Өзбекстаннан келген 20 азамат Алматыдағы құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген

Өзбекстаннан келген 20 азамат Алматыдағы құрылыс алаңында заңсыз жұмыс істеген

Алматы қаласында тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында өткізілген “Келімсек” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында, көрші мемлекеттен заңсыз келгендер анықталды.

– Алматының Бостандық ауданында орналасқан Архат шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінің аумағында Өзбекстаннан келген құрылыс бригадасы жұмыс істеген. Олар, жұмыс берушілері сияқты, еліміздің қолданыстағы көші-қон заңнамасын бұзып, сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды және ПД-нің қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. Кейін сот шешімімен шетелдіктер Қазақстаннан шығарылады, – деді Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.

Сонымен қатар, баяндамашы, іс-шараның үш күнінде анықталған құқық бұзушылықтардың статистикасын айтып өтті.

– Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 921 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 686-сы ҚР болу ережелерін бұзған шетел азаматтары. Сот шешімімен 25 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды. Сондай-ақ, шетелдіктердің ҚР-да болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 211 қабылдаушы тарап жауапкершілікке тартылды. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 24 жұмыс беруші де жауапқа тартылды, – деп хабарлады Асхат Бутунчинов.