Даудың түрлері: салық даулары
Салық төлеушінің санаты: дара кәсіпкер
Салық түрі: ЖТС, ҚҚС
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен (бұдан әрі – уәкілетті орган) аумақтық Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – салық органы) салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді дұрыс есептеу және уақтылы төлеу мәселелері бойынша тексеру нәтижелері туралы хабарламасына «P» ДК-ның апелляциялық шағымы келіп түсті.
Іс материалдарынан көрінгендей, мемлекеттік кірістер органы «P» ДК-ға қатысты 01.01.2022 жылдан 30.09.2024 жылға дейінгі кезеңде салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді дұрыс есептеу және уақтылы төлеу мәселелері бойынша кешенді салықтық тексеру жүргізген, оның нәтижесінде төлем көзінен салық салынбайтын табыстардан жеке табыс салығы (ЖТС) 5 249,1 мың теңге және өсімпұл 2 196,0 мың теңге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарлар, орындалған жұмыстар және көрсетілген қызметтер бойынша қосылған құн салығы (ҚҚС) 3 914,4 мың теңге және өсімпұл 1 581,5 мың теңге сомасында есептелген.
«P» ДК тексеру нәтижелері туралы хабарламамен толық келіспейді және келесі уәждерді келтіреді.
Шағымда «P» ДК «F» ЖШС және «B» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар олардың тіркелген мекенжайы бойынша нақты орналасқан кезеңінде жүргізілгенін, сондай-ақ тауарлық-материалдық қорларды жеткізу бастапқы есепке алу құжаттарының және электрондық шот-фактуралардың толық пакетімен расталатынын көрсетеді.
«P» ДК пікірінше, контрагенттердің тіркелген жері бойынша болмауына байланысты қарсы тексерулердің тоқтатылуы шаруашылық операциялардың нақты болмағанын білдірмейді және шығыстарды шегерімнен, ҚҚС-ты есепке алудан шығару үшін дербес негіз бола алмайды.
Сондай-ақ «P» ДК салық заңнамасының, сондай-ақ «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес операциялар бастапқы құжаттармен расталуы тиіс екенін атап өтеді.
Шағымда мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сот актілерінің, сот үкімдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 25.12.2017 жылғы Салық кодексінің 120-1-бабында көзделген шектеулердің жоқ екені көрсетілген.
«P» ДК тексеру ұсынылған құжаттарды тиісті түрде зерттемей, жанама әдіспен жүргізілген деп есептейді, осыған байланысты ЖТС және ҚҚС бойынша қосымша есептеулер негізсіз деп санайды.
«P» ДК-ның уәждерін тексеріп, салық органы ұсынған материалдарды зерттей отырып, уәкілетті орган келесі қорытындыларға келді.
Қазақстан Республикасының 25.12.2017 жылғы Салық кодексінің 242-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес, салық төлеушінің табыс алуға бағытталған қызметіне байланысты шығыстары, осы бапта және 243–263-баптарда көзделген ережелерді ескере отырып, салық салынатын табысты айқындау кезінде шегерімге жатады, Салық кодексіне сәйкес шегерімге жатпайтын шығыстарды қоспағанда.
Шегерімдер салық төлеуші тарапынан нақты жүзеге асырылған шығыстар бойынша, оның табыс алуға бағытталған қызметімен байланысты және осындай шығыстарды растайтын құжаттар болған жағдайда жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының 25.12.2017 жылғы Салық кодексінің 400-бабы 1-тармағына сәйкес, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы – қосылған құн салығын төлеуші үшін есепке жатқызылатын ҚҚС сомасы ретінде, егер олар салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса және осы тармақтың 1)–4) тармақшаларында көрсетілген шарттар орындалса, алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер үшін төленуге жататын ҚҚС сомасы танылады.
ҚҚС-ты есепке жатқызудың негізі Салық кодексінің 400-бабына сәйкес шот-фактура болып табылады.
