GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Министрлік туралы
Баспасөз орталығы
Комитеттер
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық туралы
Все материалы
19 октября 2026
Қазақстан мен Әзербайжан Транскаспий көлік бағытының әлеуетін Жапонияда таныстырды

Токио, 2026 жылғы 19 қазан - Транскаспий халықаралық көлік бағытын (бұдан әрі — ТХКБ) дамыту және Токио мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашу арқылы Жапонияның Орталық Азиямен және Кавказбен көліктік байланысын нығайтуға арналған конференция Токиода өтті. Жапондық инвестицияларды ТХКБ инфрақұрылымына тартуға бағытталған іс-шараға Жапонияның тиісті министрліктерінің, JICA агенттігінің, ROTOBO қауымдастығының және логистикалық бизнес өкілдері кіретін 100-ге жуық тұлға қатысты.

Қазақстан Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев және Әзербайжан Елшісі Фарид Талыбов логистикалық тізбектердің тиімділігін арттыруға және халықаралық көліктік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған өз елдерінің көлік жүйелерін дамыту стратегияларын таныстырды. Өз баяндамасында Е.Баударбек-Қожатаев ағымдағы жылғы 15 қазанда Бакуде Президенттер Қ.Тоқаев пен И.Әлиевтің қатысуымен халықаралық деректер алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге және цифрлық коммуникациялардың тұрақтылығын арттыруға арналған. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің ресми түрде пайдалануға берілгенін атап өтті.

Жапония Экономика, сауда және индустрия мемлекеттік министрі Кей Такаги халықаралық көлік-логистикалық бағыттарды әртараптандыру тұрғысынан Токио үшін ТХКБ-ның стратегиялық маңызы зор екенін мәлімдеді. Ол Орталық дәлізді дамыту Жапонияның Орталық Азия мен Кавказ елдерімен сауда-экономикалық іс-қимылын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашатынына тоқтады.

Жапония Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Халықаралық логистикалық кеңсесінің директоры Миеко Коянаги қатысушыларды жапондық компаниялардың Орталық дәліз арқылы жүргізген сынақ тасымалдарының қорытындысымен таныстырды. Бұл тасымалдар бағыттың негізгі параметрлерін, соның ішінде жеткізу мерзімі мен құнын, кедендік рәсімдерден өту ерекшеліктерін және көлік-логистикалық қызмет көрсету сапасын талдауға мүмкіндік берді. Ақтау портындағы кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға Жапонияның жәрдемдесуіне ерекше назар аударылды. Құны 719 миллион иенге дейін жететін жоба жүкті тексеру уақытын үш есе қысқартуға мүмкіндік беретін портты стационарлық ірі габаритті рентген кешенімен жабдықтауды қарастырады.

Іс-шара аясында Air Astana авиакомпаниясының Корея Республикасы мен Жапония бойынша Өңірлік аға менеджері Адель Даулетбек ағымдағы жылғы желтоқсанда іске қосылатын Алматы мен Токио (Нарита әуежайы) арасындағы тұрақты тікелей рейстерге байланысты көліктік қатынасты нығайту перспективалары туралы ақпаратты ұсынды.

19 октября 2026
Қазақстан мен Болгария көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

София, 2026 жылғы 19 қазан Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев Болгарияның Көлік және коммуникациялар министрі Георги Пеевпен кездесу өткізді.

Әңгімелесушілер 2025 жылғы 20 мамырда Софияда өткен Қазақстан-Болгария экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының бесінші отырысы және 2025 жылғы 9 маусымда Болгария Президенті қызметін атқарған кезеңде Румен Радевтің Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосымша серпін бергенін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Болгария арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды. Еуропа, Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия және Қытай арасындағы жүк тасымалын қамтамасыз етудегі рөлінің артуын ескере отырып, Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (ТХКМ) дамытуға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу және халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жеке қарастырылды.

Георги Пеев Болгарияның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдарға арналған көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндіктері бар екенін атап өтіп, ТХКМ-ді дамыту мақсатында Қазақстанмен өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екенін білдірді. Министрдің пікірінше, осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту өзара сауданың өсуіне ықпал етеді.

