Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова «Water Holistic» компаниясының негізін қалаушы Михал Кравчикпен кездесті.
М.Кравчик компанияның «Жаңа су парадигмасын» іске асыру жөніндегі қызметімен таныстырып, оны Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері туралы айтып берді. Елші бұл парадигманың Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру арқылы су ресурстары саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі стратегиялық көзқарасымен үндес екенін атап өтті.
Елші «Water Holistic» компаниясының Мемлекет басшысының бастамасын қолдағаны үшін алғыс білдіріп, оның өкілдерінің сәуір айында Астанада өткен Аймақтық экологиялық саммиттің және биылғы тамыз айында Улан-Баторда өткен Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі БҰҰ конвенциясы тараптарының 17-конференциясының (COP-17) аясындағы консультацияларға белсенді қатысқанын атап көрсетті.
Тараптар «Water Holistic» компаниясының қазақстандық салалық ведомстволармен өзара іс-қимыл жасау перспективаларын талқылап, қазақстандық бастаманы ілгерілету жөнінде одан әрі ынтымақтасуға уағдаласты.
«Water Holistic s.r.o.» - жаңбыр суын басқаруға, аумақтардың су теңгерімін қалпына келтіруге, құрғақшылық пен су тасқынының алдын алуға және табиғатқа негізделген шешімдерге (nature-based solutions) маманданған словакиялық экологиялық консалтингтік компания.
Михал Кравчик - белгілі словакиялық гидролог әрі эколог, «Адамдар және су» («People and Water») ҮЕҰ негізін қалаушы, «Water Holistic s.r.o.» компаниясының тең негізін қалаушысы, 1999 жылғы Goldman Environmental Prize халықаралық экологиялық сыйлығының лауреаты. Ол жаңбыр суын ұстап қалуға, жергілікті су айналымдарын қалпына келтіруге және су ресурстарын орталықсыздандырып басқаруға негізделген «Жаңа су парадигмасы» тұжырымдамасын әзірлеп, ілгерілетуімен танымал.