
08.02.2023 ж Астана қ.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің негізгі бағыттарының бірі азаматтықпен байланысты мәселелер болып табылады.
Ұлттық заңнамада Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың екі түрі: Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың жалпыға белгіленген және жеңілдетілген (тіркеу) тәртібі көзделген.
Қарау мерзімдері тиісінше алты және үш айды құрайды.
Бұл ретте Министрлік Қазақстан азаматтығына қабылдау тәртібін жеңілдету бойынша дәйекті шаралар қабылдауда, өйткені бүгінгі күні заңнамада Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау үшін қажетті құжаттардың ең аз тізбесі көзделген.
Жыл сайын 20 мыңға жуық шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мәселесі бойынша өтініш білдіруде.
Анықтама үшін: тәуелсіздік күнінен бастап азаматтыққа - 1 140 578 азамат, оның ішінде 1 004 666 этникалық қазақ, 135 912 басқа ұлт қабылданды.
2022 жылы - 22 115 адам, оның ішінде – ҚР Президентінің Жарлығы бойынша – 1375, жеңілдетілген тәртіппен - 20 740 (қандастар - 17 676, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша (Беларусьпен, Қырғызстанмен және Ресеймен) - 1287, Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы конвенция бойынша - 1777) азаматтыққа қабылданды.
БҰҰ-ның Қазақстандағы БЖКБ Өкілдігімен және бірқатар үкіметтік емес ұйымдармен (Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы, «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы) өзара іс-қимыл жасаса отырып, 2020 жылғы қыркүйектен бастап 2022 жылғы мамыр аралығында құжаттандырылмаған және азаматтығы белгіленбеген адамдарды анқтау және тіркеу бойынша кең ауқымда акция өткізілді.
Нәтижесінде құжаттары жоқ, 8 822 азаматтығы жоқ адам анықталды, олардың ішінде 5 618 адам Қазақстан азаматтығына тиесілігін растап, жеке куәлікпен құжаттандырылды, 3 204 адам азаматтығы жоқ адам деп танылып, азаматтығы жоқ адамның куәлігімен құжаттандырылды.
Қазақстан қос азаматтықты мойындамайтын аз елдердің бірі екенін атап өту қажет. Осыған байланысты, қос азаматтық фактілерін анықтау жөніндегі жұмыс ерекше бақылауға алынған.
Осылайша, 2022 жылы азаматтық саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 138 адам елімізден тыс жерге шығарылып, қалғандарға әкімшілік айыппұл салынды.
Анықтама үшін: 5 жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3515 азамат жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3042 адамға айыппұл салынып, 473-і соттардың шешімдерімен елімізден тыс жерге шығарылды.
Ағымдағы жылы қос азаматтық фактілерін болдырмау мақсатында кейбір заңнамалық актілерге өзге азаматтықты қасақана жасырғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін түзетулер енгізу жоспарлануда.
Одан басқа, өзге азаматтықты қабылдаған жағдайда, азаматтықты жоғалтуды ресімдемеу салдарын болдырмау үшін азаматтықты жоғалтуды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының консулдық мекемелерін уақтылы хабардар ету қажет.
Бұрынғыдай, басқа елдерге шыққан және өзге азаматтықты алған Қазақстанның бұрынғы азаматтарына Қазақстанның азаматтығын жоғалтуды тіркеу үшін 30 тәулік ішінде Қазақстан Республикасының консулдық мекемесіне жүгіну қажет.
Анықтама үшін: егер Қазақстанның бұрынғы азаматы өзге азаматтықтың (қос азаматтықтың) болу фактісін жасырса, онда оның әрекеттері әкімшілік құқық бұзушылық белгілеріне жатады және ол 200 АЕК-ге дейін не болмаса Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығаруды көздейді.