19 октября 2026
Қазақстан Елшісі Малайзия Короліне сенім грамоталарын тапсырды

Куала-Лумпур, 2026 жылғы 19 қазан – Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мәлік Мырзалин Мәртебелі Малайзия Королі Сұлтан Ибрагимге сенім грамоталарын тапсырды. Салтанатты рәсім корольдің «Истана Негара» сарайында өтті.

Қабылдау барысында Елші Мәртебелі Корольге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, қазақ тарапының Малайзиямен достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

М. Мырзалин белсенді саяси диалогтың өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге және екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті. Елші 2027 жылы атап өтілетін дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы Қазақстан мен Малайзия арасындағы өзара іс-қимылға жаңа серпін беруге мүмкіндік туғызатынын жеткізді.

Өз кезегінде, Мәртебелі Сұлтан Ибрагим М. Мырзалинді дипломатиялық қызметіне кірісуімен құттықтап, Қазақстан Президенті мен халқына ізгі тілектерін жолдады. Мәртебелі Король Қазақстанның Малайзия үшін Орталық Азиядағы маңызды әріптес екенін атап, екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды қолдайтынын білдірді.

19 октября 2026
Бейжіңде CSCEC International компаниясымен бірлескен инфрақұрылымдық жобалар мен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

2026 жылғы 19 қазан, Бейжің – Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев «China State Construction Engineering Corporation International» (CSCEC International) компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Гао Бомен кездесу өткізді.

Тараптар құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылап, Алматы облысындағы Алатау қаласында ірі жобаны іске асыруға ерекше назар аударды.

Гао Бо жобалау және дайындық жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп, компанияның қалаларды кешенді дамыту саласындағы тәжірибесін пайдалануға дайын екенін білдірді. Атап айтқанда, ол түрлі инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру, сондай-ақ кейіннен нысандарды басқару бағыттарындағы мүмкіндіктерге тоқталды.

CSCEC International компаниясы Астана және Алматы қалаларының көлік инфрақұрылымын дамытуға, деректерді өңдеу орталықтарын салуға, сондай-ақ Қазақстанда бірлескен энергетикалық жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндігін қарастыруда.

Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Қазақстанның қытайлық инвестициялар мен озық технологияларды тартуға мүдделі екенін атап өтіп, ұсынылып отырған бастамаларды қаржыландыруды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

19 октября 2026
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Мұхтар Тілеубердіні қабылдады

2026 жылғы 19 қазан, Самарқанд - Орталық Азия елдері мен АҚШ сыртқы істер ведомстволары басшыларының «С5+1» форматындағы министрлік кездесуі аясында Самарқанд қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің қабылдауында болды.

Өзбекстан Басшысы соңғы жылдары екіжақты өзара іс-қимылдың жоғары деңгейге көтерілгенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, қазақ-өзбек стратегиялық әріптестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту мақсатында Қазақстанмен көпсалалы ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде М.Тілеуберді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.

Қазақстандық дипломат бүгінгі таңда қазақ-өзбек қарым-қатынастары халықаралық аренадағы сенімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың үлгісі болып табылатынын атап өтті. Бұған жоғары деңгейдегі тұрақты әрі сенімге негізделген саяси диалог қолғабыс етеді.

Кездесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

 
19 октября 2026
Самарқандта Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды

Самарқанд, 2026 жылғы 19 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Өзбекстан Республикасының диалогтық платформаға төрағалық ету жылында өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер ведомстволары басшылары және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысқан «С5+1» форматындағы министрлік кездесуге қатысты.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өңірлік өзара байланыстылықты нығайту және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Қазақстан СІМ басшысы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған тиімді платформа ретінде өзін танытқан «С5+1» форматының қалыптасуындағы Қазақстан мен АҚШ-тың тарихи рөлін атап өтті.

Министр сауданы кеңейтудің, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың және жеткізу тізбектерін әртараптандырудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар іс-шара қатысушылары аса маңызды минералдар, энергетика, цифрландыру және инновациялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптардың ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға дайындығын білдіретін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

19 октября 2026
Қазақстан мен АҚШ кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайту бағытын растады

Самарқанд, 2026 жылғы 19 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға баса назар аудара отырып, кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Тараптар екіжақты қатынастардың оң серпінін атап өтіп, практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге, тауар айналымын ұлғайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен 2025 жылғы қарашада өткен кездесуінің қорытындыларын қоса алғанда, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аударылды.

