
Көші-қон қызметі комитетіне Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ұлтын «орыс» анасының ұлты бойынша «қазақ»-деп өзгерту мәселесін түсіндіру бойынша жүгінді.
Осы мәселе бойынша паспортта және жеке куәлікте ұлты туралы жазба ата-анасының ұлтына сәйкес жүргізілетінін түсіндіреміз. Ата-анасының ұлты әртүрлі болған кезде азамат ұлтын әкесі немесе анасы бойынша ерікті түрде таңдайды және кейіннен туу туралы куәліктің негізінде ұлтын тек басқа ата-анасының ұлтына өзгерте алады («Жеке басты куәландыратын құжаттарды (босқын куәлігінен басқа) дайындау үшін формулярдың нысанын және оны ресімдеу, толтыру, есепке алу, сақтау, тапсыру, жұмсау, жою қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 31 мамырдағы № 583 бұйрық).
Ерекше жағдайларда қуғын-сүргін кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағына күштеп көшірілген Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарында, жеке куәліктерінде ұлты туралы жазбаны өзгертуге рұқсат етіледі. Ұлтын өзгерту «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілетін ақталғаны туралы анықтаманың негізінде жүргізілетінін белгілеу қажет.
Азаматтардың паспортындағы және жеке куәлiгiндегі ұлты туралы жазбаны өзгерту жөнiндегi даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сот тәртiбiмен шешiледi.
Осылайша, азамат паспорттар мен жеке куәліктердегі ұлт туралы жазбаны өзгерту үшін жазбаша өтінішті, туу туралы куәлікті және басқа жағдайларда ақталғаны туралы анықтаманы ұсыну керек.