Қазақстан мен Қырғызстан көші-қон саласындағы келісімге қол қойды

Қазақстан мен Қырғызстан көші-қон саласындағы  келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары барысында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Құжатқа Бішкек қаласында Қазақстанның Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Қырғыз Республикасының Мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Болотбек Ибраимжанов қол қойды.        

Келісімде тараптар мемлекеттерінің аумақтарындағы азаматтар, Қазақстан немесе Қырғызстан азаматтығына қабылданған немесе азаматтығы қалпына келтірілген адамдар туралы, оның ішінде қос азаматтық фактілерінің жолын кесу үшін мәліметтер алмасу, тәжірибе алмасу және практикалық көмек көрсету көзделеді.

Қазақстан қазірдің өзінде Өзбекстанмен, Тәжікстанмен және таяуда арада Әзірбайжан мен Беларусь елдерімен осындай келісімдер жасады. Армениямен де осындай келісімге қол қою жоспарлануда.

Аталған келісімдерге қол қою Қазақстанға заңсыз көші-қон деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді және көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірлескен жұмысты күшейтеді.