Бұл ретте, ҚҚС төлеушілер үшін міндетті құжат болып табылатын шот-фактураны жазып беру Салық кодексінің 412-бабы талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Салық кодексінің 412-бабы 12-тармағына сәйкес, шот-фактура салық төлеушінің бұйрығымен уәкілеттік берілген қызметкердің қолымен куәландырылуы мүмкін. Бұл ретте, осындай бұйрықтың көшірмесі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушылардың танысуы үшін қолжетімді болуы тиіс.
Салық кодексінің 190-бабы 2 және 3-тармақтарына сәйкес, есептік құжаттамаға бухгалтерлік құжаттама, салықтық нысандар, салықтық есеп саясаты, бастапқы есепке алу құжаттары және салықтық міндеттемелерді айқындауға негіз болатын өзге де құжаттар кіреді.
Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше көзделмесе, салық есебі бухгалтерлік есеп деректеріне негізделеді. Бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасымен айқындалады.
«Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағына сәйкес бухгалтерлік есеп операциялар мен оқиғалар туралы ақпаратты жинау, тіркеу және қорытындылау жүйесін білдіреді.
Аталған Заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес бухгалтерлік құжаттамаға бастапқы құжаттар, бухгалтерлік есеп тіркелімдері, қаржылық есептілік және есеп саясаты жатады.
Бухгалтерлік жазбалар бастапқы құжаттар негізінде жүргізіледі. Бастапқы құжаттар операция жасалған сәтте немесе ол аяқталғаннан кейін дереу рәсімделуі тиіс.
Сонымен қатар, аталған Заңның 7-бабы 3-тармағы 6) тармақшасына сәйкес бастапқы құжаттарда міндетті реквизиттер болуы тиіс, оның ішінде операцияны жүзеге асырған және оны дұрыс рәсімдеуге жауапты тұлғалардың лауазымы, тегі, аты-жөні және қолы көрсетілуі қажет.
Осылайша, салық төлеушінің шығыстары табыс алуға бағытталған қызметпен байланысты болған және тиісті құжаттармен расталған жағдайда шегерімге жатқызылуға және ҚҚС бойынша есепке алынуға тиіс.
Қарастырылып отырған жағдайда, салықтық тексеру нәтижелері бойынша 2022-2024 жылдары «F» ЖШС және «B» ЖШС-мен өзара есеп айырысуларда тауарларды сатып алу бойынша 52 491,0 мың теңге сомасында шығыстар шегерімнен және 3 302,0 мың теңге ҚҚС есепке алудан шығарылған.
«F» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар бойынша
Салықтық тексеру нәтижелері бойынша 2022 жылға «F» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар бойынша тауарларды сатып алу шығыстары 24 974,6 мың теңге сомасында шегерімнен шығарылған.
ҚР БСАЖ ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, «F» ЖШС 18.02.2020 жылдан бастап мемлекеттік кірістер органдарында тіркелген.
Негізгі қызмет түрі – нақтылауынсыз кең ассортименттегі тауарлардың көтерме саудасы.
Салықтық тексеру барысында «P» ДК тарапынан тауар жеткізуге арналған біржолғы өтінімдер, тауарды босатуға арналған жүкқұжаттар, төлем тапсырмалары ұсынылған.
Ұсынылған құжаттар мен ЭСФ ақпараттық жүйесінің деректері негізінде, тауар жеткізу шарттарына сәйкес «P» ДК 24 974,6 мың теңге сомасына тауарлар сатып алғаны анықталған.
Төлемдер қолма-қол ақшасыз тәртіпте жүргізілген.
Сонымен қатар, ЭСФ ақпараттық жүйесінің мәліметтерін талдау нәтижесінде аталған тауарлардың «F» ЖШС тарапынан «Н» ЖШС-нен сатып алынғаны, ал «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесіне сәйкес бұл тауарлар Өзбекстан Республикасынан импортталғаны анықталған.
Жоғарыда баяндалғандардан, Серіктестіктің «F» ЖШС-мен өзара есеп айырысулары тиісті құжаттармен (өтінімдер, жүкқұжаттар, ЭСФ) расталғаны, сондай-ақ тауарлардың шығу тегі анықталғаны (Өзбекстан Республикасы – «Н» ЖШС – «F» ЖШС – «P» ДК) көрінеді.
Сонымен қатар, ЭСФ деректері және шағымға қоса ұсынылған құжаттар (мемлекеттік сатып алу шарттары, тауарларды босату жүкқұжаттары) негізінде «П» ЖК аталған тауарларды кейін мемлекеттік мекемелерге, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдарға өткізгені анықталған.
Осыған байланысты, тауарларды сатып алу бойынша шығыстар 2022 жыл үшін шегерімге жатқызылуға тиіс.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, «F» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар бойынша шығыстарды шегерімнен шығару және осы бөлікте ЖТС есептеу салықтық тексеру нәтижелері бойынша негізсіз болып табылады.
«B» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар бойынша
Қарастырылып отырған жағдайда, салықтық тексеру нәтижелері бойынша 2022–2023 жылдары «B» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар бойынша тауарларды сатып алу шығыстары 27 516,5 мың теңге сомасында шегерімнен және 2022 жылғы 4-тоқсан, 2023 жылғы 1–3 тоқсандар бойынша 3 302,0 мың теңге ҚҚС есепке алудан шығарылған.
Салықтық тексеру барысында «P» ДК тарапынан тауар жеткізуге арналған біржолғы өтінімдер, тауарды босатуға арналған жүкқұжаттар, төлем тапсырмалары ұсынылған.
Ұсынылған құжаттар мен ЭСФ деректеріне сәйкес, жеткізу шарттары шеңберінде «P» ДК 27 516,5 мың теңге сомасына тауарлар сатып алған, оның ішінде ҚҚС 3 302,0 мың теңге.
Төлемдер қолма-қол ақшасыз тәртіпте жүргізілген.
ЭСФ деректерін талдау нәтижесінде аталған тауарлардың «B» ЖШС тарапынан «Н» ЖШС және «G» ЖШС-нен сатып алынғаны анықталған.
Ал «Н» ЖШС үшін екінші деңгейлі жеткізуші «G» ЖШС болып табылады, ол «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесіне сәйкес бұл тауарларды Өзбекстан Республикасынан импорттаған.
Жоғарыда баяндалғандардан, «P» ДК-ның «B» ЖШС-мен өзара есеп айырысулары тиісті құжаттармен (өтінімдер, жүкқұжаттар, ЭСФ) расталғаны, сондай-ақ тауарлардың шығу тегі анықталғаны (Өзбекстан Республикасы – «Н» ЖШС, «G» ЖШС – «B» ЖШС – «P» ДК) көрінеді.
Сонымен қатар, ЭСФ деректеріне сәйкес «P» ДК аталған тауарларды кейін мемлекеттік мекемелерге, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдарға өткізген.
Осыған байланысты, тауарларды сатып алу бойынша шығыстар 2022-2023 жылдар үшін шегерімге жатқызылуға, ал осы шығыстар бойынша ҚҚС 2022 жылғы 4-тоқсан және 2023 жылғы 1, 2, 3 тоқсандар үшін есепке алынуға тиіс.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, «B» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар бойынша шығыстарды шегерімнен және ҚҚС-ты есепке алудан шығару, сондай-ақ осы бөлікте ЖТС және ҚҚС есептеу салықтық тексеру нәтижелері бойынша негізсіз болып табылады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 18.07.2025 жылғы Салық кодексінің 193-бабы 5-тармағына сәйкес, шағымда шағым беруші өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар мен оларды растайтын дәлелдемелер көрсетілуі тиіс. Шағымға аталған мән-жайларды растайтын құжаттар және іске қатысты өзге де материалдар қоса беріледі.
Айта кету қажет, «P» ДК шағымында 2023 жылғы 4-тоқсан үшін 398,1 мың теңге және 2024 жылғы 3-тоқсан үшін 214,3 мың теңге ҚҚС-ты есепке алудан шығару бойынша уәждер келтірмеген.
Апелляциялық комиссия отырысының нәтижелері бойынша, Департаменттің тексеру нәтижелері туралы хабарламасын «F» ЖШС және «B» ЖШС-мен өзара есеп айырысулар бойынша шығыстарды шегерімнен және ҚҚС-ты есепке алудан шығару бөлігінде жою, ал қалған бөлігінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды.