Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 22 желтоқсандағы № 1225 бұйрығымен бекітілген 2021 жылға арналған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес Ішкі аудит департаменті 3 аудиторлық іс-шара жүргізді, оның ішінде:
1) Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде;
2) Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде;
3) Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде.
Аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша ішкі мемлекеттік аудит объектілерінің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта жол бермеу ұсынымдарымен анықталған бұзушылықтарды, кемшіліктерді жоюға 3 шешім жіберілді.
Объектілер кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту арқылы бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдады, жұмыстағы кемшіліктерді жою жөнінде іс-шаралар жоспарларын әзірледі.
«Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес 1 лауазымды адамға айыппұлдардың сомасы 21,9 мың теңгеге әкімшілік жаза қолданылды.
Бұзушылыққа жол берген 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, аудиторлық іс-шаралар нәтижелері бойынша ішкі аудит объектілері жұмысының тиімділігін арттыру үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп туралы заңнамасын үнемі зерделеу, қаржылық тәртіпті, оның ішінде министрліктің ведомствоішілік бұйрықтарын қатаң сақтау қажеттігі туралы ұсынымдар берілді.
Департамент объектілерде ішкі аудитті жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қолдану бойынша консультациялық және практикалық көмек көрсетеді.