М. Тілеуберді іскерлік байланыстарды нығайтудың, америкалық инвестициялар мен озық технологияларды тартудың, сондай-ақ энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар Майамиде өтетін алдағы G20 саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, М. Рубио G20 саммитінен кейін жақын арада Қазақстан Республикасына толық форматтағы сапармен келуге мүдделі екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Америка кеңейтілген стратегиялық әріптестігін одан әрі нығайтуға және нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге өзара мүдделілік расталды.

18 октября 2026
Қазақстан өкілі ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары болып сайланды

Бағдад, 2026 жылғы 18 қазан – Ирак Республикасының астанасында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ИЫҰ СІМК) 52-ші сессиясы барысында Қазақстан Республикасының өкілі, Елші Бағдат Әміреев ИЫҰ Бас хатшысының әкімшілік және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары лауазымына бірауыздан сайланды. Отырыс аясында Елші Б.Әміреев ант қабылдап, ресми түрде қызметіне кірісті.

Қазақстан өкілінің БҰҰ-дан кейін мүше мемлекеттерінің саны бойынша екінші орында тұрған үкіметаралық ұйым – ИЫҰ Бас хатшылығындағы басшылық лауазымдардың біріне сайлануы Ұйымға мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімін және еліміздің көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін мойындайтынын көрсетеді. Бұл шешім Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және Ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай бірлескен бастамаларды ілгерілетуге ықпал ететін болады.

18 октября 2026
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы туралы

Душанбе, 2026 жылғы 18 қазан - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев 2026 жылғы 15-18 қазанда Душанбе қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысына қатысты.

Отырыс барысында қатысушылар ШЫҰ шеңберіндегі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелердің кең ауқымын талқылады. 2026-2027 жылдары ШЫҰ аясында аса жоғары және жоғары деңгейлерде өткізілетін іс-шаралар кестесі бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.

Атап айтқанда, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары (премьер-министрлері) кеңесінің (ҮБК) алдағы отырысына (19-20 қазан, Душанбе қ.) дайындық мәселелері қаралды. Көлік-транзиттік өзара іс-қимыл, қаржылық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Ұйымның қызметін жетілдіру мәселелері бойынша қорытынды құжаттардың жобаларына ерекше назар аударылды.

Отырыс нәтижесінде ұлттық үйлестірушілер Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттер арасындағы көпсалалы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған тетіктерінің тиімділігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды жалғастыруға уағдаласты.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

18 октября 2026
Қазақстан ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 52-ші сессиясына қатысты

Бағдад, 2026 жылғы 18 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ИЫҰ СІМК) 52-ші сессиясының жұмысына қатысты.​

​Отырыс барысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ислам әлеміндегі ахуалға, әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды, оның ішінде Палестина-Израиль қақтығысын реттеу мәселелеріне ерекше назар аударды. Қатысушылар Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуге, бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған дипломатиялық күш-жігерді жандандырудың маңыздылығын атап өтті.​

​Өз сөзінде, А.Исағалиев Қазақстанның халықаралық және өңірлік қақтығыстарды халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысы негізінде тек саяси-дипломатиялық жолмен бейбіт реттеуге бейілділігін растады. Сонымен қатар, көпжақты диалогты нығайту және бейбітшілікті, қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру қажеттігін назар аударды.

​Қазақстанның Ұйым қызметіне қатысуы тұрғысынан ядролық қаруды таратпау, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту, жасанды интеллект, цифрландыру және озық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын оңалтуды қоса алғанда, экологиялық бастамаларды ілгерілету мәселелеріне ерекше мән берілді.

​Аталған сессияның Қазақстан үшін маңызды нәтижесі Елші Бағдат Әміреевтің Ислам ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының әкімшілік және қаржы мәселелер жөніндегі орынбасары лауазымына сайлануы болды. Бұл шешім ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімінің және оның Ұйым шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін мойындауының дәлелі болып табылады.

​ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 52-ші сессиясының қорытындысы бойынша саяси, экономикалық, құқықтық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын қарарлар топтамасы қабылданды. Қазақстанның барлық бастамалары тиісті қорытынды құжаттарда көрініс тауып, ИЫҰ СІМК қарарларында бекітілді.

Социальные сети
Instagram
Twitter
Facebook
Telegram
YouTube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы