомасына дербес түзету жүргізген (2020 жыл үшін коносамент күніне спрэдті қолдану нәтижесінде 744 431,2 мың теңге және шығындар бойынша 129 477,3 мың теңге, 2021 жыл үшін коносамент күніне спрэдті қолдану нәтижесінде 440 335,6 мың теңге), аталған түзетулер салықтық тексеру барысында ескерілген.

Салықтық тексеру актісіне сәйкес 2021 жылдан бастап «С» компаниясы сақтандыру шығыстары құрамына толық сақтандыру жабыны түріндегі мұнайды тасымалдау кезіндегі шығындарды енгізген.

Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабы 5-тармағына сәйкес дифференциалға мыналар кіреді:

1) тиісті нарыққа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жеткізу үшін қажетті негізделген және құжатпен және (немесе) ақпарат көздерімен расталған шығыстар;

2) осы баптың 7-тармағында көрсетілген мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына әсер ететін шарттар;

3) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы.

Бұл ретте, Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 6-бабына сәйкес дифференциал құрамдастары құжатпен немесе ақпарат көздерімен расталуға тиіс.

Anchor Insurance Rotterdam B.V. сақтандыру полисіне сәйкес Қоғам сақтандыру жабынының екі түрін қолданған: 0,03% мөлшерлеме бойынша жүктің стандартты сақтандырылуы және 0,43% мөлшерлеме бойынша толық жабумен сақтандыру, бұл ретте толық жабын құрамындағы 0,40% мөлшері шығындар бойынша шығыстарды көрсетеді.

Шарттардың талаптарында жүк сақтандыру шығыстары мен тауарды тасымалдау кезіндегі жоғалтулар бойынша шығыстар дифференциалдың дербес элементтері ретінде көзделгенін ескере отырып, оларды бірыңғай сақтандыру мөлшерлемесінің құрамында жиынтық есепке алу Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабы 5-тармағы 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келмейді.

Бұл ретте, салық органы қолданған тәсілге сәйкес жүк сақтандыру шығыстары мен тауарды тасымалдау кезіндегі жоғалтулар бойынша шығыстар нарықтық бағаны айқындау кезінде бөлек есепке алынуға жатады.

Жүк сақтандыру және оны тасымалдау кезіндегі жоғалтулар бойынша шығыстар тек қана көлік және ілеспе шығыстарды есепке алмай котировкаға сүйене отырып есептелмеуі мүмкін, өйткені мұндай тәсіл партияның нақты экономикалық құнын көрсетпейді және кірісті түзету базасын бұрмалайды.

Мұнай котировкасы жеткізудің белгілі бір шарттарындағы тауардың нарықтық бағасының бағдары болып табылады және нақты мәміленің жеке параметрлерін есепке алмайды. Жүк сақтандыруы тәуекелдердің ауысу сәтіндегі партияның толық құны негізінде, оның ішінде түпкілікті бағаны қалыптастыратын көлік және өзге де шығыстарды қоса алғанда жүзеге асырылады.

Демек, 0,03% мөлшерлемені баға ақпараты көздеріндегі мұнай котировкасына емес, өткізілетін мұнайдың нақты бағасына қолдану негізді болып табылады.

Осылайша, Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабы 1-тармағына сәйкес салыстырмалы бақыланбайтын баға әдісі мәміле бағасын ұқсас (ал олар болмаған кезде - біртектес) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша салыстырмалы экономикалық жағдайлардағы бағалар диапазонын ескере отырып, тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) арналған мәміле бағасын нарықтық бағамен салыстыру жолымен қолданылады. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын айқындау кезінде осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу сәтіндегі тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағалар туралы ақпарат ескеріледі.

Жүк сақтандыру шығыстары дифференциалда 0,03% мөлшерлеме бойынша заңды түрде ескерілген, өйткені дәл осындай сақтандыру жабынының түрі (стандартты) 2020 жылы Anchor Insurance Rotterdam B.V. сақтандыру полисінде көзделген, ал 2021 жылдан бастап қолданылған толық жабумен сақтандыруға 0,40% мөлшеріндегі шығындар бойынша қосымша элемент кіреді, олар өзінің экономикалық мәні мен шарттардың талаптары бойынша жеке есепке алынады және сақтандыруға арналған бірыңғай жиынтық шығыс ретінде қарастырылмайды; бұл ретте 13-баптың 5-тармағының 1) тармақшасы дифференциалға нақты таңдалған сақтандыру жабыны түріне сәйкес келетін негізделген және құжатпен расталған шығыстарды ғана енгізуге жол береді.

Баяндалғанның негізінде дифференциал құрамында жүк құнының 0,03%-ы мөлшеріндегі сақтандыру шығыстарын айқындау бөлігіндегі салықтық тексеру нәтижелері негізді болып табылады.

  1. FOB Усть-Луга жеткізу шарты бойынша порт алымдары шығыстарын қайта есептеуге қатысты

Шағымда Ресей Федерациясындағы теңіз порттары туралы 08.11.2007ж. №261-ФЗ Федералдық заңның 19-бабына сәйкес Ресей Көлік министрлігінің 31.10.2012ж. №387 бұйрығымен Ресей Федерациясының теңіз порттарындағы порт алымдарының тізбесі бекітілгені көрсетілген. Усть-Луга портында ресейлік және шетелдік кеме иелерінен портқа кіру, порттан шығу немесе транзиттік өту үшін кеме иелері немесе олардың өкілдері төлейтін порт алымы алынады. Алым ставкалары Ресей заңнамасына сәйкес (Ресей ФСТ-сының 20.12.2007ж. №522-т/1 «Ресей Федерациясының теңіз порттарындағы порт алымдарының ставкаларын және оларды қолдану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы) белгіленеді және кеме түрі мен көрсетілетін қызметтерге қарай өзгеруі мүмкін.

Шағымда «С» компаниясы 2020 - 2021жж. әрбір танкер бойынша LS Chartering SA ұсынған коммерциялық инвойстар арқылы Усть-Луга портындағы порт алымдарының құнын растайтыны атап өтілген. Компания дифференциалға енгізген порт алымдарының нақты құны негізінен Refinitiv ақпарат көзі Eikon, Workspace платформасында жарияланған деректердің диапазонына сәйкес келеді.

Салықтық тексеру актісінен «С» компаниясының порт алымдары бойынша шығыстары Трансферттік баға белгілеу туралы заңға сәйкес 2020-2021жж. үшін Refinitiv дереккөзі деректерінің шегінде есепке алынбағаны көрінеді.

Шағымды қарау барысында мыналар анықталды.

25.12.2017ж. Салық кодексінің 227-бабы 1 және 5-тармақтарына және Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес салыстырмалы бақыланбайтын баға әдісін қолдану кезінде нарықтық баға ақпарат көздерінің деректері негізінде бағалар диапазоны ескеріле отырып айқындалады, ал мәміле бағасы дифференциал арқылы салыстырмалы экономикалық жағдайларға келтірілуге жатады.

Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 10-бабы 2-тармағына сәйкес биржалық тауарлар бойынша салық салу объектілеріне және (немесе) салық салумен байланысты объектілерге түзету, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, ақпарат көздерінде көрсетілген бағалар диапазоны мен дифференциал ескеріле отырып жүргізіледі. Биржалық тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Заңның 13-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес дифференциалға тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) тиісті нарыққа жеткізу үшін қажетті негізделген және құжатпен және (немесе) ақпарат көздерімен расталған шығыстар кіреді.

Салықтық тексеру актісіне сәйкес, FOB Усть-Луга шарттарындағы мәмілелер бойынша мұнайдың нарықтық бағасын айқындау кезінде «С» компаниясы порт алымдары бойынша шығыстарды ұсынылған бастапқы құжаттар, оның ішінде Beard Shipping Ltd. және LS Chartering SA инвойстары, сондай-ақ ресми танылған Refinitiv ақпарат көзінің деректері негізінде дифференциал құрамында есепке алған.

«С» компаниясы мәлімдеген порт алымдары бойынша нақты шығыстарды Refinitiv ақпарат көзінде жарияланған нарықтық мәндер диапазонымен салыстыру кезінде салық органы жеткізудің бірқатар түрлері бойынша нарықтық деңгейден ауытқуларды анықтаған.

Бұл жағдайда порт алымдары бойынша шығыстар Refinitiv деректері негізінде айқындалған нарықтық диапазоннан асып кеткен, осыған байланысты аталған шығыстар ресми ақпарат көзінің мәндер диапазоны шегінде кіріске тиісті түзету енгізіле отырып қабылданған.

Баяндалғанның негізінде порт алымдары бойынша шығыстарды түзету және оларды нарықтық деңгейге келтіру бөлігіндегі салықтық тексеру нәтижелері негізді болып табылады.

Апелляциялық комиссия отырысының нәтижелері бойынша шағым жасалған Мемлекеттік кірістер департаментінің тексеру нәтижелері туралы хабарламасы өзгеріссіз қалдырылсын, ал шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын деген шешім қабылданды.

Дата публикации
25 мая 2026
Дата обновления
26 мая 2026
Тип
Пайдалы ақпарат

Сейчас читают

Пайдалы ақпарат
19 октября 2026
CIT on deductions for services
Пайдалы ақпарат
19 октября 2026
КТС - сенімсіз жабдықтаушылармен өзара есеп айырысу
Пайдалы ақпарат
19 октября 2026
ҚҚС - Салық салынатын айналымның артуы

Социальные медиа

Facebook

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы